Президент Қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді
Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді. Жиында Президент жаңа Қорғаныс министрі Айдос Сәкенұлы Мырзахметовті таныстырды.

Кеңес Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Мемлекет басшысы болған оқиғаға қатаң баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған әскери қызметшілердің ата-аналарына көңіл айтып, олардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.

Президенттің айтуынша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болған.

Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттердің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.

– Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары, – деді Мемлекет басшысы.

Президент оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілердің қажетті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегеніне де назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізуге, әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруі тиіс екенін айтты.

Сонымен қатар Президенттің өкіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру басталды. Тексеру барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, сондай-ақ оның материалдық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жан-жақты зерделенеді.
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйелі сипат алған заң бұзушылықтарды анықтап, жауапқа тартылатын тұлғалар шеңберін айқындауы қажет.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілердің лауазымы мен шеніне қарамастан жауапқа тартылатынын, заң бойынша қатаң жазаланатынын ескертті.
– Бұл оқиға әскерде олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты кадрлық шешімдер қабылдадым. Сіздерге Қазақстан Республикасының жаңа Қорғаныс министрі Мырзахметов Айдос Сәкенұлын таныстырғым келеді. Айдос Сәкенұлы күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік – өте жоғары, алдағы міндеттер – аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануға тиіс, – деді Президент.
Әскерді түбегейлі реформалау
Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс ведомствосының жұмысын түбегейлі трансформациялау қажеттігін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан армиясы өткен ғасырда қалып қойған. Қолбасшылық жүйесін халықаралық озық тәжірибеге сай қайта құру қажет.
– Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау, – деді Мемлекет басшысы.
Президент армияда цифрлық трансформация жүргізіп, мүмкіндігінше адамды технологиямен алмастыруды тапсырды.
– Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қорғаныс министріне үш негізгі міндет жүктелді
Бірінші міндет – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.
– Бөлінген қаржы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырып, барынша нәтиже беруге тиіс. Мақсатсыз шығынға, талан-таражға жол берілмейді. Мұндай әрекеті әшкереленгендердің бірде-біреуі жауапкершіліктен құтылмайды, – деді Президент.
Екінші міндет – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді реформалау. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуі тиіс.
Мемлекет басшысы мамандарды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлерін енгізу қажет екенін айтты.
– Әскери лауазымдарға басшының «өз адамдары» емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс, – деді Президент.
Үшінші міндет – әскер қатарындағы идеологиялық және тәрбие жұмысын күшейту. Бұл жұмыс Конституцияның басты қағидаттары мен құндылықтарына сәйкес жүргізілуі керек.
Президенттің пікірінше, армия кәсіби даярлық пен білімді шыңдап, отаншылдыққа баулитын мектеп болуы қажет. Онда әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруы тиіс.
– Отан қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы, қасиетті парызы. Әскери қызметке өмірін арнаған әр азамат мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын айқын сезінуі керек. Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ әскери қызмет туралы, әсіресе басшылықтың жоғары бағасы мен қолдауына ие болған әскери қызметшілер жөнінде БАҚ-та объективті ақпарат тарату маңызды екенін атап өтті.
Жоғарғы Бас Қолбасшы нақты әрі түсінікті, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына әскерді реформалау үдерісін үйлестіру міндеті жүктелді.
Реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.
Материалды әзірлеген
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



