Тұлға

Редактор даярлаудың майталманы

Өмірдің бедерлі бір белесіне қадам басқан Жанболат ағаның журналистикадағы қолтаңбасын, жазушылық қырын, қоғамдық мәселелерге белсене атсалысқан қайраткерлігін былай қойғанда жеке бөліп айтатын айрықша еңбегі бар. Ол – редактор ретінде ізбасар жастарды іздеп тауып, журналистикаға білікті кадрлардың үлкен бір шоғырын қосуы.

Бүгінгі күні Жазушылар одағының облыстық филиалына басшылық жасап отырған қазаққа белгілі ақын, жазушы, «Қасым» журналының Бас редакторы Серік Сағынтай, талантты ақын, «Болашақ» колледжінің оқытушысы Ілияс Мұқаев, тағы бір дарынды ақын, журналист, бір кезде «Тоқырауын тынысы» газетін басқарған Бағдат Мүбәрак, жұртшылыққа есімдері жақсы таныс қаламгер бауырлар – «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Нұрқанат Қанафин, «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Қуаныш Аманқұлов, «Балқаш өңіріне» Жәкеңнен кейін басшылық жасаған, «Орталық Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі болып еңбек еткен Нұрдос Кәрім. Бұлардың барлығы – Жанболат Башардың редакторлығы тұсында Балқаштың қалалық газетінде жемісті қызмет еткен азаматтар. Әрине, кейбірі «Балқаш өңіріне» келмес бұрын танымал журналист болғанын атап өткен жөн. Дегенмен, бұл есімдер Жәкеңнің кадр таңдауда Күреңбай сыншыдай алғыр екенін толық көрсете алады.

Журналистика мамандық емес, тағдыр деседі. Сол рас-ау. Өзіміз жүріп өткен бел-белестерге бұрылып бір көз тастағанда, солай-ау деп пайымдаймыз. Редактор даярлаудың майталманы – Жанболат Башардың назарына осыдан он алты жыл бұрын Ақтоғайдың ең шеткі қыстағында қой бағып жүрген бір жігіт іліккен еді…

2003 жылдың жазы. Әлі күнге көз алдымда. Сол жылы аудан төңірегінде той-томалақ көп болды. Тоқсаныншы жылғы тоқыраудан шығып, ес жинай бастаған жұртшылық сол тұста әулеттерінің әулие-әмбие, би-батырларын түгендей бастаған. Шіліңгір шілденің кезі болатын. Аудан төңірегіндегі өскен атаның ұрпағы бабаларының басына белгі орнатып, сол төңірекке сауын айтып, ас берді.

Даланы дүбірлеткен ұлан-асыр жиынның бір шетінде аламан бәйгенің дуы қызып жатса, бір жерде балуан күресі басталып жатқан кез еді. Көп киіз үйдің арасымен сол жиындарды тамашалап келе жатқанда, ту сыртымнан: «Қамбар!» деген дауыс естілді. Елең еткеніммен, нөпірдің арасынан өзім танитын бет-жүзді ұшырата алмадым. Қағыс естіген шығармын деп, жөнеле беріп едім, әлгі дауыс қайта шықты. Бұрылғанда, маған қарап күлімсіреген жылы жүзді бойжеткен:

– Сен Қамбар емессің бе?, – дегені.

– Иә.

Ақжарқын, ашық мінезді қыз екені бірден көрінді. «Жақсы болды ғой, тез тапқаным. Есімім – Нұрсәуле. Мені Жанболат ағай жіберді. «Балқаш өңірінің» редакторы. «Қамбар осы асқа келуі мүмкін. Қайтсең де тауып, ертіп кел» деді. Бізде тілшілік орын босап жатыр. Менімен бірге жүр» – деп бірден бар әңгімесін ақтарып салды. Осыдан сәл бұрын Ақтоғайға бір келгенімде Мүсіркеп Сейдахмет ағам желкелеп отырып жазғызған бір мақаласымақты «Балқаш өңіріне» жібергенмін…

Мектепті бітіргеннен кейін алты жыл совхоздың өркениеттен жырақ, қиян шеттегі қыстағында қой бағып жүрген, журналистиканың әліппесін ашпаған мен үшін бұл ұсыныс қиял-ғажайып ертегісіндегі кереметтей болып көрінгені рас. Сенер сенбесімді білмей, жан-жағыммен ақылдасып, бір аптадан кейін келуге уәде етіп, қала бердім.

 Ауылдың тірлігі біткен бе?! Сол кеткеннен әке-шеше, аға-бауырға қарайлап, қолдағы түліктің жем-шөбін әзірлеу, қой қырқыны, қора-қопсыны бүтіндеу деген сияқты шаруалардың барлығын ыңғайлаған соң, қара күздің бір күнінде жалғыз сөмкемді арқалап қалаға бет алдым…

Арада үш ай өтіп кеткен. Редакция есігінен имене кірген маған Жәкең дүрсе қоя берді. «Қайда жүрсің?! Не деген адамсың өзің, жұрт жұмыс таппай жүргенде!», дейді. «Мен сені үш ай күтіп, кеше ғана тілші алып қойдым. Бір емес, екі жігітті алым. Енді орын жоқ, ренжіме» – деді сосын.

Алып-ұшқан көңіл су сепкендей басылды. Еңсе түсті. Есіктен шығып, редакциядан ұзай бергенімде, соңымнан жүгіріп хатшы қыз жетті. «Сізді шақырады» дейді.

Қабағы қатулы Жанболат аға: «Әй балалар-ай! Өстіп шегіншектейсіңдер. Мен сенен үлкен үміт күтемін. Әйтпесе, осы қаладан бір адам табылмады дейсің бе?! Сондықтан, тағы бір мүмкіндік беремін. Мұнда бір-ақ орын бар. Бірақ, сол орынға үміткер ретінде сені де алайын жұмысқа. Екі ай сынақ мерзімімен аламын, екі айдан кейін үшеуіңнің біреуің ғана қаласыңдар», – деді.

Қиырдағы қыстақта жүрген қойшы баланың өмірін сол бір ауыз сөз 180 градусқа өзгерткен еді. Менің журналистикадағы алғашқы қадамым осылай басталған.

Жәке, жетпістің заңғар белесін артынан шәкірт ерткен аға буын өкілі, ұлағатты ұстаз ретінде еңсеріп отырсыз! Сіз атқарар ілкімді істер әлі алда екеніне бек сенімдімін.

 Осынау мерейлі мерекеңізде қуанышыңызға ортақтаса отырып, игілікті істеріңізге береке, деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!

Қамбар АХМЕТ

Басқа материалдар

Back to top button