Руханият

Руханият шырақшысы…

Әйел заты қай заманда да қоғам жүгін ермен қатар көтеріп келе жатқанына тарих-дана куә. Әсіресе, адамзат руханиятының ошағы кітапхана ісі толығымен осы нәзік жандардың мойнында. Арқадағы ақыл-ой мекенінің бірі – Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы 2021 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің «Рухани қазына» фестивалінің қорытындысымен «Үздік облыстық балалар кітапханасы» номинациясын жеңіп, 1 млн. теңгемен марапатталған. Басшылыққа тағайындалған қысқа уақыт ішінде рухани орданы осы дәрежеге жеткізген білікті басшы Баян Қуанышқызын 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әңгімеге тарттық.

– Баян Қуанышқызы, Хакім атын иеленген кітапханаға басшылық етудің жауапкершілігі қандай?

– Қарамағыңдағы қызметкерлердің көңіл күйі мен мекеменің жетістікке жетуінің арасында тікелей байланыс бар. Басшы ретінде, әрине, әрқашан көп мәселені ой елегінен өткізіп отырасың. Заман ағымына ілесе отырып, кітапхана мен кітапханашының беделін жоғары деңгейге көтеру көп еңбекті талап етеді.

Кітапхана ұжымы – бір отбасы сияқты. Ақыл айтар тәжірибелі әріптестер мен ерекше идеяларды жүзеге асыратын жастар һәм орта буын өкілдері бар. Ұжымдағы қарым-қатынас тепе-теңдігін сақтаған уақытта ғана биік белестерді бағындыруға болады. Мен үшін бұл кітапханадағы қызметім – шығармашылық ізденістерімнің жүзеге асуына мүмкіндік беретін ерекше орын.

– Кітапхананың ашылғанына аз уақыт болған жоқ. Ғимарат тарлық қылмай ма?

– Тарихи дерекке сүйенсек, кітапханамыз 1953 жылы құрылғалы бері қазіргі Бұқар жырау даңғылы 30-үйде тұр. Мұнда келіп, балалық шағын еске түсіріп, кітапхананы аралап, әлі күнге балалар үшін жұмыс істеп отырғанымызға ризашылығын білдіретін үлкендер қауымы көп.

Кітапхана арнайы салынбаған ғимаратта орналасқандықтан, әрине, тарлық етеді. Қорымызда қазақ және әлемдік балалар әдебиетінің кітаптары жинақталған. Жылына 3-3,5 мың жаңа кітап аламыз. Кітап сақтау және оқырманға тиімді жағдай жасауда ғимарат тарлығы айқын көрінеді. Әсіресе, балаларға арналған үйірмелерді, үлкен іс-шараларды өткізуде қатты сезіледі. Арнайы жиын залы және балалардың қызығушылығына сай үйірмелер мен клубтардың сабақтарын өткізетін бөлмелер болса деп армандаймыз.

– Кітапханашы мамандығы жан қалауыңыз ба?

– Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, біраз жыл оқытушы болдым. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретіп, аудармамен айналыстым. Адам өмірі кейде еркінен тыс бұрылысқа тап болатынын мен Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханаға жұмысқа келгенде сезіндім. Кітапханашы мамандығы мен үшін «уақытша» жұмыстан маңызды мәртебеге айналды. Қазір еш өкінбеймін. 2017 жылы осы кітапханаға басшы болғаннан бастап, оның қаламыздағы, облыс, республика көлеміндегі мәртебесін арттыруды мақсат етіп қойдым.

– Сырт көз кітапханашыларды «тек кітап оқып отырады» деп ойлайды. Бұған не дейсіз?

 – Иә, көпшілік солай ойлайды. Әрине, ой-өрісі кең кітапханашы оқырманға ұсыныс жасап, баланың кітап оқуға қызығушылығын оята алады. Ал ол үшін кітапханашының педагогика және психология саласындағы қабілеті болуы керек. Қазіргі кітапханашының жұмыста кітап оқуға уақыты да болмайды, кітап көрмелерін рәсімдейді, әр алуан іс-шараларға дайындалады, үйірме не клубқа жауапты болса, ол да дайындалады. Әлеуметтік желілердің дамуы да кітапханашы жұмысына өзгерістер енгізді. Ол кітап пен кітап оқуды әлеуметтік желі арқылы жарнамалап, әр түрлі посттар мен роликтер жасауы керек.

