Басты тақырып

Ұрпақтар ұмытпайтын ұлы парыз

    Қарағанды қаласының тұрғындары және қала қонақтары Ұлы Отан соғысының 72 жылдығы – Жеңіс күнін салтанатты түрде атап өтті. Жиынға қатысқан облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ шаһар тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.

Осыдан 72 жыл бұрын миллиондаған боздақтардың қайраты мен рухының арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткіздік. Ардагерлердің ерлігімен мемлекетіміз, жеріміз, шекарамыз сақталды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойған Елбасы: «Біз – жеңімпаз әкелердің бақытты ұрпағымыз. Жеңімпаз майдангерлерге құрмет көрсету – біздің парызымыз» деп ерекше атап өтті. Қымбатты ардагерлер, келешек ұрпақ Сіздердің ерліктеріңізді үлгі тұтып, үлкен құрметпен қарайды. Ерліктеріңіз жарқырап, жаңғыра бермек. Бейбіт өмір сыйлаған Сіздерді мақтан тұтамыз, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы 6,5 мыңнан астам жерлестеріміздің асқан ерлік пен қаһармандық жолындағы ерлігі үшін медальдарымен марапатталғанын тілге тиек етті.

«Қаһарман ұлт – жаужүрек полк» ұлттық акциясы аясында мыңдаған қарағандылықтар майдангерлер рухына тағзым етті. Қарағандылықтар Ленинград үшін шайқасты. Мәскеу мен Сталинград қақпаларында тұрды. Белоруссия, Украина сондай-ақ, Еуропа, Балтық елдерін азат ету жолында қан төкті. Саябақтағы «Мәңгілік алау» жанында Нұркен Әбдіров, Maртбек Мамыраев, Мүтәш Сүлейменов, Федор Ульянин, Владимир Бреусов сынды көптеген батырлардың есімдері жазылған, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты шарада Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен тыл еңбеккерлеріне арнайы шатыр орнатылды. Бұл жерде облыс әкімі 40 ардагерді құттықтады. Біршама ардагермен Жеңіс саябағындағы салтанатты шатырда кездессе, кейбір қарияларды аймақ басшысы үйді-үйіне арнайы барып құттықтады.

Жиналғандар Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды үнсіздікпен еске алды. Осы орайда айта кеткен жөн, облыстық Ардагерлер кеңесінің мәліметінше, бүгінгі таңда Жеңіс күнін аймағымыз бойынша, Ұлы Отан соғысына қатысқан 184 ардагер мен мүгедектер қарсы алды. Ең қарт ардагер – 98 жаста. Сондай-ақ, облысымызда 13 мыңнан астам тыл еңбеккерлері тұрады.

Салтанатты шараға қатысқан 95 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Бүркіт Есжанов жастарға Ұлы Жеңіс тарихымыздың бір бөлігі екенін атап, тарихты дәріптеуді ескертті. «Бүгінгі күні немістерді жеңіп, Ұлы Жеңістің 72 жылдығын тойлап отырмыз. Жастар, мемлекетіміздің гүлденуі жолында әрдайым ұйымшыл болуларың керек. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ, бұл жолда батырлар жан аямай соғысты. Біздің ұлы Армияға және жеңімпаздарға рахмет», – деді ардагер.

Мерекелік шара салтанатты шеруге жалғасты. Сондай-ақ, Қарағанды горнизонының әскерилері алаңда шеру маршын орындады. Қала тұрғындары «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қойды.

«Қаһарман ұлт – жаужүрек полк» шеруі аясында 15 мыңға жуық қарағандылық Ұлы Отан соғысына қатысқан туған-туыстарының суреттері мен олардың есімдері жазылған тақтайшаларын алып жүрді. «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қойды. Шеруге қатысушылардың көбісі есімдер жазылған тақтайшадағы майдангер туыстары жайлы әңгімеледі. Қатысушылардың бірі – Зейнулла Үсіпов суреттегі әкесі Үсіпов Шайманды еске алатынын айтты. «Әкем әскери міндетін атқарып жүргенде соғыс басталды. Сосын майданға алып кетті. Белорус майданында шайқасты. Ұрыс жолында Берлинге дейін жеткен. Біз жеңістің оңай келмегенін білеміз. Сондықтан, майдангерлеріміздің ұрыс жолындағы көрсеткен ерлігін мақтан етіп, құрметтейміз. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз аталарының майдан даласындағы ерлігі, батырлығы жайлы жақсы біледі. Ұрпақ ұлы мақсат жолындағы батырлар ерлігін ұмытпауы тиіс», – дейді.

Сондай-ақ, шаһар тұрғындары мерекенің құрметіне безендірілген 300-ге тарта көліктің автожарысын тамашалады. Дәстүрлі шарада жастар әскери киім киіп, Жеңіс күнінің әндерін шырқады.

Аяулым СОВЕТ

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button