Құрметті «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы!
Сіздерді қойнауы ырыс, жайлауы тыныс, өрісті, өндірісті өлкенің бас басылымы, сандаған жылдар бойы аймақ өмірі, тыныс-тіршілігінің тамыршысы болып келе жатқан жылдар жылнамашысы «Орталық Қазақстан» газетінің 85 жылдық торқалы тойымен шын жүректен құттықтаймын!
Бастау көзінде Ғ.Мұстафин, Ә.Әбішев, С.Ерубаев сынды қазақ көркем сөзінің қарқаралары тұрған киелі шаңырақ содан берідегі мерзім ішінде халқымыздың соқтықпалы-соқпақты тағдыр-тарихымен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқаны белгілі.
Газет қашанда ел өмірінде болып жатқан әрбір оқиғаға уақытылы үн қосып отырды. Алғашқы бесжылдықтар, коллективтендіру, индустрияландыру, одан кейінгі сұрапыл соғыс жылдары, майдандағы ерлік пен тылдағы ерен еңбек, ел еңсесін көтерген 50-ші жылдар, тың және тыңайған жерлерді игеру, тіпті, берідегі егемен ел атанып, тәуелсіздік тұғырына орныққан кейінгі санадағы сілкіністер, тағы басқа оң өзгерістер.
Құрметті Мағауия Сланбекұлы!
Сізді, Сіз арқылы барша редакция ұжымын бүгінгі мерейлі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бірлік-береке тілейміз. Қашанда ойларыңыз ұшқыр, қаламдарыңыз үшкір болсын!
Р.ӘБДІКЕРОВ
облыстық мәслихаттың хатшысы.