Бас тақырып

Әр шаңырақтың бақыты үшін…

Жыл сайын 15 мамырда халықаралық Отбасы күні атап өтіледі. Мерекені БҰҰ Бас Ассамблеясы отбасының маңызды рөлі туралы насихаттап, қоғамға қосар үлесін бағалау мақсатында белгілеген. Әлемнің көптеген елдері оны 1993 жылдан бері атап өтіп келеді. Кез келген саналы адамның өмірінде отбасы ерекше орын алады. Жайлы және бақытты отбасы – ел дамуы мен өркендеуінің негізі. «Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі», – деп атап өткен еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан, мемлекет отбасын қолдау саясатын жан-жақты жүзеге асыруда.

Сурет: visasam.ru сайтынан

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жыл басынан бері ел бойынша 40 мың жаңа отбасының негізі қаланыпты. Қарағанды облысында биылғы бірінші тоқсанда 1501 жұп шаңырақ көтеріпті. Отбасы күні аясында аймақта бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығында баспанамен қамтамасыз ету мәселесі бойынша кездесу өтті. Жиналғандар тұрғын үй кезегі, арендалық баспана, мемлекет беретін субсидиялау тетігі, төмен пайызды ипотекаға қатысты сұрақтарына мамандардан жауап алды. Баспанамен қамту әлеуметтің негізгі әлеуметтік мәселесі екені бұрыннан белгілі.

– Биыл үй кезегінде тұрған 45 адамды баспанамен қамту жоспары бар. Қалалық әкімдік тарапынан қаражат бөлінді. Құрылысы аяқталған тұрғын үй кешендерінен мемлекеттік сатып алу арқылы аламыз. Ол кезекте тұрған көпбалалы, мүгедектер және әлеуметтік осал топ санаты бойынша бөлінеді, – деді Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің тұрғын үй секторы меңгерушісі Әділ Аубакиров.

Ол баспана кезегінде 20 мыңға жуық адамның тұрғанын, алдағы уақытта тағы 500-ге жуық баспана берілетінін айтты.

«Отбасы банктің» мамандары Ұлболсын Қожабаева, Сұлтан Айдарханов кеңес берді. Мамандар жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау туралы айтты. Мемлекеттің бұл көмегін көпбалалы, мүгедек бала асырап отырған отбасылар, жетім балалар, І, ІІ топ мүгедектері ала алатынын түсіндірді.

– Субсидиялау біздің банк арқылы жасалады. Субсидиялау төлем ақысының жартысын өтеуге мүмкіндік береді. Оны алу үшін жалға алып отырған баспана иесімен келісім болу керек. Жыл басында бюджет бекігенше тұрғындар өздері толық төлейді, сәуір айынан бастап, мемлекет өткен айлардың субсидиясын қайтарады. Бұл көмек бір жыл көлемінде жасалады, – деді банк маманы Сұлтан Аманжүсіпұлы.

Кездесуге келген Мақпал Исатаеваның 2 ай бұрын жұбайы қайтыс болыпты, өзі бала күтімімен үйде отыр екен.

– Жолдасым жұмыс істеген еді. Енді қазір бізде табыс жоқ. Асыраушысынан айырылғандар ретінде екі балама 78 мың теңге тағайындады. Үй кезегіне енді тұрдым. Дәл қазір мен қандай көмек аламын? – деп сұрады ол.

Бұл ретте арендалық тұрғын үйді субсидиясы асыраушысынан айырылғандарға берілмейтінін айта кету керек.

– Бұл әдейі жасалған шара, – деп түсіндірді отбасын қолдау орталығы директоры Ләззат Қожахметова. – Субсидияны алу мақсатында қағаз жүзінде айырылысқандар қатары көбейіп кеткендіктен, бұл категория­ны алып тастаған болатын. Бірақ, сіздің жағдайыңыз бөлек. Мен бұл мәселені «Отбасы банк» басшысына айтып, шешіп беруге тырысамын.

Жиналғандар баспаналы болудың барлық мүмкіндіктері туралы сұрап білуге тырысты. Мемлекет ұсынып отырған бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі, кімдердің қатысатыны, мерзімі және басқа да мәселелер айтылды. Тұрғын үй кезегінің жылжымауы немесе кері кетуі, кезек категориясын ауыстыруға қатысты өтініштерін жазбаша қалдырды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button