Тарих

Отты жылдар елесі – “Орталықта”

ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ 2020 ЖЫЛЫ АТАЛЫП ӨТЕТІН ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 75 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КЕШЕНДІ БАҒДАРЛАМА ЖАСАП, ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДЕ. МЕКТЕП МҰРАЖАЙЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ ТОЛҚЫН ТЕМІРҒАЛИЕВАМЕН ОСЫ МӘСЕЛЕ ТӨҢІРЕГІНДЕ ПІКІРЛЕСКЕН ЕДІМ. ОҚУШЫЛАРДАН ҚҰРАЛҒАН МҰРАЖАЙ КЕҢЕСІНІҢ КҮШІМЕН «ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ» АТТЫ СЛАЙДТАР КӨРСЕТІЛІМІ, «ЕСКЕ АЛУ», «БҰЛ ҚАЛАЙ БОЛҒАН ЕДІ?», «ХАЛЫҚТЫҢ ЖАДЫНДА», «ОТТЫ ЖЫЛДАР ӨРЕНДЕРІ» АТТЫ ТАҒЫЛЫМДЫҚ ІС-ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНЫП ЖАТҚАНЫН ЖЕТКІЗДІ.

Біз үшін Жеңіс күні – аса қадірлі мереке. Қазақстаннан 1 млн. 200 мың адам майданға аттанды. Адамзат тарихындағы осынау Ұлы Жеңіске жетуде біздің жерлестеріміздің де еңбегі мен өшпес ерлігі жатыр. Біздің мектептен ондаған жас соғысқа аттанды. Олар ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қасіретті шақта Отанымыздың бостандығы үшін кеуделерін от пен оққа төседі. Қарағандының қала болып қалыптасуына барлық ғұмырын арнаған, қаланың тынысымен дем алып, тіршілігімен күн кешіп, біте қайнасып кеткен Жамбыл мектебінен түлеп ұшып, халықтың құрметіне бөленген, аты өшпестей аңызға айналған алып тұлғаларымыздың біразы тарих қойнауына сіңіп, сағынышқа айналып кеткелі қашан?! 1927 жылы ашылған осынау киелі шаңырақта соғыс басталғанға дейін барлығы 102 адам білім алып шыққан екен. Оқушылардың бір тобы мұғалімдерімен бірге соғысқа аттанса, біршамасы шахталарға жұмысқа жіберіледі. Боздақтардың көбі соғыстан оралмады. Алайда, олардың есімдері ұрпақтар есінде мәңгі қалды. Өшпес ерліктің үлгісін, отансүйгіштіктің өнегесін көрсеткен қайран ерлер – біздің мақтаныштарымыз.

Ұлы Отан соғысына алдымен мектебімізді 1937 жылы бітіріп, Чкалов авиация училищесінде оқып жүрген түлегіміз Нұркен Әбдіров, іле-шала 1938 жылғы мектеп түлегі, шахтада істеп жүрген Қыдырәлі Омаров, 1939 жылғы түлектер – Ахмедия Смағұлов, Смағұл Қанапин, 1940 жылғы түлектер – Әбушаһман Нұрмағанбетов, Жұмаш Әубәкіров, Мәзқап Түсіпбеков, 1941 жылғы түлектер – Мұхамедия Бөкенов, Бүркіт Есжанов, Жаппар Өмірбеков, Дүйсенбай Мырзахметов, 1942 жылғы мектеп түлектері. Қали Аманбаев, Рымбек Спанов, Әлихан Бәкішев және мектеп ұстаздары М.Жайықов, Қаби Есмағанбетов, Қалжан Тұңғышбаев, Мәулен Ғазалиев, Ж.Қойшыбаев, А.Дүйсенбаев, тағы басқалары шақырылды. Осы аталғандардан қазір Бүркіт ақсақал ғана бар, ол – өзі оқыған мектептің құрметті әрі тұрақты қонақтарының бірі.

Мектеп мұражайында осы аттары аталған және аталмаған жүздеген ардақтыларымыздың қолға түскен қолтаңбалары және олар туралы білетіндердің естеліктері, фотосуреттері жинақталған. Рет-ретімен фотоальбомдар жасалған. Әсіресе, мені қызықтырған құжаттар – мектеп түлектерінің соғысқа дейінгі өзіміздің «Орталық Қазақстан» газетімен байланысы. Архив материалдарымен таныса отырып, ардагерлердің «Советтік Қарағанды» («Орталық Қазақстан») газетіне шыққан латын графикасымен жазылған мақала, өлеңдерін кездестірдім. Жаппар Өмірбековтың мақаласына және Дүйсенбай Мырзахметовтың (соғыста қаза болған) өлеңдеріне көзім түсті. Соғысқа дейін, соғыс кездерінде Жамбыл мектебін бітіргендердің, не қызмет істегендердің отбасыларында мектеппен байланысты құжаттар болса, көшірмесін берер деген үміттеміз.

Ошақбай СУХАНБЕРЛІҰЛЫ,

ардагер ұстаз.

Басқа материалдар

Back to top button