Ұры жоқ демеңіз…
Жаз басталса, қалада ұрлық та көбейеді. Бірақ, қараусыз қалған мүлікке қырғидай тиетін ұрыларға кінә да жоқ. Көп жағдайда тұрғындардың өздері бейқамдық танытады. Биыл Қарағанды қаласының аумағында 1861 мүлік қылмысы тіркелген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ерлан Есенбеков мәлімдеді.
Ұрлық орын алғанына қарамастан, Ерлан Төлеуұлы өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны азайғанын да айтады. Мәселен, биыл жеке мүлікті ұрлау 15 пайызға азайған. Одан бөлек, пәтер тонау да өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмендеген.
– Қаланың Михайлов бөлігіндегі Киров секторының аумағында кілт таңдау арқылы бірнеше рет пәтерге түскен Теміртау қаласының 30 жастағы тұрғынын Криминалдық полиция қызметкерлері ұстады. Қазір оған қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, – дейді Ерлан Есенбеков.
Полиция подполковнигі пәтер ұрлығы көп жағдай облыс орталығының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде жиі орын алатынын айтады. Себебі, құрылыс қарқынды жүріп жатқан осы бөлікте жаңа пәтер сатып алушылар жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін еш күмәнданбастан кілтті жұмыскерлерге береді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан соң құлыпты айырбастамастан, қоныстанып алады. Біраз уақыттан соң дәл осы пәтерлер тоналады.
– Әрине, жөндеу жұмыстарын жүргізетіндердің барлығы арам ойда деп айта алмаймыз, дегенмен, арасында бар. Олар пәтер иесіне білдірместен, кілттің екінші нұсқасын жасатып алады. Сондай-ақ, пәтер иелері кілттерін үшінші адамдарға береді, тіпті, ұмытшақтықтан, есікте қалдыруы да мүмкін. Одан бөлек, ешкім көрмейді деп, есік алдындағы кілемше астында, пошта жәшігінде қалдыратындар да бар, – дейді Ерлан Төлеуұлы.
Пәтер ұрлығынан сақтанудың бірден-бір жолы – пәтер иелерінің өздерінің қырағылығы. Сыртқы бақылау бейнекамераларын орнату да ұрлықтың алдын алмақ.
Ерлан Есенбеков авто-мото көлік құралдарының ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға азайғанымен, әлі де бар екеніне тоқталды. Бірақ, биылдың өзінде бес көлік жымқырып үлгерген адамдар тобы ұсталған.
– Жедел-іздестіру шарасын өткізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері қылмыстық топты ұстады. Олар көліктерді ұрлау және айдап кетумен айналысқан. Қазір қылмыскерлер уақытша ұстау изоляторында, кінәларын мойындады, – дейді Ерлан Есенбеков.
Қазір көлік иелері автокөліктерін ақылы, күзетілетін автотұрақтарда емес, көп жағдайда көшелерде, болмаса, тұрғын үйлердің аулаларында қалдырады. Сондай-ақ, қауіпсіздік жүйесінің болмауы, көшелер мен аулаларда жарықтың жеткіліксіздігі, есіктердің ашық қалуы автокөлік ұрлануының негізгі себептері.
– Бұрынғыдай емес, қазір қалада көлік саны да көп. Демек, ақылы автотұрақтар мен гараждарға деген сұраныс жоғары болса керек. Бірақ, көлік көбейгенімен, олардың саны өзгеріссіз. Оның үстіне, тұрғындар да шығындалғысы келмей, көліктерін күзетілмейтін жерде қалдыра береді. Бұл ұрыларға өте қолайлы, – дейді полиция подполковнигі.
Ұрылардың қызығушылығын арттыратын тағы бір мүлік – ол велосипед. Жыл басынан бері Қарағанды қаласының полиция басқармасына велосипеді қолды болғандардан 29 арыз түссе, оның бесеуі анықталған.
Жалпы, велосипед Қазыбек би ауданында көп ұрланады. Дәл осы ауданда биыл 29 көлік ұрланса, Әлихан Бөкейхан ауданында небары 8 велосипед қолды болған.
Велосипед, негізінен, күндіз, яғни, таңғы сағат оннан кешкі сегізге дейін ұрланады. Ұрылар кіреберістерінен, баспалдақ алаңдарынан құлыпсыз тұрған велосипедтерді алып кетеді. Мысалы, биыл баспалдақ алаңынан – 21, гараждан – 1, көшеден – 7 көлік ұрланды. Біз велосипед иелерінен құлыптарды орнату, велосипедтерді үйлердің кіреберістерінде қараусыз қалдырмау сияқты қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдауды сұраймыз, – дейді Ерлан Есенбеков.
Бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу бойынша бейнеролик әзірленіп, Қарағанды қаласының көшелерінде орнатылған жарнамалық телевизиялық баннерлерде жарияланады. Соған қарамастан, мүлкін ұрлатқандар да, ұрылар да бар.
– Қылмыскерлер бөтеннің мүлкін ұрлау үшін түрлі әдістерді қолданады. Біз, полиция қызметкерлері қоғаммен белсенді түрде жұмыс істеп, азаматтарды күдікті адамдар туралы хабарлауға шақырамыз, – дейді Ерлан Есенбеков.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz