Озық ойлылар ойыны

      Қарағанды қаласы білім бөлімінің бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен күзгі қалалық пікірсайыс турнирі мәреге жетті.

   №15 жалпы білім беретін орта мек­тебінде өткен дебат ойындарында “Болашақ” бағдарламасының тиімсіз тұстары” және “Қазақстанның білім беру жүйесіне үш­тілділікті енгізу” тақырыптары қозғалды. Топтар екі тақырып бойынша пікірсайысқа тү­сіп, дебаттың тәртібіне сай тиімді шарттар ұсынды.

Турнирге қаланың 42 мектебінен 44 команда қатысты. Жас пікірсайысшылар додасын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері, дебат ұйымдарының мүшелері, тарих пәнінің мұғалімдері бағалады. Төре­­шілер жеңімпаздарды анықтауда коман­далардың белсенді азаматтық ұста­ным қалыптас­тырудағы мақсаттарына, оқушылар бойын­дағы көшбасшылық, шешендік қабілеттерге мән берді.

Пікірсайыс турнирінің қорытындысы бойынша қазақ лигасынан №39 гимназияның “Ұлан” командасы гран-при иегері атанды. Сәйкесінше, жүлделі орындарды №№41, 23,18 мектептері және № №57, 39 мектеп-гимназияларының командалары иеленді.

Ал, орыс лигасы бойынша гран-при жүл­десіне №9 гимназияның «Лидер» командасы лайық деп танылды. Сондай-ақ, сайыста №38, 45 мектеп-гимназиясы, № №59, 62, 32 мектептері жүлделі орындар иеленді.

Турнирдің үздік спикерлері қатарында №45 гимназияның оқушысы Виолетта Давыденко, №57 мектептің оқушысы Әсел Абзалқызы, №39 гимназияның оқушысы Аружан Сейтказиева, №23 мектеп оқушыла­ры Арайлым Елемес, Жандос Мейрманов, №9 гимназиядан Кристина Епанешникова, Карина Ұзақбаева, №33 мектептен Андрей Храпченко марапатталды.

Сондай-ақ, жеңімпаз командалар және үздік спикерлерге қалалық білім бөлімінің грамотасымен қатар, естелік сыйлықтар табысталды.

Аяулым СОВЕТ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.