Жаңалықтар

Өркендеу жолындағы өнеркәсіп

    Өткен ғасырдың соңында еліміз Егемендікке қол жеткізіп, коммунизмнен бірден капитализмге аяқ басқан тұста кәсіпкерлікті жолға қойған отандастарымыз саусақпен санарлық еді. Дегенмен, Елбасымыздың сарабдал саясаты мен Көшбасшыға тән көрегендігі бұл олқылықтың орнын лезде толтырып үлгерді. Даму көшін ғасырлап қалыптастырған АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сынды алпауыт елдермен үзеңгі қағыстыру бұрынғы КСРО елдерінің бірінің қолынан келмей жатқанда, Қазақстан қарқынды даму даңғылына түсті. Ол – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы еді. Соның арқасында ширек ғасыр аралығында елімізде көптеген кәсіпкерлер мен кәсіпорындар бой көтерді. Іргесін бекітіп, капиталын нығайтты. Соның бірі – Саран қаласындағы «ДомСтрой Караганда» кәсіпорны.

    «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында мемлекеттік грантты жеңіп алған «ДомСтрой Караганда» ЖШС-нің салтанатты ашылуы былтырғы жылғы Конституция күні қарсаңына дөп келген болатын. Дмитрий Юрьевич Киндяков есімді азамат басшылық ететін аталған компания бүгінгі таңда сарандық 12 тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ал, кәсіпорынның өндіретін өнімі – құрылыс тастары.

    2015 жылы іргесі қаланып, бар жоғы бір жылдың мұғдарында металлдан жасалмаған өзге де минералдық өнімдер өндірісі саласы бойынша еліміздің елеулі құрылыс компанияларын елең еткізген бұл кәсіпорын қазір көптің аузында. Себебі, қарапайым тұрғындар біле бермейтін құрылыс тастары – ғимарат тұрғызумен айналысатын мамандарға етене таныс. Небір алпауыт компаниялармен иық тірестіріп, үзеңгі қағыстырып, бәсекелестік жасап келе жатқан кәсіпорынға шикізатты «TOP-GoRuS» ЖШС және «НОРД ОСТ АСТАНА» ЖШС сынды танымал компаниялар жеткізеді. Сондықтан, әрі берік, әрі сапалы өнімнің өз өңірімізде өндірілетіні де айрықша қуантады. Өндіріп қана қоймай, «Гро Компания KZ» ЖШС, «Alfa KZ» ЖШС және «Оливия» ЖШС сынды компанияларға жеткізеді. Кәсіпорынның қуаты – жылына 270000 дана құрылыс тасын өндіруге қауқарлы.

    Құрылыс тасының жасалу барысында қажетті материалдар ретінде толтырғыш пен тұтқыр материалдардан, судан тұратын қатты бетон қоспасы пайдаланылады. Тұтқыр материал ретінде толтырғышпен араласқанда қажетті пішінді ұстап, кейін сол пішінді сақтай алатын балласт қолданылады.

    Цемент негізіндегі қоспа пайдаланылған жағдайда, шикі өнім қалыпқа құйылғаннан кейін 1-2 тәулік кептіріледі. Кейін дайын өнім қоймаға немесе тасымалдауға жөнелтіледі.

   Бетон қоспасын әзірлеу үшін бетон қоспалаушыға балласт, цемент және су жіберіледі. Аталған заттардың қажетті өлшемін оператор есептеп отырады. Қоспалар араластырылығаннан кейін, оператор бетон қоспалаушы түбіндегі люкті ашып, дайын қоспа тасымалдаушыға толтырылады. Тасымалдаушы оны вибропресс матрицасы маңына жеткізіп, діріл жасап тұрушы виброқұбыр арқылы құяды. Матрица жоғарғы деңгейіне дейін толтырылған соң, қоспа виброқұбыр және пуансон арқылы нығыздалады. Дайын блоктар матрицадан қысылып, шығарылған соң, поддонға тиеліп, пресстің жылжымалы арбасы арқылы қолмен, жинақтаушы орынға әкелінеді. Жинақтаушыға орналастырылған сөрелер дайын өнімі бар поддондармен тиеліп, толықтай тиелген соң, жинақтаушыдан түсіріледі. Бұдан кейін, қайтадан бос жаңа сөрелер орнатылып, жұмыс циклы жалғаса береді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button