Covid-19

Ревакцина қажет пе?

Вакцинаның үшінші дозасын салу туралы айтылғалы біраз болды. Оны қолдаушылар да, қарсылық білдірушілер де бар әлем бойынша. Соңғы рет орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей ЦОЙ ревакциналаудың жоспарланғанын және оның қазан айынан басталуы мүмкін екендігін айтқан еді. Дегенмен, оның нақты әдістері әлі қарастырылуда.

Сол брифингте ведомство басшысы ревакцина үшін коронавирусқа қарсы алған алғашқы вакцина мерзімінен 9 ай өтуі керектігін баса айтқан еді.

– Ревакциналау бізде жоспарда бар. Қазір оның жолдары қарастырылып жатыр. Ревакцинаның екі түрі бар. Бірі, шұғыл түрі 60-70% ұжымдық иммунитетке жету үшін салынады. Екіншісі, жоспарлы ревакцина жылына бір рет салынады. Қазақстанда вакциналау науқаны ақпанда басталғандықтан, үшінші компонетті салу қазанда маңызды болады. Халықтың көпшілігі маусым-шілдеде екпе алды. Сондықтан, қазір антиденелері әзірге жоғары, иммунитеті бар, – деген болатын Алексей Цой.

– Әзірге нақты мәліметтер жоқ. Ақпанда вакцина алғандарды антиденеге анализ алып, қарау керек. Егер антиденелер жеткілікті көлемде болса, ревакциналау кейінге қалдырылады. Ал, егер антиденелері азайғаны белгілі болса, үшінші екпе қажет. Ревакцина үшін «Спутник Лайт» вакцинасы жоспарланған. Ол бір компонетті, айтарлықтай жеңіл. Бірақ, бұл ресми хаттамаларға енгізілген жоқ. Сондықтан, әзірге нақты ештеңе айта алмаймыз. Қыркүйек-қазанда белгілі болады, – дейді №1 көпбейтінді аурухананың бөлім меңгерушісі Екатерина Марычева.

Антиденелерді көбейтіп, иммунитеттің қорғанышын ұзарту үшін үшінші рет вакцина алу қажеттігін әлемдік деңгейдегі ғалымдар айтып отыр. Pfizer вакцинасын шығарушылар 18-55 жас аралығындағы адамдарға арнайы тәжірибе өткізіп, үшінші вакцинадан кейін олардың антиденелері 5 есе артқанын анықтаған. Бірақ, ревакцина мәселесінде әуелгі кезекте иммунитеті төмен, қатер тобына жататын адамдарға басымдық берілмек. Джонс Хопкинс атындағы университет мамандары қандай да бір ағзасын ауыстырып, иммуносупрессорларды қабылдайтын 30 адамға жүргізген тәжірибе негізінде олардың иммундық жауабының күшейгенін көрсеткен.

Ревакцинаның тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденсе де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл бастамаға қарсы. Тіпті, оны тоқтата тұру керек санайды. Себебі, ұйым әлемдік вакцина қоры бар елдер әуелі кедей елдерге көмектесуі керек дейді. Сондықтан, оның басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус шығарылатын вакцинаның көп бөлігі кедей елдерге жөнелтілуі үшін әлемдік қауымдастықтан ревакциналау шараларына уақытша мораторий жариялауды сұрады. Шектеу ең кемі қыркүйектің соңына дейін жарияланса, әу баста жоспарланғандай, әлем халқының 10%-ы вакцина алып үлгереді екен. Алайда, Германия, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Біріккен Араб Әмірлігі сияқты елдер вакцинаның үшінші дозасын салу ниетін жариялап қойған. Және қыркүйектен бастамақ. Ал, Израиль 60-тан асқан тұрғындарына үшінші компонетті салуды шілдеде бастап кеткен. Мұның барлығы коронавирустың жаңа штамдарына байланысты қолға алынған шаралар. Мәселен, Израильде 4 ай бұрын вакцина алғандар қайтадан ауырып жатыр. Бізде де қазір, енгізілген өзгерістерден кейін КВИ жұқтырып, жазылып шыққан науқастар 3 айдан кейін вакцина алуы тиіс. Бұрын бұл аралық 6 ай болатын.

Денсаулық сақтау бойынша РФ Мемлекеттік Дума комитетінің мүшесі Алексей Куриный Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы айтқан ұсыныс жер шарында иммунитеттің қалыптасуына тиімді дегенімен, әр ел өзінің азаматтарын бірінші орынға қою керек деп есептейді. Осыған дейін ревакцина тақырыбын қозғамаған Қазақстанның бұл мәселеге үн қатып, қазанға жоспарлауы – өз азаматтарын қорғағаны деп білеміз бе?

Рас-өтірікті ақпараттарды оқып алып, дайын вакцина аламын я алмаймын деп жүргендер, оны ақшаға сатып, төгіп жүргендер әлемде сол ампула үшін тартыс болып жатқанын білмейтін шығар.

 Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button