Баған

Періште пейіл

Адамның тұлға ретінде қалыптасуы балғын шақтан басталары – табиғи заңдылық. Демек, құндылыққа құштарлық, ізгілікке іңкәрлік, тартымдыға тәнтілік, тағы да басқа тағылымды ұстанымдар бала бойына ерте бастан егіледі. Осынау қасиеттер сана сергектігімен жарасымды үйлесім тауып, бала есейген сайын тамырын тереңдете түседі. Жарықтық Жүсіп Баласағұнның «Бала нені білсе жастан, ұядан – өмір бойы соны таныр қиядан» деген нақылы нақты шындықтың шырайын енгізер сөз екені күмәнсіз.


Жоғарыдағы пайымдар Арқадағы орны бөлек бірегей басылым – Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіндегі журналист бауырларымнан «Елордада жүрсің ғой. Мерекелік номер әзірленіп жатыр, соған салуды жоспарлап едік. Ұлттың бас қаласының туған күніне орай, көңіл төріндегі пікіріңді қағазға түсіріп жіберсеңші» деп хабарласқанда ойыма бірден оралды.
Оның себебі жалқы – шаңырағымды шаттыққа бөлеген сәбилерімнің сәулеті сымбатты, келбеті келісті шаһарға деген айрықша ынтызарлығы. Даладан емес, Қарағанды секілді көрікті қаладан қоныс аударғанымызға біршама уақыт өтсе де, Елордаға еміне сүйсінулері әлі бәсеңдер емес. Сыртқа шықса, мәз-мейрам боп, алақандарын шапалақтап ән салудан, үйде жүрсе, терезеден Ақордаға, сол төңіректегі басқа да асқақ кейіптегі ғажайып ғимараттарға қарап тамсанудан танбайды. Ата-әжелері, алыстағы ағайын-туыс пен тетелес бауырлары телефон шала қалса, бал тілдерімен «Бізге келіңдер. Біздің астана әдемі. Президент ата отыратын Ақорданы көрсетеміз, «Бәйтерекке» алып барамыз» деп тынымсыз шақырудан шаршамайды… Міне, бұл – сезімі кіршіксіз балапандардың періште пейілі. Жаратушы нәсіп етсе, олар үшін Елорданы жан-тәнімен жақсы көру – ұлтты сүю мен елге қызмет етуге қалыптасу жолындағы бастапқы қадам.
Ел астанасын ардақ тұтар дәл осындай ұрпақтың Қазақстанның әр түкпіріндегі әр отбасында жетіліп келе жатқаны – мерейді өсірер қуаныш. Олар бүгін бас қаланың әсемдігіне құмарлық танытса, есті азаматқа айналған шақтарында мемлекет мүддесін көздейтін іргелі істерге білек сыбана кірісері анық. Ал, Тәуелсіздік перзенттері саналатын біздің буын үшін өзімізден кейінгілерге әлеуетті әрекеттеріміз арқылы өнегелі өріс кеңістігін нұсқау – парасатты пайымнан бастау алар қастерлі парыз. Бұл ұстаным әр азаматтың «бойтұмары» болуы тиіс.
Қысқасы, ақын жырындағы бейнелі сөзбен әспеттесек, Елорда – «Азияның ару қызы» (К.Салықов). Ол – Қазақ елімен бірге өсіп-өркендейтін келешегі кемел, керемет қала.
Елбасы ерекше атап өткендей, «Астана келбеті – Ұлт келбеті… Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі. Астананың абыройы – қазақ руханиятының абыройы… Астана – мемлекет дидары, халық мерейі…».

Ақжол ҚҰРМАНСЕЙІТ,
Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы департамент директорының орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button