Жаңалықтар

Қазақстанда балалардың қалааралық автобустармен жүру тәртібі өзгереді

Қазақстанда 7 жастан асқан балаларға қалааралық және халықаралық автобустармен ата-анасынсыз сапарға шығуға рұқсат беріледі. Ол үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің нотариалды куәландырылған келісімі қажет. Жаңа талаптар 27 қарашадан бастап күшіне енеді.Өзгерістер Көлік министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 10 қарашадағы №317 бұйрығында қарастырылған.
Сурет ЖИ арқылы жасалды

Құжатқа сәйкес, 7 жасқа толмаған балалар халықаралық және облысаралық қалааралық бағыттарда тек ата-анасымен немесе заңды өкілімен бірге жүре алады. Ал 7 мен 16 жас аралығындағы балаларға өз бетінше сапарға шығуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет. Құжат нотариалды түрде куәландырылуы тиіс.

Келісімді автобусқа отырғызу кезінде қағаз түрінде немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы электронды нұсқада көрсетуге болады. Жүргізуші немесе тасымалдаушы компанияның өкілі рұқсат құжатын тексереді. Тиісті келісім болмаса, баланы автобусқа отырғызуға жол берілмейді.

Ал 16 жастан асқан жасөспірімдерге ата-анасының рұқсаты қажет емес. Олар халықаралық және облысаралық қалааралық бағыттармен өз бетінше қатынай алады.

Дегенмен кәмелетке толмаған жолаушылардың түнгі уақытта жалғыз жүруіне шектеу қойылған. Ережеге сәйкес, ересек адамның еріп жүруінсіз келе жатқан балаларды сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін автобусқа отырғызуға болмайды. Ата-анасының нотариалды келісімі болған жағдайда да бұл талап сақталады.

Жаңа тәртіп халықаралық және облысаралық қалааралық автобус бағыттарына қатысты. Қала ішіндегі қоғамдық көлікпен жүру ережесі өзгермейді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button