Жаңалықтар

Отандық тауар осал ма?

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

       Отандық тауар көзімізге оттай басылады. Қолымыз жетсе, қалтамыз көтерсе, Қазақстанның қазанында қайнап шыққан өнімдерді алуға ұмтылатын болғанбыз. Бір кездері Батысқа бұрылып кеткен басымызды, сөйтіп, бері қаратып келеміз.  Көп болып, көңіл қойған тауарымыздың бірі – Қарағанды шұлық-ұйық фабрикасының өнімі. Кеңес кезінде атағы жер жарған фабрика сол кездегі даңғой емес, даңқты жылдарымен қайта  қауышуға талпынып жүр. Таудай талабы – жеміссіз емес. Бұл күні бұқара Қарағанды шұлық-ұйық фабрикасының өнімін іздеп жүреді. Қарағандылық шұлық-ұйық фабрикасына бұл да бір дәреже.
Қарағанды шұлық-ұйық фабрикасы деп бір кездері тұтас аталған кәсіпорын  сонау бір жылдары   үш отау болып шыққан-ды. «Тэгам», «Румиэн», «Еско» аталған серіктестіктер. Бұлар аймақтағы аз-маз жеңіл өнеркәсіптің жетекші өнеркәсіптері.
Ал, бұдан біраз ғана уақыт бұрын өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінде «Халыққа арналған тауарлар» аталымында үздік шыққан «Румиэн» ЖШС-і – бүгінгі тақырып арқауы. Фабриканың үздік танылуы бұл алғаш емес. Бұған дейін өткен 2013 жылы да  фабрика өнімі үздік тауар ретінде топ жарған-ды.
Шұлық-ұйық фабрикасының заңды мұрагерінің бірі болып табылатын бұл өнеркәсіп  бүгінде Қазақстанда аталған салада көш бастаушылардың бірі. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, фабрикада бұрынғы дәстүрлер сақталған. Соған орай, фабрика 50-ге жуық алуан түрлі, әр мөлшердегі өнімдер шығаруда. Барлық өнімдер ең сапалы отандық һәм  Ресей, Өзбекстан, Қырғыз, Түркия, Қытайлық  үздік  шикізаттан дайындалады. Сонымен қатар, барлық халықаралық сапа стандарттарына толық жауап береді.
Бүгінгі таңда өндірісте итальяндық, чехтың, жапонның құрал-жабдықтары қолданылады. Олардың қатарында Lonati, Uniplet, Autotex, Pfaff, Yamato секілді компаниялардың құрылғылары бар. Тоқу автоматтары Ресей, Чехия, Италиядан жеткізілген. Ал, тігін құралы Жапония, Германия, Италия, Ресейдікі.
«Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Дамуымызды ілгерілетіп, құрал-жабдықтарымызды жаңғыртуды жалғастырамыз. Өз өнімдеріміздің  қатарын көбейтіп, сатып алушыларымызды қуантатын боламыз. Өнімдеріміздің сапасын жіті қадағалаймыз. Сырттан келетін шикізатты және шығарылатын өнімді тексеретін өзіміздің зертханамыз бар. Әрбір өнімді өндірістің барлық сатысында бақылауда ұстаймыз. Сондықтан да, зәредей де нәрсе біздің тараптан ескерусіз қалмайды. Сол себепті де, шығарылатын өнімдер жоғары сапалы және барлық талаптарға сай» – дейді фабрика басшылығы.
Бүгінгі таңда фабрикада 100-ге тарта адам нәпақасын айырып отыр. Бұл өз кезегінде, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етері және даусыз.
Фабрика ашылғаннан бергі уақытта мамандарының біліктілігін арттырып отыруды өзіне міндет етіп алған. Сондықтан да, фабриканың жұмыскерлері үздіксіз білімдерін жетілдіру үстінде. Қазіргі заманауи әдіс-тәсілдерді, технологияларды жетік меңгеруде. Фабрика мұнымен шектеліп қалған жоқ. Шұлық-ұйық өндірісіне оқушыларды да қабылдап, келесі бір мамандардың легін дайындауды да ұмыт қалдырмаған. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорын үздіксіз ізденіс арқылы ғана өндірістегі еңбек өнімділігін арттыруға болады дегенге бек сенімді.
Қазір бұқара Қарағанды шұлық-ұйық фабрикасының өнімін шам алып іздеп, киетін  болған. Бұл – фабриканың абыройы. Отандық тауардың  бәсекеге төтеп бере алатын ахуалын көрсетсе керек. Импорт деп иегіміз қышығанымен, отандық тауар да осал емес екенін осыдан-ақ ұғынсақ етті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button