– Жалақы еңбекке сай ма?

– Мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысы елдегі ең төменгі жалақылардың қатарында екені туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы атап айтты. 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын жалақыны 20% өсіру қолға алынды. Десек те, бүгінгі бағаның өсіміне жалақымыз ілесе алмайды. Қызметкердің бар тапқаны азық-түлік пен коммуналдық қызметтерді төлеуге ғана жетеді. Демалу, саяхаттау жағы айтпаса да түсінікті…

– Жаңа түскен кітап оқырман қолына жеткенше қандай жұмыс жасалады?

– Балалар кітапханасының қорын толықтыру аса мұқияттылықты талап етеді. Яғни, бұл орайда кітаптың бала психикасына зияны болмауы – басты шарт. Жылына кітап сатып алуға 5 млн. теңге бөлінеді. Екі жыл бұрын осы сомаға үш мыңға тарта кітап алсақ, былтыр біршама аз кітап алдық.

Жасөспірімдер бізге интернеттен көрген, оқығысы келген кітабын алуға ұсыныс жасайды. Мақұлдаған кітаптарды алу жұмысы басталады. Мемлекеттік сатып алудың барлық рәсімінен өткен кітаптар кітапханаға жеткізіледі. Жаңа кітап көпшілік жұрт білмейтін бірнеше кезеңнен өтеді. Оны парақтап, мазмұнына қарай шифрлап, шекесіне арнайы қағаз желімдейді. Белгілі нөмір беріп, тиісті құжатқа ол туралы ақпарат енгізіледі. Оқырманға ыңғайлы болу үшін кітаптың мұқабасы сканерленіп, ақпараты электронды каталогқа енгізіледі. Яғни, электрондық каталог кітапхана қорымызды әлемнің барлық интернет пайдаланушыларына қолжетімді етеді. Барлық қажетті рәсім өткізілгенде ғана кітап сөреге қойылып, оқырманға жетеді.

– Шетелдік кітапханалардың қандай тәжірибесін пайдаланасыздар? Мәселен, Францияда кітапханалар 24 сағат жұмыс істейді екен.

– Әрине, алыс және жақын шетелдегі әріптестердің жетістіктерімен үнемі танысып отырамыз. Ол – алға жылжуымыздың басты шарты. Бүгінде кітапханалар ақпараттық-мәдени орталық ретінде дамып келеді. Балалар кітапханасы ата-аналар мен балалардың уақытты бірге ұтымды өткізу орны ретінде қалыптасуы қажет. Біздің барлық жұмысымыз осы бағытта болып келеді. Барлық жүзеге асырып отырған жобамыз бен идеямыз тәжірибе алмасудың нәтижесінде келді деп ойлаймын.

Әлемнің көптеген елінде кітапхана 24 сағат жұмыс істейді. Оларда кітапты қайтару не уақытша үйге алу қызметі автоматтандырылған. Яғни, арнайы құрылғы арқылы оқып болған кітапты кітапханаға түнгі сағат 3:00- де де тапсыруға болады. Бірақ, ондай құрылғылар өте қымбат тұрады.

Сонымен қатар, сессия кезінде университет кітапханалары жабылмайды. Оларда студенттер үшін кофе, шай, тәттілер тегін болады. Емтиханға дайындалатын студент кітапханада ұйықтап алуына да болады.

Жалпы, шетелде оқу мәдениеті өте дамыған. Ата-аналар балаларын міндетті түрде кітапханаға апарып, кітап оқуға баулиды. Балақай үшін кітапхана ең алғашқы әлеуметтену ортасы болып табылады. Биыл 1 наурыздан бастап, оқырмандардың сұранысымен кітапхананың жұмыс уақыты 1 сағатқа ұзартылып, сағат 19:00-ге дейін істейтін болдық. Болашақта жұмыс кестесінің тағы ұзартылуы мүмкін.

– Балалар кітапханасына балалар жиі келе ме?

