Бас тақырып

«Polymet Solutions Corporation»:  Инновация және сапа

«Polymet Solutions Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тау-кен-металлургия кешенінің технологиялық үдерістерінде пайдаланылатын футеровка өндірісінің толық айналымын қамтитын Орталық Азия кеңістігінде теңдесі жоқ бірегей жоба. Жобалық қуаты жылына – 413,7 тонна.

Суреттерді түсірген Александр Марченко

Ізденіс пен ілгерілеу

Футеровка ұғымының әл-әзір қазақша баламасы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, шарлы диірмен атаулысына арналған резеңкелі-металды төсем десек, ұғынықты болар. Бұл суперқаптама диірмен мен айналмалы тегершіктің ішкерідегі бөлігін тозудан қорғау үшін сондай-ақ, құрылғы өнімділігін жақсарту үшін қолданылады. Көз жазбай байқап отырсақ, соны технология –тау-кен байыту, химия өнеркәсібінде әрмен қарай цемент өндірісіндегі ең тиімді тетіктердің бірі. Ал, мұндағы резеңке металл төсем – кәдімгі металл мен резеңке элементтердің үйлескен тіркесімі. Металл өзегі механикалық зақымдануға қарсы төзімділікті қамтамасыз етсе, резеңке соққыны жұмсартып, сіңіріп, өндіріс барысындағы қақпақылдарды кемітеді. Есесіне диірменнің тозуы азаяды. Материалдарды өзара әрекеттестіру, біріктіру толығымен металл немесе резеңке аналогтарымен салыстырғанда төсемнің қызмет ету мерзімін айтарлықтай арттырады. Абразивті тозуға және коррозияға төзімділік диірменнің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Шу мен дірілді басады. Осынысымен қызметкерлердің жұмыс істеуі үшін барынша қолайлы жағдай жасайды. Ұнтақтау үдерісін оңтайландыру жолымен диірменнің қуат тұтынуын азайтады. Шарлардың біркелкі қозғалысын қамтамасыз етіп, материалды ұнтақтау сапасын жақсартады. Резеңке-металл плиталардың жеңіл салмағы диірмен бөлшектерін оңтайлы орнату және бөлшектеуін жеңілдетеді. Төсемді толығымен ауыстырудың орнына жеке тозған бөліктерді ауыстыру мүмкіндігі де өндіріс өрісін аршындатады. Резеңке металл төсеу дымқыл және құрғақ ұнтақтау шар диірмендерінде кеңірек қолданылады. Жартылай автогенді және автогенді диірмендер, минералды материалдарды өңдеуге арналған арнайы диірмендер де осы қатардың сап басында. Тың тетік қарабайыр металл төсеммен салыстырғанда салмағы аз, шу деңгейі төмен, тозуға төзімділігі бекем. Осындай өркеуде өркениет қоғамындағы тың ізденіс бара-бара, келе-келе ілгерілеуге ұласқан.

Жапониядан – жалпыға

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін елең етер ілтипатпен қарсы алған өндіріс саласындағы әріптестер «ә» деген беттен-ақ кәсіпорын тұжырымдамасын екі ауыз сөзбен айта салды. «Сапалы шикізат, жоғары білікті команда!». Компания Германия, Италия, АҚШ, Жапония, Испания өндірушілерінің заманауи жабдықтарының әлеуетімен жоғары сапа стандарттарына сәйкес келетін өнімдер шығаруға тұяқ іліктірген. Табысын тарыдай шашпай, талайдың меншігіне ұстатпаған. Өңдеу орталығы біліктерден басқа болаттан, шойыннан, алюминийден, қоладан жасалған бұйымдар үшін кез келген күрделіліктегі фрезерлік жұмыстарды жүргізе береді.

Бұл жылы зауыт Орталық Азиядағы жалғыз Okuma фрезерлік өңдеу орталығын іске қосты. Түсіндіре кетсек, Okuma атты фрезерлік өңдеу құрылғысы – метал өңдеудің күрделі операцияларын орындауға арналған жоғары технологиялық жабдық. Алғы шаққа алғаусыз аттаған Okuma станоктар өндірісіндегі жаһандық көшбасшылардың бірі. Жарияға асығып, жақ ашып, тіс жармағанымен, аталған жүйе авиация, автомобиль, энергетика және машина жасау сияқты әртарапты салаларға арналған шешімдердің кең ауқымын ұсынып келеді. Okuma станоктары жоғары геометриялық дәлдік пен «дірілді» азайтуды қамтамасыз ететін бірегей шешімдерді қолдана отырып жасалған. Жабдықтың беріктігіне ықпал ететін материалдар мен технологиялар қолданылады. Мұндай заманбап құрылғының қазыналы Қарағандыға келуін мақтан тұтатынымыз айғақ. Құдды бір тіршіліктің тізгінін қолға ұстағандай әсер қалдырады. «Теңдессіз технология не береді?» деген сауалға оралсақ, алдымен аталған кәсіпорынның қанатының кең серпуіне сеп. Алға ұзап кеткен уақыт көшінен қалмау үшін осы сынды бірегей фрезерлік орталықтың ел игілігіне қызмет етуінің өзі толағай табыстың көсегелі көрсеткіші.

