"Балбөбек"

Құрметті «Балбөбек» қосымшасының оқырмандары!

Алдағы уақытта өздерің үшін жазушылар шығармашылығынан үзінді әңгімелер жариялап отырамыз. Қазақ қайраткерлерінің мұрасы келешек ұрпақтың әрдайым назарында болуы керек.

Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхан аталарың тек мемлекет ісін дөңгелеткен ұлы реформатор ғана емес, ғылымның әр саласын меңгерген тұлға.  Анкетасына мамандығым – журналист деп жазады. Көсемсөзші ел мен жердің ертеңі жайлы қалам тербегенде балаларға арнап шығарма жазуды ұмытпаған. Соның бірі – «Ақымақ қасқыр» әңгімесі.

РЕДАКЦИЯДАН.

 

АҚЫМАҚ ҚАСҚЫР

Бір қой жырада оттай-оттай қоралы қойдан жырылып қала берсе, бір қасқыр шидің ішінен шыға келіп:

– Жерік асым, қайдан жүрсің? Мен сені жеймін! – дейді.

Қой:

– Жейтін болсаң ажалым жеткені: бірақ өзің де мал танитын атаның баласы едің, көзің көріп тұр, қарны қампиған, бұты тылтиған, аузында тісі жоқ, бір жұлар еті жоқ, жасық, шандыр мені қайтесің? Қай атаңның асы еді?! Тәтті, жұмсақты сен жемегенде, кім жейді? Мені босатшы, мен қоралы қойға қайтайын, қозымды саған әкеліп тартайын, – дейді.

Қасқыр тамсанып қап:

– Жарайды, – деді.

Қой кетті.

Күні бүгінге дейін қасқырға қозысын әкеліп тартқан жоқ. Қасқыр әлі де, қой не өтірік алдай білсін? Ешкіден болды-ау! – деп тұрып-тұрып, күтіп-күтіп, қой келмеген соң, жорта жөнеледі.

Бір белестен басбағып сығалап жіберсе: қарсы алдында иек артпада бір ешкі қызылшаны күрт-күрт шайнап тұр. Қоралы қой да, қойшы да жырақта көрінеді.

Қасқыр «құдай құлын өлтірсін бе!» – деп ешкіні мойынынан ұстай алды.

Ешкі: Еңк! – деп қалды да:

– Атаң жақсы, анаң жақсы еді. Қой тұрғанда қай қасқыр ешкі жеуші еді? Тағы да мұны да білші: мен жабайы ешкінің бірі емеспін, тойда билеп торқа киген ешкімін, – деп зулады.

Қасқыр:

–  Ешкі тойда биледіні естіген емен, көрсетші, билегеніңді көрейін! – деді де ешкіні босатып.

– Қаны? – деп қарап тұрды.

Ешкі:

– Көз жазбай аяғыма қарап тұр! – деді де ырғытып, секіртіп, қасқыр көргендегі аттанын сала пысқырып жөнеліп барып қойға қосылып, қойды үркітті, қойшы шауып қасқырды көріп, қуып тастап, сақ болып алды.

Әлихан БӨКЕЙХАН

«Балаларға тарту» («Жаңа мектеп» журналының

1926 жылғы 6 санына ақысыз қосымша). Қызылорда.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button