Спорт

Негізгі ойыншылар қатарда

«Сарыарқа» клубының басшылығы команда сапындағы ойыншылармен әлі де келісімшарт мерзімін ұзартуда. Бұл жолы команданың негізгі ойыншыларымен келісімге келіп, бір жылдық шарт жасасты.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Команданың белді ойыншысы Егор Кузьменконы жанкүйерлер жақсы біледі. Өткен маусымда керемет ойынымен есте қалған. Жалпы, маусым бойы мұз айдынында 45 ойын өткізіп, 7 шайба салған. Әрі 18 голдық пас берген. Шабуылға ширақ жас ойыншыға клуб басшылығы тағы бір жылдық келісімшарт ұсынып, алып қалуды жөн көріпті. Негізі, ресейлік ойыншы биыл үшінші жыл қатарынан «Сарыарқа» жейдесінде өнер көрсетпек.

Қорғаушы Егор Наместниковтің есімін естісе, қарсылас команда шабуылшылары секем алатыны сөзсіз. Командасын талай қауіпті сәттен сақтаған қорғау­шы биыл да мұз айдынына «Сарыарқа» жейдесінде өнер көрсетпек. Былтыр қорғаушы ретінде айдында 50 ойын өткізіпті. Сөйте тұра, 3 шайба салып үлгерген. Әрі 11 голдық пас та шығарыпты. Бұл ойыншы биыл осы клубтың жейдесінде үшінші жыл қатар өнер көрсетеді. Әлбетте, мұндай қорғаушымен келісімшарт мерзімін ұзартқаны тек команда үшін ғана емес, күллі жанкүйер үшін де керемет жаңалық.

Шабуылшы Константин Пальмтаг сынды жас ойыншының да есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Жас та болса, сауатты әрі шапшаң қимылымен көзге түсіп жүрген ойыншыдан клуб басшылығы зор үміт күтеді. Былтыр мұз айдынына 33 мәрте шығыпты. 2 шайба салып, 1 голдық пас берген. Десе де, жасына сай тәжірибесі мол ойыншыға жаңа маусымда үміт артып отыр.

Клуб басшылығы жаңа маусымдағы команданың шабуыл шебін, қорғанысын да мықтады. Одан бөлек, қақпашыны да ұмытпаған екен. Жалпы, командада төрт қақпашы бар десек, оның екеуі кезек тұрады-мыс. Бірақ, команданың негізгі қақпашысы ретінде жанкүйерлер Данил Кадочниковты жақсы біледі. Былтыр жас қақпашы, осы клубтың мектебінен шыққан Дмитрий Пахоленконы қатарға қосқан болатын. Әрі алты ойынға шығарып, өнерін тамашалапты. Дегенмен, нәтиже жаман емес. Деректерге сүйенсек, алаңға шыққан минуттарында өз қақпасына бағытталған барлық шайбаның 92,1%-ын қайтарған. Ал, бұл дегеніңіз жаман көрсеткіш емес. Егер, ең жоғары деңгейлі қақпашылардың сейв пайызы көбіне 90% немесе одан жоғары есептеледі дегенге сүйенсек, деңгейін бағамдай беріңіз. Жаңа маусымда клуб басшылығы жас ойыншыға тағы бір мүмкіндік беріп көрмек…

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button