Облыс әкімдігіндеОблыс әкіміРесми

Педагогтардың 90 пайыздан астамы екпе салдырды

Облыста білім беру қызметкерлерін коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау аяқталуда. Бұл – дәстүрлі оқуға оралу шарттарының бірі. Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте жаңа оқу жылына дайындық туралы баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, оқу үдерісінің төрт нұсқасы қарастырылуда: – қашықтан; – аралас, онда сабақтардың 80%-ы штаттық форматта және 20%-ы қашықтан өткізіледі; – аралас, онда штаттық форматта 1-4 сыныптар, 5-11 сыныптар оқиды; – 3 күннен офлайн және онлайн; – штаттық оқытуға толық көшу.

Шешім эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданады.

– Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарының 39 240 педагогы мен қызметкері немесе 92,6% коронавирусқа қарсы вакцина алды. Сондай-ақ, 18 жастан асқан колледждердің 4 389 студенті екпе жасатты. Бұл – 55,6%. Барлық ұйымдарда педагогтар мен қызметкерлердің, ата-аналардың мәртебесін тексеру үшін Ashyq жүйесі орнатылған. Барлық білім беру ұйымдары мен студенттік жатақханалар толық көлемде санитарлық құралдармен қамтамасыз етілген, – деді Гүлсім Қожахметова.

Мекемелердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп жүргізіледі.

Басқарма басшысы сонымен қатар, балалар үшін қауіпсіз орта құру туралы баяндады. Білім беру мекемелерінің жартысынан көбінде дабыл түймелері орнатылды. Дауыстық ескерту жүйелері іске қосылды. Аталмыш жүйемен оқу жылының басында барлық мектептер мен колледждер жабдықталады. 92 білім беру ұйымының кіреберістерінде турникеттер орнатылды. Бұл жұмыс жалғасуда. Басқарма басшысының мәліметінше, биыл 166 білім беру нысанында, 120 мектепте, 26 балабақшада, 19 колледжде және бір балалар үйінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек барлық жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтап, оның сапасын қадағалауды тапсырды.

– Білім басқармасы санэпидбақылау департаментімен бірлесіп, оқушылар мен студенттерді дәстүрлі жүйеде оқыту үшін жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Қорғаныс құралдарымен жабдықтауды толық көлемде қамтамасыз ету керек. Білім беру ұйымдарының педагогтары мен персоналына вакцинация жүргізу жалғастырылуы тиіс. Сонымен қатар, компьютерлер мен оқулықтармен қамтамасыз ету бақылауда. Аз қамтылған мектеп оқушыларын әлеуметтік қолдауға ерекше назар аудару керек, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button