Тұлға

Рух жанартауы

Батырлық – табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңдіөзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі. Көзі тірісінде аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы ерлігімен көзге түскен. Елен Әлімжан: «Оның даңқы 1941 жылдың қараша-желтоқсанындағы Мәскеу түбіндегі шайқастарда шықты. Сол кездің өзінде-ақ майдан газеттері, КСРО-ның орталық басылымдары, әсіресе, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары өз батальонымен небір қиын тапсырмаларды орындаған алғы шеп командирінің таланты мен ерлігін жабыла жазып жатты… Майдан шебінде Бауыржан Момышұлынан даңқы асқан батальон командирі болған жоқ», – дейді. Даңқты қолбасшы сарбаздардың елі үшін шыбын жанын қиятын ерлігін ерекше бағалай білген. Оның қатардағы жауынгерлер жайында айтқан нақылға бергісіз сөздері халықтың есінде мәңгіге қалмақ.

Бауыржан Момышұлы еліміздің ерлік туын жоғары ұстап, қандай қаһарман халық екенімізді, патриоттық асқақ рухтың қандай болуы керек екенін адамзат алдында дәлелдеген ұлттық батырларымыздың бірі. Ол кісінің: «Бірінші жеңіс – солдаттардың командиріне бағынуы, екінші жеңіс – командирдің сарбаздарын бағындыра білуі» – деген тұжырымы қандай терең?! Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы ғана емес, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, мейірман тәрбиешісі де бола білген. Соғыс аяқталғанға дейін батальонды, полкті, ал соғыс аяқталғаннан кейін дивизияны басқарған. Жоғарғы Әскери академияны бітіріп, сонда ұстаздық еткен. Кейін біржола шығармашылық еңбекпен шұғылданып, қарудың орнына қалам алған. Бауыржан атамыз сияқты өмірі өнегелі істерге толы қасиетті тұлғаны жете біліп, оларды мәңгі есте сақтау – біздің қасиетті борышымыз. Осыны ұмытпайық, жас ұрпақ!

Талғат ЕРІМБЕТОВ, жалпы білім беретін №8 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі. БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button