Әр дауыс ел ертеңін айқындайды
Ел ертеңі бүгінгі таңдаудан басталады. Бұл – мемлекеттіміздің тағдырына тікелей қатысты өмірлік ақиқат. Тарихқа зер салсақ, кез келген елдің дамуы оның қабылдаған заңдарына, сол заңдарды жазатын азаматтардың жауапкершілігіне және халықтың саяси белсенділігіне байланысты болған. Бүгін Қазақстан дәл осындай тарихи белестің алдында тұр. Жаңа Конституция негізінде алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл сайлау – елдің ертеңін айқындайтын маңызды таңдау.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары ең алдымен мемлекеттілігін қалыптастыруға күш жұмсады. Кейін саяси институттарды орнықтырып, мемлекеттік басқарудың берік негізін қалады. Енді ел жаңа кезеңге аяқ басты. Бұл – тиімді, жауапты әрі ашық мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру кезеңі. Сондықтан, қос палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу – уақыт сұранысынан туған табиғи эволюциялық қадам.
Шын мәнінде, мемлекеттің қуаты Парламенттің неше палатадан тұратынымен өлшенбейді. Оның шынайы күші қабылданатын заңдардың сапасымен, депутаттардың кәсібилігімен және халық алдындағы жауапкершілігімен айқындалады. Егер заң елдің мұң-мұқтажынан туындаса, қоғаммен кеңесе отырып қабылданса, онда ол қағаз жүзінде қалып қоймай, өмірдің өз заңына айналады.
Әлемдік тәжірибе де осыны дәлелдейді. Бүгінде демократиясы дамыған Швеция, Финляндия, Дания, Норвегия, Жаңа Зеландия, Португалия, Венгрия секілді мемлекеттер бір палаталы Парламент жүйесімен табысты жұмыс істеп келеді. Бұл елдерде заң шығару үдерісі анағұрлым ықшам, шешім қабылдау жылдам әрі жауапкершілік нақты. Ең бастысы – халықтың билікке деген сенімі жоғары. Себебі, олардың мемлекетінде әр азамат ел ертеңіне бей-жай қарамай, ой-пікірін айтып, болашақ үшін белсенділіктен таймайды. Еліміз де осы озық тәжірибені өз ерекшелігіне бейімдеп, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бет бұрып отыр.
Құрылтайдың басты ерекшелігі – оның заң шығаратын орган ғана емес, халықтың сөзін сөйлейтін, қоғамның тынысын сезінетін өкілді институт болуы. Заң жобалары кеңінен қоғамдық талқылаудан өтіп, цифрлық платформалар арқылы сарапшылардың да, қарапайым азаматтардың да ұсыныстары ескерілмек. Яғни, мемлекет пен қоғам арасындағы үнқатысудың жаңа үлгісі.
Енді ел азаматтарының заң жобаларын талқылауға, ұсыныс енгізуге, депутаттардың қызметін бағалауға қатысу мүмкіндігі бар. Демек, қоғам бақылаушы емес, мемлекеттік шешімдердің толыққанды қатысушысына айналады. Бұл – өкілдік демократиядан қатысушы демократияға қарай жасалған маңызды қадам.
Бүгінгі қоғам бұрынғыдай үнсіз бақылаушы болғысы келмейді. Әр азамат өз пікірінің естілуін, өз ұсынысының ескерілуін қалайды. Бұл – өркениетті мемлекеттің табиғи талабы. Сол себепті, Құрылтайдың тиімділігі оның халықпен қаншалықты етене жұмыс істейтініне байланысты болмақ. Ашықтық, жариялылық, цифрлық байланыс, қоғамдық кеңестер, өңірлердегі тұрақты кездесулер – осының бәрі жаңа саяси мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Құрылтай қоғамның шынайы айнасы болуы қажет. Онда әртүрлі буынның, әртүрлі мамандық иелерінің, түрлі әлеуметтік топтардың үні естілуі маңызды. Өйткені, қоғамның мәселесін қоғамның өзіндей сан алуан адамдар ғана жан-жақты жеткізе алады. Заңгер де, дәрігер де, мұғалім де, инженер де, кәсіпкер де, фермер де, жас маман да, тәжірибелі азамат та елдің ортақ мәселесін бірге шешуге атсалысқанда ғана қабылданған заң өмірдің өзінен алшақтамайды.
Алдағы Құрылтай сайлауы – осы жаңа жүйенің алғашқы сынағы. Сондықтан, бұл науқанға бейжай қарау – өз болашағына бейжай қараумен тең. Кейде «Менің бір дауысымнан не өзгереді?» деген пікір де естіліп жатады. Алайда, тарих дәлелдеген бір ақиқат бар. Үлкен өзгерістер миллиондаған адамның жекелеген таңдауынан басталады. Әр бюллетень – азаматтың мемлекетке айтқан өз сөзі. Әр дауыс – елдің ертеңіне қосылған үлес.
Қазақ «Көп тілеуі – көл» дейді. Мемлекеттің болашағы да дәл солай қалыптасады. Әр азамат өзінің азаматтық борышын орындап, сайлау учаскесіне барып дауыс бергенде ғана қоғамның ортақ таңдауы әділ болады.
Жәлел ШАЛҚАР
“Ortalyq Qazaqstan”