– Балалар кітапханаға ата-анасымен немесе ата-әжесімен келеді. Яғни, баласы мен немересіне қажетті кітап алған үлкендер де өзінің жүрек қалауына сай әдебиет таңдай алады. Салыстырмалы түрде айтсам, соңғы 3 жылда оқырмандардың қарасы артып келеді. Соңғы 10 жылда кітапхананың оқу залдарында жұмыс істейтіндер саны азайған еді. Бүгінде оқырмандардың ол категориясы да өсіп отыр. Бұл – өте қуантарлық жай.

Қазір үлкендерге де, кішілерге де жайлы болуы үшін (жоба, үй жұмысы, ҰБТ-ға дайындық, т.б.) жылы, тыныш, интернет желісі тегін, жайлы орын қажет-ақ.

– Қобыланды батыр жырын жатқа оқудан оқушылар арасында алғаш рет байқау өткізбекші екенсіздер? – «Балам ақылды болсын десеңіз ертегі оқып беріңіз» депті Эйнштейн. «Ortalyq Qazaqstan» газетіне «Балаңыз батырлар жырын оқи ма?» деген мақала шыққанда осы мәселені зерделеп көрдік. Сөйтсек, тек мектеп бағдарламасына сай оқиды екен. Осыған орай, «Қобыланды батыр» жырын насихаттау мақсатында 12-15 жас аралығындағы оқушылар арасында мәнерлеп оқу сайысын ұйымдастыруды қолға алдық.

Сайыс балалардың тек автоматты түрде жаттамай, түсініп оқуын мақсат етеді. Сайыс 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушы «Қобыланды батыр» жыры бойынша тестілеуден өтеді. Бұл арқылы баланың тек жаттау қабілетін ғана емес, талдау, ұғыну дағдысын дамытуды көздеп отырмыз. Тестілеуден сүрінбей өткен оқушы, мәнерлеп оқу кезеңіне жолдама алады.

– Заманауи кітапхана деген не? Қазіргі кітапханалар несімен ерекше? Не өзгерген? Қосымша қандай қызметтер алуға болады?

– Заманауи кітапхана – бұл ақпараттық-мәдени орталық. Ал, балалар кітапханасы – соған қосымша ретінде балалар мен ата-аналарының бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасайтын бірегей мәдени орда.

Биыл 70 жылдығын атап өткелі отырған біздің кітапхана балалардың рухани даму орталығына айналған. Балалар әдебиетінің жауһарлары жинақталған облыстағы бірегей кітапханамыз.

Соңғы үш жылда көптеген жоба жүзеге асты. Мысалы, 2017 жылдан бастап қолға алынған «Жетістік формуласы» жобасы жеткіншектердің өмірлік ұстанымын дұрыс қалыптастыруды мақсат етіп, танымал адамдармен кездесу арқылы диалог алаңын ұйымдастырып отырды. «Балалар, Сіздер үшін жазамыз» жобасы аясында Б.Әлімжанов, Т.Әбдірайым, С.Досжан, Е.Клепикова және т.б. жазушылармен тартымды кездесулер өтті.

Кітапхананың «кітап мерзімін онлайн ұзарту», «виртуалды анықтама», «онлайн қабылдау бөлімі» электрондық қызметтері уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.

– Сөз соңында тілегіңіз және әйелдер қауымы оқуы тиіс 5 кітапты атасаңыз.

– Әйелдер қауымына «жүректеріңіздегі жылуды өшіріп алмаңыздар» дегім келеді. Отбасы бақыты – өз қолыңызда, бала-шағаңыздың берекесі әйел ақылымен жиналып, көбейеді. Өмірлік жиғаныңыз ақыл мен парасат болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу үшін мықты денсаулық тілеймін!

Әйелдер қазақ ауыз әдебиетінің ғасырлар елегінен өтіп, бізге жеткен ертегілер, жаңылтпаштар, аңыздары мен жырларын, Абайдың «Қара сөздерін», «Әлдиден эпосқа дейін» жинағын, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романын, С.Бақбергеновтің «Бөрте – Шыңғысхан жұбайы» кітабын, С.Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» романын оқып шықса екен.

– Сұхбатыңызға рахмет. Мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button