Әр мәселе – назарда
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында облыс әкімінің орынбасары Шагурашид МАМАЛИНОВ және облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Қадиша ОСПАНОВА азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Мәселен, қабылдауда Ермек Закиров өзінің «Закиров Е.А» жеке кәсіпкерлігіне Соқыр өзені бойынан су қоймасын бекіту мәселесін көтерді. «Мен су қоймасында балық өсіргім келеді. Бірақ, Нұра-Сарысу инспекциясы су қоймасының кейбір бөлігі жер қатынастары басқармасында тиісті мақсатта белгіленбегендіктен, заңды негіз жоқ», – деді ол. Ермек Закировқа мәселе жіті түсіндірілді. Ақпарат жазбаша түрде беріліп, тиісті құжаттар ұсынылуы қажеттігі айтылды.
Доскей ауылының тұрғыны Ирина Косарева жер учаскесінің өз меншігіне қайтарылуы мәселесін алға тартты. Оның айтуынша, мәселе төңірегінде өз көршілерімен арасында дау туындаған. Тұрғынның өтініші атқарушы биліктің бақылауына алынды.
Сондай-ақ, Жарас Кәрімқұл Үштөбе ауылының автожол тарту мәселесін ортаға салды. Оның айтуынша, Новая Садовая көшесін қала орталығымен байланыстыратын автожол ауадай қажет. «Үйлердің құрылысы ретсіз жүргізілген. Қазір көшемізде жібі түзу жол жоқ. Айналма жол арқылы жүруімізге тура келеді», – деді ол. Мәселе бойынша арнайы комиссия құрылады. Үштөбедегі бұл ахуал жіті зерттеледі.
Шет ауданы, Тұмсық селосының тұрғыны Руслан Тәжібаев мал шаруашылығын дамыту мақсатында берілетін несиені алу жолдарына алаңды. Азаматқа бизнесті қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалардың механизмі мен кәсіпкерлікті дамыту институттарының жұмысы туралы ақпарат кеңінен берілді. Сондай-ақ, кәсіпкерлік басқармасына, ауыл шаруашылығы басқармасына ауыл шаруашылығы кооперативтерін ашу мәселесі бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Жалпы, қабылдауға келген әрбір азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өзекті мәселелерін шешу бойынша көмек көрсетілді.
Өз тілшімізден.