Абай

Отбасы – Отан тірегі

«Бір-бірімізді бала күнімізден білеміз. Атаанамыз көрші тұрған. Бір мектепте білім алып, жақын араластық, оқуға бірге аттандық. Жұбымыз жазылмай, оқу біткен соң отбасын құрдық. Міне, содан бері Әбдірахмановтар әулетіне келін болып түскеніме – 30 жыл болыпты», – деп сөзін бастады Инга Әбдірахманова. Қазір бұл отбасы Абай ауданына қарасты Құлайғыр кентінде тұрады. Көпке үлгі. Қонаққа есігі ашық, дастарқаны жаюлы. Көрші-қолаңы бар жақсылығын жарыса айтады. Ал, біз бұл отбасының өнегелі тұрмыс-тіршілігін оқырманға ұсындық…

Елімізде интернационал неке қиюшылардың саны көбеюде. Қазақстан халқы Ассамблеясы осындай отбасылармен де жүйелі жұмыс жүргізуде. Мамандардың пікіріне сүйенсек, мұндай отбасылардың арасында кикілжің сирек кездеседі. Әйтсе де, дүниетанымдары мен көзқарастары сәйкес келмей жататын кездер де болып тұрады екен. Бірақ, Серік пен Инга Әбдірахмановтар мұндай пікірлерді жоққа шығарып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Инганың өзі де интернационал отбасында дүниеге келген. Әкесі Иванның ұлты орыс болса, анасы Эльвира неміс. Өмірдегі ұстанымы бөлек жан небары 18 жасында қазақ шаңырағына келін болып түсіпті. Қазір өмірлік жолдасы Серік екеуі 1 ұл 1 қыз өсіріп отыр. Ал, немеренің үлкенін қазақы дәстүр бойынша ата-әжесінің қолына берген. – Екеуміз бір-бірімізді тыңдауды үйрендік. Шаңырағымыздың шайқалмай келе жатқаны осы қасиетіміздің арқасы болар, бәлкім. Кез келген сынақта сабыр сақтап, көптеген отбасылық даужанжалдың алдын алуға болады. Алғаш келін болып түскеннен-ақ, енем мені жылы қарсы алды. Аз уақыттың ішінде барлығын біліп, үйрендім, – дейді Инга Иванқызы. Күйеуі Серік көпбалалы отбасында дүниеге келген. Үйдің кенжесі. Қазір ата-аналарымен бірге тату-тәтті тұрып жатыр. Қайын атасы Сағынтай Нұрмағамбетұлы Абай ауданы ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Инганың айтуынша, әкесінен 14 жасында айрылған. «Қайын атам әке орнына әке болған жанашыр жан. Туған анам мен әпкем, кү­йеубалам қазір Калининградта тұрып жатыр. Үнемі хабарласып тұрамыз. Тілдескен сайын ақылын, кеңесін айтады. Басқа туыстарым мен ағайындарым Германияда, жартысы еліміздің әр аймағында тұрады. Қазақстанда тұратын ағайындарым шетелге жиі бара алмайды. Сондықтан, бауырларын сағынған шақта бізге келіп, бас қосады» – дейді.

Әр бала ата-анасынан көргенін істейді емес пе? Үлкеннің сөзін бағып, көргенін істейтін отбасы бүгінде немерелерін қазақы әдет-ғұрып, салт дәстүрмен тәрбиелеуде. Сондай-ақ, бұл отбасы «Әбдірахманов» шаруа қожалығын жүргізіп отыр. Ұрпағына мақтаныш болар өнегелі отбасының мерейі арта берсін.

Ербол ЕРБОЛАТ

Абай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button