Отбасы – ел тірегі
Елімізде отбасы мәселесіне, оның құндылықтарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соған орай, Президентіміздің Жарлығымен жыл сайын аталып өтілетін Отбасы күні белгіленді.
Бұл мәселеден Қарағанды қаласындағы №59 орта мектеп те ешқашан шет қалып көрген жоқ. Жуырда Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі, тәжірибелі ұстаз Ләззат Көпбаева адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы аясында отбасы және отбасының құндылықтары тақырыбында мектептің тоғызыншы сыныптары оқушыларына арнайы сабақ өткізді.
Балалар санасында отбасының және отбасы- құндылықтары түсінігін қалыптастыру мақсатында өткізілген шара өте тартымды болып, оқушылар бір-бірімен тығыз байланысты егіз ұғым туралы көптеген жайға қанықты. Егер Отанымыздың кішкентай бір бөлшегі болып табылатын отбасы болмаса, оның құндылығының да мәні болмас еді. Ол адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, бір-біріне деген көзқарасы мен сүйіспеншілігі. Сондықтан да «Отан – отбасынан басталады» деп тегін айтылмаған.
Отбасы және отбасының құндылықтарына арналған шарада арнайы конкурс өткізілетін болғандықтан, оған әрбір сынып буклеттер мен плакаттар және басқа да жұмыстар дайындап әкеліпті. Олардың таңдаулылары арнайы көрмелерде мадақталды.
С.АҚБАЕВ.
Қарағанды қаласы.