Covid-19Коронавирус

Пандемия аяқталды ма?

Әлем екі жылдан бері әуреге салған коронавирус пандемиясынан құтылуға жақын. Өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп мәлімдеді. Екі жыл ішінде 600 миллионнан астам адам ауырып, 6 млн. адамның өліміне себеп болған вирус шынымен аяқталады ма?

Әлем елдері бойынша коронавирус жұқтыру мен одан болған өлім-жітімнің азаюына қарап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп пайымдап отыр. Ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус: «Пандемияның аяқталуына жақын тұрмыз. Қазір өлім-жітім 2020 жылғы наурыздағы көрсеткіштен төмен. Әлем осы мүмкіндікті пайдаланып қалуы тиіс», – деді. Одан кейін АҚШ президенті Джо Байденнің де «пандемия аяқталды» деп мәлімдегенін жаһан естіді. Дегенмен, коронавирус ортамыздан біржола құриды дей аламыз ба?

Қазір дүниежүзі бойынша індеттің таралуы тежелгені рас. Қазақстанда да күнделікті анықталатын жағдайлар қатары азайды. Алайда, әлі де анықталып жатыр. 20 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, коронавирус инфекциясын жұқтырған 116 жағдай тіркелді. Оның ең көбі Қарағанды облысында (28) және Астана (17) қаласында. Одан бөлек, ауырып, ем алып жатқан адамдар бар. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегінде 11 355 адамның емделіп жатқаны туралы айтылады. Олардың ішінде 142 пациент стационарда, 11 213 науқас амбулаториялық деңгейде. Жағдайы ауырлары да жоқ емес. Бес адамның жағдайы ауыр болса, үш науқас өте ауыр жағдайда. Екі адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия эпидемиологиялық матрица дерегі бойынша барлық өңірлер, тұтас Қазақстан «жасыл» аймақта екенін алға тартады. Десе де, вакцинация мен ревакцинация жұмыстары тоқтамайды.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі Айгүл Шатекова «індет аяқталды деуге ерте» дейді.

– Коронавирусты аяқталды-аяқталған жоқ деп айту министрліктің құзыретінде. Бізге ондай ақпарат келген жоқ. Жалпы, вирус жұқтырған адамдар көп болмаса да әлі де анықталуда. Вакцинация мен ревакцинация жасату бұрынғыдай жүріп жатыр. Біз екпе алуға кеңес береміз, – дейді маман.

Өңірде вакцинаның бірінші компонентімен 729 516 адам егілді. Бұл – 71,4%-ды құрайды. Толық курсын вакциналауға жататын контингенттің 66,8%-ы немесе 682 620 адам алды. Бұдан бөлек, 286 067 адам ревакцинация жасатты. Бұл – оған жататын халықтың 57,3%-ы.

Ел көлемінде екпені 10 млн-нан астам халықтың алғанын айта кету керек.

Екінші жағынан қазір тұмау уақыты. ПТР тестілеу тапсырмаса адамның тұмаумен ауырғанын не коронавирус жұқтырғанын, білмейсің. Оның үстіне, мамандардың айтуынша, қазір коронавирус қандай да бір айрықша белгілерсіз өтеді. Десе де, вирустың бұрынғыдай қауіп туғызбайтыны рас. Өзгеріске ұшырап, вирус өзінің бастапқы қалпын жоғалтып, агрессивті «қасиетінен» айырылды. Ауруханаға түсу және қайтыс болу фактілерінің азаюын дәрігерлер осымен байланыстырады. Профессор Алмаз Шарманның «инфекцияны бақылауда ұстауға мүмкіндік туды» деуі осыны білдіреді.

Пандемия аяқталған жоқ. Аяқталуға жақын. Оны толығымен жою үшін екпе бірінші кезекте қажет.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button