Қарағанды

Құрметті қарағандылықтар және қала қонақтары!

Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз! Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына, міне, жиырма алты жыл толып отыр. Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Қазақстан үшін ХХI ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы. Біздің стратегиялық міндетіміз, біріншіден, тұрғындар өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеру.

Мемлекет басшысының көрегендігі мен дер кезінде жүзеге асырылған саяси экономикалық реформалардың нәтижесінде, экономикасын түзеп, тығырықтан шықты.

Алтай мен Атыраудың, Сырдария мен Есілдің арасындағы еліміздің жылнамасы алтын әріппен жазылған ардақты күн. Жер бетінде мыңдаған ұлыстар мен ұлттар бар, біз – дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Адам басына бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білудің жөні – бір бөлек.

26 жыл ішінде жеткен жетістіктердің маңыздылығын бағалай отырып, біз болашаққа сеніммен қарай аламыз. Елбасымыздың сындарлы саясатының нәтижесінде, біздің еліміз осындай аз уақыт ішінде құрметке ие, жетістіктерін танитын, сөзіне құлақ салатын мемлекетке айналды.

Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап Қазақстан жаһанның 130 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты. Бұл бағытта біздің ел сыртқы саясаттағы белсенділігімен, тепе-теңдікке ұмтылысымен, прагматизмділігімен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен, көпжақты ынтымақ орнатуға деген ықыласымен биік беделге ие болды. Әрі елі мен жері тыныш мемлекетке инвесторлардың да ағылатыны заңдылық. Қаржысы мол елдер мен ірі трансұлттық корпорациялардың Қазақстанға бүйрегін бұрып тұратыны содан.

Дербес ел атанғалы Қарағанды қаласының мемлекетіміздің дамуына қосқан үлесі зор. Өнеркәсіп, білім беру, медицина, әлеуметтік сала болсын, алға ұмтылып келеміз. Қазақстан бойынша Қарағанды даму тұрғысынан алғанда 4 орынды иеленіп келеді. Орталық Қазақстанда экономикалық қана емес, мәдени ошақ ретінде қалыптастық.

Қазақтың арманы болған Тәуелсіздік қазақ мемлекеттілігінің үзілгенін жалғап, ұлттың рухын көтерді. Ендігі кезекте демократиялық құндылықтарға, адалдыққа, ақыл мен парасатқа, шынайы бірлікке негізделген ұстанымдар ғана Қазақстанды еңселі ел болуға ұмтылдырады. Демек, адами тұрғыдан жетілген, кемелденген, бәсекеге қабілетті, білімді ұрпағы бар қуатты да, құтты мемлекет құру басты мақсат болмақ.

Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!

Н.ӘУБӘКІРОВ,

Қарағанды қаласының әкімі.

Қ.БЕКСҰЛТАНОВ,

Қарағанды қаласы мәслихатының хатшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button