Шаруасы шалқыған кәсіпорын

Өңірде өндірісті өрісін әртараптандырудың арқасында жергілікті ошақтары белсенді дамып келеді. Нарықта, алдымен, экономикалық аймақтардағы зауыттардың бәсекеге қабілеттілігі анықталады. Сондай-ақ, мемлекеттік жеңілдіктер беріледі. Біз көрген Бұқар жырау ауданындағы осы өндіріс зауыты келесі жылдан бастап, резеңке мен пластмас бұйымдары түрлерінің тізбесін ұлғайтпақшы. Импортты да алмастырмақшы. Шынтуайтында, нарық заманының нар құлатар қыспағында импортты алмастыру әрі оның елдің экономикалық дамуындағы рөлін қазір асыра бағалау қиынның-қиыны. Алып ресурстық әлеуетке ие Қазақстан ішкі нарықтағы импорттық тауарларды алмастыра алатыны ерлікпен пара-пар дерсіз осындайда. Отандық кәсіпорындар шығаратын өнімдер қатарының бәсекеге қабілеттілігін арттыра алып, түренді тыңнан салып келеді. Алайда, отандық тауарлар өндірісін ұлғайтуға бағытталған бағдарламаларды іске асыру барысында көптеген түйіткілді мәселелер де туындары заңдылық. Қайтсе де, ішкі нарықтағы импортты отандық өндірушілердің тауарларымен алмастыруға бағытталған мемлекеттік экономикалық саясат стратегиясы дүние жүзінің бедеріндегі аламанға ілесу екендігі айтпаса да түсінікті. Әдетте, мемлекет халық шаруашылығының аса маңызды салаларын қаржыландыруға жұмсалатын шығындарды ұлғайтады. Өндіріс тиімділігін арттыру үшін кәсіпорындарды қолдауды күшейтеді.

Атаулы кәсіпорын қазір дамудың жаңа сатысына көтерілді. Мұнда негізінен кен байыту фабрикаларына қажетті диірмендерге қапталатын резеңке жабдықтар өндіріледі. Онсыз диірмен атаулысы жұмыс істемейді. Отқа тамыздық іспетті өнімге елдің түпкір-түпкірінен сұраныс жоғары. Әсіресе, Kazakhmys, KAZ Minerals, «Алтыналмас», Kazzinc сынды алпауыт компаниялар фабрикалары диірмендеріне бұл өнім түрі ауадай қажет. Сондықтан, «Полиметті» алпауыттардың алтын арқауы десек те, артық айтпағандық. Бірегей өнім қоңсылас Ресейге де экспортталады. Келесі жылы Болгарияға жөнелтіледі деп жоспарланды. Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттерімен тиісті келіссөз жүргізілуде. Парықтай келгенде, басымдық – сапа мен тиімділік. Қуатты технологиялық база және жоғары білікті мамандар тобы зауыттың басты артықшылығы саналады. Бас директор Қуандық Қазанғаповтың айтуынша, өндірістің кеңеюі тек өнім көлемінің өсуімен ғана емес, сондай-ақ, жаңа технологиялардың енгізілуімен қатар жүреді. Сұраныстың сынынан сырт айналмақ жоқ. Бұл кәсіпорынның өңдеу үдерістерінде халықаралық стандарттарға сай келетін сапаны қамтамасыз етуіне мүмкіндік ұсынады.

Еңбек адамына ерекше жағдай

– Біз үшін өнімнің беріктігі мен ұзақмерзімділігі басқы орында. Ойланбағанның сапамен ісі жоқ. Алдағы жоспарымыз циркуль іспеттес. Оның бір аяғы экспорттық нарықты кеңейту болса, екінші аяғы өнім түрлерін арттыруға кеп тіреледі. Мәселеміздің түйіні де дәп осы жерде. Түсініп алу керек. Резеңке металды өнім ендігі жылы шойын өнімдерін қоса шығармақ жоспарымыз бар. Осыған байланысты арнайы экономикалық аумақтан қосымша 10 гектар жер алдық. Құрылысты осы желтоқсан айынан бастап кетпекшіміз, – деп ағынан жарылды «Polymet Solutions Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Қуандық Қазанғапов.

Қылса жұмысы бітіп, күнін ұзартқан заманауи өндіріс ошағында қазір зауытта 75 адам еңбек етеді. Жаңа цех іске қосылған соң тағы 150 адам жұмысқа қабылданады. Мұнда еңбек адамына әлеуметтік қолдау көрсетілген. Яғни, жалақыдан тыс сыйақы мен арнаулы тасымалдау көлігі мен тегін түскі ас қарастырылған. Былтыр жыл соңына таман өзін үздік көрсете білген қызметкерлерге Түркия, Араб әмірліктеріне саяхат жолдамасы тапсырылыпты. Биыл да осы сынды сый-құрмет жалғасын таппақ. «Кен байыту саласында жаңа диірмендер қолданысқа енгізілді. Осыған орай, қажетті резеңке жабдығын дер кезінде шығару маңызға ие», – дейді зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Галина Харасова.

