Абай

Өрт қауіпсіздігі – өзекті мәселе

Биыл жылу беру науқанының кезеңінің басынан Абай ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, жергілікті атқарушы органдары мен полиция қызметкерлері және «Жастар Альянс» волонтерлері ауданның 11 елдімекенін аралап шықты. Шарада 3762 аула мен ондағы 4940 тұрғын қамтылды. Профилактикалық жұмыс барысында Дубовка және Жартас ауылдарында демеушілік қаражаты есебінен көміртегі тотығын анықтайтын детекторлар орнатылды.

Сонымен қатар, өрттің алдын алу мақсатында тұрғындарға жеке үй шаруашылықтары мен оған іргелес аумақтарда өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау тақырыбында профилактикалық әңгіме жүргізілді. Жұртшылықпен әңгімелесу барысында қызметкерлер өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелерін түсіндірді. Әсіресе, ашық отты қолданғанда және электр құрылғыларын пайдаланғанда өте сақ болып, қырағылық таныту керектігін ескертті.

Олар басталған өртті сөндіру тәсілдері, өрт кезіндегі іс-қимылдар туралы нақты кеңестер берді. Тұрғындарға 101 және 112 телефондары арқылы хабар беру ақысыз екендігі және бұл қызметтерге телефонда бірлік болмаса да қоңырау шалуға болатынын ескертті. Кездесу соңында өрт қауіпсіздігі тақырыбында арнайы парақшалар таратылды. Сондай-ақ, тұрғындар жылыту пешінің жұмысына қойылатын талаптар туралы ақпарат алды.

Мысалы, пеш пен мұржалары тексеріліп, мұржалар күйе мен шаң-тозаңынан 2 айда бір рет тазартылуы тиіс. Мұржаға керамикалық, асбестоцементті және металл құбырларды, сондай-ақ силикат кірпіштерін пайдалануға жол берілмейді. Өйткені, бұл – өрт қауіпсіздігі ережесіне қайшы.

– Былтыр көмекке мұқтаж отбасылардың үйіне 135 датчик орнатсақ, биыл 15 данасын қойдық. Дубовка кентіне – 10, Жартас ауылына – 5. Қаржы – демеушілердікі. Сонымен қатар, пешке от жағу кезінде жанармай құймау, қасында жанғыш заттарды сақтамау, киімдерді кептірмеу, түтін мұржаларын уақытылы тазалау сынды негізгі ережелерді егжей-тегжейлі түсіндірдік. Егер, мұржа бітіп қалса, түтін далаға шықпай, улы газ бөлініп, үйдің ішіне кетеді. Одан уланып қалу әбден мүмкін. Орнатып жатқан датчиктер осындай улы газ шыққанда, белгі береді, – деді Абай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Әсет Әшімов.

Иә, шынында осындай қарапайым ережені сақтамаудың кесірінен түрлі қайғылы жағдай орын алып жатады.

– Газ баллон сатып алғанда, түбіртек сұрау керек. Өйткені, ол бірдеңесі дұрыс болмаса, ауыстыруға немесе ақшаны қайтарып алу үшін қажет. Кей азаматтар ақшасы мен уақытын үнемдегісі келіп, газ баллонды аузы-мұрынан шығарып толтырады. Ереже бойынша, 15% бос орын қалуы тиіс. Өйткені, баллонның қысымы көтерілгенде бос орын болса, жарылу қаупі болмайды. Редуктордың да артық газды жіберетін тетікшесі барын сатып алып, уақытылы ауыстырып тұрған жөн. Баллонды алып келгенде, бірден қосып тексеру – өте қауіпті. Шамалы тұру керек және жылыту құралдарының жанына қоюға мүлдем болмайды, – деді Әсет Талғатбекұлы.

Өрт қауіпсіздігі қашан да өзекті мәселе. Мұны Абай ауданының атқамінерлері мен осы саланың мамандары жете түсініп, іске көшкен.

Жәлел ШАЛҚАР.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button