Жаңалықтар
Президент келесі жылы Балқаш АЭС құрылысын бастауды ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасын дамыту мәселесіне тоқталып, Қазақстанда жаңа атом электр станцияларын салу жөніндегі жоспарларды айтты. Президент келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын жедел бастау үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қою қажеттігін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев болашақ атом электр станцияларын уран шикізатымен ұзақ мерзімге қамтамасыз ету мәселесін де көтерді. Осыған байланысты Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы қажеттілігін өтеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік стратегиялық уран қорын құру туралы ұсынысты қарастыруды жөн санады.
– Шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялық өндірістер құруға, ядролық энергетика саласындағы құзыреттерді беруге және отандық атом мамандарын даярлауға тарту маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент барлық келіссөзде Қазақстанның ұлттық мүдделері ескерілуі керектігін атап өтті.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



