Басты тақырыпЖаңалықтар

«Өрлеудегі» Алтын күз

    Жаздың шуақты күндері зымырап өтіп, күздің қалай жеткенін де білмей қалғандаймыз. Айнала саф алтынға бөленген. Күздің әсері «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағанды филиалы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Өрлеудегі «Алтын күз» мерекесінің ұйымдастырылуына мұрындық болды.

Мектеп күндерін сағынған өз басым бұл шараның лайықты деңгейде өтуіне бел шеше кірістім. Кәсіподақ ұйымының төрайымы, әріптесім – Меруерт Алтынбекқызының жол көрсетуімен мерекені өткізудің жөн-жобасы әзірленді.

«Тіл үйірер дәм», «Өрлеу» дауысы», «Күзгі сән» деп аталатын үш кезеңінен тұрған «Өрлеудегі «Алтын күз» мерекелік байқауына белсене қатысқан институт ұжымы нағыз бесаспап мамандар екен. Олай деуімнің себебі, бастапқыда маған мұндағы қызметкерлер шығармашылықтан алыс, эмоцияға құрғақ көрінгендей еді. Оным алдамшы болып шықты.

Сөйтіп, 30 қыркүйек күні инститтуттың 10 бөлімі мен кафедрасы мерекелік кеште өзара бақ сынасты. Әр кезеңнің сәтті өтуіне мазмұнға сай киінген жүргізушілер – Жұматай, Жұлдыз, Шәрбат сынды әріптестеріміз әр берді.

«Аспазшы» – Жұматай байқауды дастархан дәміне арналған өлең жолдарымен бастап, бәріміздің тәбетімізді ашқандай болды. Сонан соң сынаққа түсушілер байқау талаптарына сай дайындалған ас түрлерін көпшілік назарына ұсынды. Айталық, тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасы жемістерден дайындаған «Тауыс құсқа» таңдай қаққандар аз болмады, тіпті, «арнайы тапсырыспен жасатқан» деп әріптестердің шеберлігіне күмән келтіргендер болды. Ал, қаржы бөлімінің талантты қыздары «Француз етін» институт логотипі түрінде әсемдеп, тіпті бірдей костюмдерімен бәріміздің жүрегімізді жаулады. «Ас атасы – нан» деген мақалды ұран еткен академиялық бөлім «Ең үздік нан тағамы» номинациясымен үздіктер қатарынан табылды. Барлық қатысушылар ас үйдегі шеберліктерін бар қырынан көрсетуге тырысып жатты. Көрмеге қойылған «Күзгі шырын», «Раушан» мантысы, «Жемістер дәрумені» және тағы да басқа тағам түрлерінен көз сүрініп, байқау көрігі қыза түсті.

Ас үйдегі бесаспаптар өз міндеттерін орындаған соң, күміскөмей, жезтаңдай әншілер «Өрлеу» дауысы» байқауында өнерлерін ортаға салды. Шара мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылғандықтан, қатысушылар мектеп және ұстаз тақырыптарында іріктелген әндерді жереби бойынша таңдап алып, караоке сүйемелдеуімен шырқауы керек. Мұнда да қырағы көз, сыншыл әділқазы «әншілердің» дауыс мәнері мен ырғаққа еруін, шығармашылықтарын қалт жібермей бағып отырды. «Құстар» әнін қос дауыста сызылта салған Салтанат Болатқызы мен Меруерт Аманкелдіқызының орындаушылық шеберліктері жүректерге жеткендігі соншалық, риза болған көрермендер мен жанкүйерлердің аямай соққан шапалағынан зал дүр сілкінді. Бұл сынақта да қаржы бөлімінің қыздары өздерінің шығармашылықтарымен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. «Школьная пора» әнін ойнақы түрде орындап, әрі шағын қойылыммен сүйемелдеді. Осы «вокалдық топпен» институт директоры – Сәулеш Дімкешқызы оқушы бейнесін сомдап, қосыла ән шырқады. Дәл осы сәтте осындай шығармашылық байқаулар мен мерекелер ұжымның ұйымшылдығы мен достық сыйластығын нығайтып, бір-бірін жақын тануға ықпалы зор екендігіне көз жеткіздім.

Газеттен жасалған пальто, қоқыс пакеттерімен өрнектелген гүлді кешкі көйлек, пластик шиша қиындыларынан құралған қазақ аруының көйлегі, жарқ-жұрқ еткен дисклермен әсемделген сәнді би кешіне арналған көйлектің түр-түрі бір-бірінен асып түспесе кем емес. Қай-қайсы болмасын ауыз толтырып мақтауға тұрарлық өнер туындылары.

Осындай жарқын көңіл-күйге толы мерекелік кеш өз мәресіне жетті. Дауыс беру арқылы таңдалған қазылар алқасына шешім шығару оңайға соққан жоқ. Барлығы да тек үздік марапатқа ие. Алайда, арнайы қойылған критерий ненің неден артық екенін таразылауға, сөйтіп ақтық қорытындының әділ екендігіне көз жеткізуге септігін тигізді.

Жүлде алғандар да, ынталандырушы сый-сияпатқа ие болғандар да, бәрі-бәрі тек риза. Ешкім құралақан қалған жоқ. Себебі, барша ұжым шығармашылық қырларын ашуға мүмкіндік берген керемет кештен көл-көсір жағымды әсер алып қайтты. Ал, мереке соңында сөз алған Сәулеш Дімкешқызы барша ұжымға алғысын білдіріп, «Өрлеудегі» «Алтын күз» әлі де өз жалғасын таба беретіндігін тілге тиек етті. Кеш әсем әнмен өріліп, жастардың әдемі флэшмоб қойылымымен аяқталды.

Л.АБЗАЛБЕК,

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ

Қарағанды облысы бойынша

ПҚ БАИ аға оқытушысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button