Роза Мұқанова: “Ұлттық құрылтай – қоғамның дауысын еститін ашық алаң”
Жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Мұқанова Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелерге қатысты пікір білдірді. Ол Ұлттық құрылтай, бір жағынан есеп беруші, тағы бір жағынан болашақтағы ел дамуы жоспарын белгілеуші әрі халықтың дауысын еститін алаң іспетті екенін айтады, деп хабарлайды “Ortalyq.kz” Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.

“Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының қаржыгер-экономистерге қарата айтқан сөздері дұрыс болды деп ойлаймын. “Қандай шаралардың қолға алып жатқандығын, қандай реформалардың атқарылып жатқандығын халыққа түсінікті тілде жеткізулеріңіз керек”, – деді. Мұны алдындағы бизнес өкілдерімен кездесуі кезінде де банк қызметкерлеріне, қаржыгерлерге де ескерткен еді. Мемлекеттің алдында қойылып отырған үлкен істердің қалай атқарылып жатқандығы жөнінде халық осындай құрылтай секілді ашық алаңдардан біліп, құлағдар болып отырады. Расында да елде жасалып жатқан реформалар халыққа түсінікті тілде жеткізілуі керек. Халық бәрінен хабардар болып отыруы тиіс”, – дейді Роза Мұқанова.
Сонымен қатар жазушы биыл Абайдың 180 жылдығына байланысты шетелдерде Абай орталығының, Абай мәдени орталықтарының ашылуы жөнінде Ұлттық құрылтайда Президенттің айтқаны көңілге өте қонымды болғанын айтады.
“Бұл біздің көптен күтіп жүрген, ойда әлдилеген арманымыз еді. Өйткені ол – ұлт мәдениеті, ұлт руханияты мәселесі. Рухани орталықтың салынуы басқа мемлекеттерде жүрген отандастарымыз, елден жырақта жүрген жастарымыз үшін де аса керек дүние. Бұл үлкен мәдени байланысымыздан, тарихымыздан оқшауланып қалмаудың бір жолы деп ойлаймын. Бұған Мемлекет басшысы Отандастар қорының Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, осы орталықтарды ашуға ат салысуын, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің араласуына мүмкіндік беретінін айтты. Бұл қазақ руханияты үшін өзекті әрі болжамды дүние деп ойлаймын”, – дейді жазушы.
Сондай-ақ ол Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының ұлттық бірегейлікті нығайту жайына басымдық беріп, театр өнерінің көрсеткіштері артып келе жатқанына да тоқталғанын атап өтті.
“Бұл қуанарлық жағдай. Аталған салада, әрине атқарылатын істер көп. Дегенмен соңғы бес жылда алыс аймақтардағы, алыс өлкелердегі халықтық театрларға жан біте бастады. Қазір алыс аудандарда облыс тетарларына арнайы ат арылтып келе алмайтын халық бар. Сондықтан шалғай аймақтардағы халықтық театрларды жандандыру, шынымен де дұрыс бағаланатын дүние. Бұған біздің актерларымыз, өнер адамдарымыз мұрындық болып отыр. Әрине, театр репертуарының жаңаруы, заман талабына сай болуы керек. Өйткені жаңа толқын, жаңа ұрпақ, жаңа көрермен келіп жатыр. Сондықтан биік деңгейдегі өнердің талғамымен әлемдік деңгейге қарай театрдың бағыт-бағдарын өзгерту керек екенін де түсініп жатырмыз. Жалпы, Мемлекет басшысы мәдениетке көңіл бөліп отыр. Ұлттық құрылтайда кинотеатрлардағы жағдайға да баса назар аударылды. Кинолардың мән-мағынасына, сюжетіне аса көңіл бөлу керегін баса айтты. Себебі, бұл ретте тек қаржы табуға құнығып, арзанқол, жеңіл-желпі дүниелер насихатына әуестенуге жол бермеу қажет. Бүгінгі жас ұрпақ қандай фильмдер көріп жатыр? Біз бұзақылық, зорлық-зомбылық насихатынан көрермендерді сақтандыра білуіміз керек. Мұндай фильмдерді, керек десеңіз, мемлекет тарапынан сүзгіден өткізіп, жасөспірімдерді, балаларды қорғау қажет”, – дейді ол.
Жазушы сөз соңында Ұлттық құрылтайда көптің көкейіндегі, елді толғандырып отырған дүниелердің барлығы айтылып, ашық алаңда әділетті түрде халыққа түсінікті тілде ортаға салынғанын, мұның өзіне ұнағанын айтады.
“Осындайда көптің дауысын ашық естуге болады. Ешқандай бүркелемеу деген жоқ. Халық өзінің естігісі келетін дүниесін зиялы қауым арқылы, депутаттар арқылы ортаға салуда. Көптеген мәселе осы құрылтайда шешімін тауып жатқанының куәсі болдық. Менің ойымша, бұл жаңа форматта атқарылып отырған іс”, – дейді жазушы Роза Мұқанова.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.