Жаңалықтар

Құрметті облыс тұрғындары! Қымбатты жерлестер!

   Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығында Қарағанды облысы өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Ел Тәуелсіздігінің нығаю тарихы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Дәл осы жерде, Қарағанды жерінде, Ұлт көшбасшысы өзінің еңбек және саяси өмір жолын бастады. Президентіміз Қазақстанның индустриялық жүрегіне және оның тұрғындарына ерекше құрметпен қарайды.

Біздің өлке – ерекше бай, тарихи жаңалықтарға толы өлке.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қазақ халқының бірігуі Тәуелсіздікке қол жеткізуіміз жолындағы алтын бесік – Ұлытау жерінен бастау алады.

Сарыарқа жері әрдайым дарынды тумаларымен даңқты. Қарағанды облысы талантты әншілердің, ақындардың, жазушылардың, тарихи және саяси қайраткерлердің Отаны болып табылады.

Облыстың құрмет кітабына ұлы би, дипломат, ұлы ойшыл, дарынды шешен Қаздауысты Қазыбектің, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың, Бұқар жыраудың, Тәттімбеттің, Сәкен Сейфуллиннің, Қали Байжановтың, Күләш Байсейітованың, Ғабиден Мұстафиннің, ғалым-геолог, академик Қаныш Сәтбаевтың, Кеңес Одағының Батырлары – Нұркен Әбдіров пен Мартбек Мамыраевтың, Социалистік Еңбек Ері Түсіп Күзембаевтың, Қазақстан Республикасының Тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің, боксшылар, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері – Серік Сәпиев пен Геннадий Головкиннің және басқа да тұлғалардың есімдері алтын әріппен жазылды.

Ұлы Отан соғысы жылдары енді ғана аяққа тұрған өңір үшін үлкен сын болды. Қарағанды облысы майдан даласына 45 мың тұрғынын аттандырды. Қарағандылықтар Мәскеу, Ленинград және Сталинград түбіндегі шайқастарда ерлік көрсетті. Белоруссияны, Украинаны, Молдавияны және Балтық жағалауы елдерін жаудан азат ету шайқастарына қатысты. 6587 қарағандылық майдандағы ерліктері үшін ордендермен және медальдармен наградталды.

Соғыс жылдарында Қарағанды СССР-дың негізгі көмір базаларының біріне саналды.

Соғыстан кейінгі жылдары облыс экономикасының ілгерілеуіне Қарағанды металлургиялық комбинаты мұрындық болды. 1960 жылдың 3 шілдесінде зауыт қазақстандық алғашқы шойынды балқытты. Содан бергі уақытта өндіріс көкжиегі кеңейіп келеді. Тәуелсіздік жылдарының өзінде біздің өңір өндірісі қарқынды дамуын жоғалтқан емес.

Көмір өнеркәсібі де даму жолына түсті. 1946-1950 жылдары 17 ірі шахта іске қосылды. Ал, 1951 жылдан бастап Саран, Тентек (қазіргі Шахтинск), Шерубайнұра және Шахандағы көмір кеніштерін игеру қолға алынды.

Түсті металлургияның дамуы да қарқынға ие. Жезқазған кен-металлургиялық комбинаты 1958 жылы құрылды. Оның құрамына мыс қорыту зауыты, 11 шахта, 4 кеніш, 3 кен байыту фабрикасы және бірнеше кешен енді. Нәтижесінде, комбинат СССР түсті металлургиясының көшбасшысына айналды.

1958 жылы Балқаш мыс қорыту зауыты және оның құрамына енген түсті металдар зауытының, Қоңырат және Гүлшат қорғасын-цинк кеніштері базасында Балқаш кен-металлургиялық зауыты құрылды. 1967 жылы Лондондағы Бүкіләлемдік түсті металдар көрмесінде Балқаш мысы 99,99% таза өнім ретінде әлемдегі үздік сапалы мыс болып танылды.

Ауылды жерлерді дамытуға тың жерлерді игеру ісі серпін берді. 1958 жылға дейін өңірде 1 млн. 232 гектар жер игеріліп, 16 ірі тың кеңшарлары құрылды.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қарағанды ғарыш айлағы ретінде ерекшеленді. Байқоңырдан көптеген ғарыш кемелері ұшырылды.

Ал, алпысыншы жылдардың соңына қарай Қарағанды облысы өзін, тек, кеншілер астанасы ретінде ғана емес, мәдени және ғылым орталығы ретінде танытты.

Біздің өңір – елдегі полиэтникалық өңірлердің бірі. 100-ден астам ұлт өкілдері киелі Сарыарқа жерінде тату-тәтті өмір сүруде.

Қарағанды облысы өзінің 80 жылдық мерейтойын Қазақстанның индустриялық және технологиялық саладағы көшбасшысы ретінде қарсы алуда.

Осы жерде қазақстандық барлық кокс көмірі, қара металл және болат өнімдері, отандық мыстың 90%-ы және металл кремниінің 100%-ы өндіріледі. Біз – өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігінің және елдегі шикізаттық емес өнім экспортының көлемі бойынша көшбасшысымыз.

Өңірде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Бұл сала 80 жылдық мерейтой қарсаңында дәнді дақылдардың миллион тоннасын жинап, ерекше сыйлық жасады.

Бұл күні Қарағанды облысы – өнеркәсіптің түрлі салалары, өмірдің өзекті мәселелері өз түйінін табатын, жолдар жөнделіп, әлеуметтік инфрақұрылым мен қызмет көрсету салалары жыл санап дамып келе жатқан өңір.

Қымбатты достар!

Сіздерді Қарағанды облысының 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз!

Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, бақуатты өмір, бақыт пен туған жеріміздегі бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ,

Қарағанды облысының әкімі.

Рысқали ӘБДІКЕРОВ,

облыстық мәслихаттың хатшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button