– Өнім көлемі әртүрлі. Біз қапталатын резеңке металды жабдықтың сан алуан түрін шығарамыз. Ол үшін зауытқа қажетті заманауи қондырғыларды да сатып алу үстіндеміз. Таяуда Қытайдан бұйымды нығыздайтын қондырғы әкелінді, – деді спикер. Өнім өндіру үшін шикізатты негізінен Қытай Халық Республикасы, Корея, Малайзия, Вьетнам сынды мемлекеттерден алынады. Негізгі шикізат түрі – каучук. Яғни, каучуксіз шикі резеңке өндірілмейді. Химиялық шикізат көршілес Ресей Федерациясынан тасымалданады. Қосымша шикізат түрлері Еуропа елдерінен әкелінеді. Металл бұйымдарына келсек, негізінен, Hardox сынды сапалы металл түрі Швеция елінен тасымалданады. Зауыт қызметкерлері Стокгольм қаласына барып, ондағы өндіріс ошақтарымен тікелей танысып қайтқан. Ол елмен тығыз қарым-қатынас орнаған. Өзге керек-жарақты Қазақстанның өзінен сатып алынады. Ал, отандық шикізат көлемі 70%-ды құраған.

Көшбасшы кәсіпорын көсегесі

Биыл өндіріс ошағының тайқазаны толағай табысқа кенелді. Мәселен, KAZ Minerals компаниясымен үш жылдық шартты ендігі жылы 5 жылға ұзартпақ жоспар тұр алда. Бұдан әрі алпауыт компаниялармен Off-take contract жасасудың мәні зор. Off-take шарты – әлі өндірілмеген тауарды сату, не сатып алу туралы келісім. Өндіруші тауардың (шикізаттың) белгілі бір мөлшерін өндіруді жоспарлап, осы тауардың белгілі бір мөлшерін таңдауға келісетін офтейкер компаниялармен келісімдер жасайды. Офтейк келісімі сатып алушыға міндеттеме беруі мүмкін, бірақ, өндірушіні осы өнімді шығаруға міндеттемеуі мүмкін. Жалпы алғанда, тек белгілі бір жоба аясында өндірілуі керек өнімдерді сатып алумен ерекшеленеді. Түбінде сол жобаны қаржыландырудың өзін қамтамасыз етеді.

Экономикалық әсері және әлеуметтік жауапкершілікке келсек, зауыттың өндірісті әртараптандыру стратегиясы аймақ экономикасына оң ықпалын тигізуде. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жоғары жалақы мен қызметкерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау – бұл кәсіпорынның қоғам алдындағы жауапкершілігінің көрсеткіші. Галина Харасова атап өткендей, өндіріс барысындағы жаңашылдықтар мен жоспарлы жаңартулар саланың қарқынды дамуына серпін береді. Резеңке-металл бұйымдарының жаңа түрлерін шығару – алдағы жылға белгіленген басты міндеттердің бірі.

Кәсіпорын Сарыарқа арнайы экономикалық аумағында орналасқан. Жалпы ауданы 500 гектардан астам бұл өндірістік алқапта инвесторлар үшін логистикалық, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Мұндай қолайлы бизнес климаты кез келген кәсіпорынның аз уақыт ішінде дамуына оң ықпал етеді. Сарыарқа арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктерін пайдалану арқылы «Polymet Solutions Corporation» өз өндірісін кеңейтіп қана қоймай, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға да зор үлес қосуда. Аймақтағы өндіріс кәсіпорындары арасында серіктестіктің көшбасшы рөлі еленуде. Бұл зауыттың басты ерекшелігі – инновация мен тұрақты даму қағидаларын үйлесімді біріктіруі.

Зауыттың алдағы даму жоспарлары ауқымды. Қазіргі кезде шойын өнімдерін өндіру үшін жаңа технологиялық желілерді іске қосу бойынша жұмыстар басталып кетті. Сонымен қатар, Болгария мен Ресей нарықтарына шығу міндеті, халықаралық серіктестермен ынтымақтастық орнату – компанияның даму стратегиясының бір бөлігі. «Polymet Solutions Corporation» – заманауи технологиялық шешімдер мен аймақтық экономиканы қолдаудың жарқын үлгісі. Жоғары сапалы өнім, әлеуметтік жауапкершілік және инновацияға негізделген даму стратегиясы – бұл кәсіпорынның ұзақ мерзімді табысының кепілі. «Қазанда болса, шөмішке шығады». «Полимет» құтханасынан құр шықпадық. Телегейі теңіз ошақтың қордалы да ордалы бір күндік тірлігі ес-тұтымға осыншалық бағалы мағлұмат сыйлады…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button