Бас тақырып

Отандық медицинада – озық нәтиже

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 788 аурухана болса, олардағы төсек-орындардың жалпы саны – 98 371. Мұны неге айтып отырмыз? Ел ішіне індеттің келгені аурухана мен дәрігерлерге санақ жүргізуге итермеледі. Оған қоса, Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары елімізде індет жұқтырғандар саны 3 500-ге жетуі мүмкін деген жорамал да айтып қалды. Таралудың осынша қарқынды кезеңін қабылдап – өткізуге отандық медицинаның қауқары жете ме? Десек те, күн өткен сайын індетті жеңіп, сауығып шыққандар саны артып келеді. Бұл – әрине қуантарлық жағдай. Яғни, кесел кері шегінді. Ендеше, қазақстандық медицинаның қауқары да мүмкіндігі де артқан. Осындайда жалпы індетті ауыздықтауға отандық медицинаның қауқары жете ме деген сұрақ тууы – заңды. Дәрігерлеріміз дер уақытында ем-шара қабылдап, халықтың көңілін күпті етпеуге үлес қоса алар ма екен?!

ҚАРАҒАНДЫДА АХУАЛ ҚАНДАЙ?

Еліміздегі ауруханалардың көпшілігі 60-70-жылдары салынған. Оның үстіне, заманауи талаптарға сәйкес келмейтіні рас. Әсіресе, қазіргі төтенше жағдайда ауруханалардың жетіспеушілігі сезіліп қалды. Министр Елжан Біртанов бұл жөнінде:

«Пациенттер жұқпалы аурулар ауруханасында орташа есеппен 3-4 апта өткізетінін, елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етумен айналысатын кәсіпорындар мен қызметтердің командаларында – медицина қызметкерлері, полиция, Қарулы Күштерде инфекцияның пайда болу қаупін ескергенде, Қазақстанда көбірек төсек-орын мен арнайы аурухана керегі байқалады» – деді Қытайдағы аз уақытта тұрғызылған ауруханаларды тілге тиек етіп. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында үш инфекциялық аурухана құрылысын бастау туралы шешім қабылданды.

Осы орайда Қарағандыда вирустың алдын алу үшін жаңа жұқпалы аурулар госпиталі ашылғанын айта кеткен жөн. Онда емделушілерге арналған 100 төсек орын, сондай-ақ, 23 реанимациялық төсек қарастырылған.

Қызметкерлер вахталық әдіспен 14 күн жұмыс істейді. Бір ауысымда 57-ден 70-ке жуық дәрігер жұмысқа шығады. Қазіргі уақытта мұнда 23 қызметкер бар, олар емделушілерді қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізеді. Бүгінгі күні тек дайындық шаралары жүріп жатыр. Вахта аяқталғаннан кейін қызметкерлер карантинге орналастырылады» – деді Х.Мақажанов атындағы клиника директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев.

Сондай-ақ, жақында аймақта мемлекеттік жеке меншік әріптестік бағдарламасы бойынша қосымша вирусологиялық зертхана ашылды. Оның ПТР әдісімен (полимеразды тізбекті реакция) COVID-19 вирусына талдау жүргізуге мүмкіндігінің болғаны қарағандылық дәрігерлердің жұмысын біршама жеңілдеткені рас.

«Бізге вирусты зерттейтін зертхана ашылғанын айтты. Бұл жақсы жаңалық қой. Бір аптада зерттеуге қауқары жетсе екен. Карантиндегі күндеріміз екінші айға созылып барады», – дейді атыжөнін көрсетуге тиым салынған науқастың анасы.

Инфекциялық зертхана ашылғанда облыстың бас инфекционист дәрігері Ержан Жүнісовтен зертхананың көмегі арқылы жаңа коронавирусты емдеудің жолдарын сұрадық.

«Ауруханалардағы бұрынғы емделушілердің мазасын алмай, арнайы жеке зертхана ашылғаны дұрыс болды. Вирусты емдеуге болады. Алайда, жаңа коронавирусқа қарсы арнайы препарат жоқ. Вирусты пневмонияны антибиотиктермен емдеуге болмайды. Барлық жастағы адамдарда вирусты жұқтыру қаупі бар. Алайда, көптеген басқа да вирустық респираторлық аурулар сияқты, 65 жастан асқан адамдар мен балалар, иммундық жүйесі әлсіреген адамдарда ауру ауыр өтуі мүмкін», – деген болатын.

Жақында модульдік аурухана салған қытайлықтардың бір тобы Қарағандыға келгені белгілі. Олар да арнайы аурухуналардың қажеттілігі мен вируспен күресуде инфекционист, пульмонолог, нефролог, қарқынды терапия дәрігерлері керек екенін айтты. Қытай  делегациясының мүшесі Лу Чен:

 «Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі жақсы деңгейде, дәрігерлердің кәсіби деңгейі жоғары, заманауи жабдықтармен жарақтандырылуы жақсы. Қазір жұқпалы аурумен күресте ең бастысы – алдын алу. Бұл жағдайда Қазақстанның барлық халқы ТЖ және карантин режимінің шарттарына құлақ асу керек», – деді.

 Осы орайда Қарағанды медицина университеті мамандарының індетке қарсы иммунитетті қалыптастыруға арналған ғылыми зертханасын таныстырғанын сүйіншілеп айта кеткен жөн. Университет оқытушыларының айтуынша, бүгінде өңірде пульмонологиялық орталықтар сәтті жұмыс істеп тұр. Соның нәтижесінде індетпен ауырғандар дереу анықталып, барлығы инфекциялық стационарларға ауыстырылуда.

СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегінше, елімізде 175 705 орта медицина қызметкері бар. Қазіргі таңда соның 13 507-сі Қарағанды облысында қызмет етеді.

Ал, жалпы республикада жоғары білімді 72 877 салалық дәрігер болса, соның 6276-сы өңірімізде халықтың денсаулығын бақылауға өзіндік үлес қосуда.

 Өңірдегі білікті мамандар санының аздығы жөнінде медицина саласының мамандарынан сұрап көрген едік. Олар медициналық оқу орындарына бөлінетін оқу гранттарының саны осы уақытқа дейін шынайы қажеттілікке сәйкес болмай келгенін айтады.

 Одан бөлек, емханалардағы дәрігерлердің көпшілігі зейнет жасында. Бұл жас мамандарды жұмысқа тартуға кедергі келтіреді.

 Қарағанды медицина университетінің оқытушысы Нұрқаси Абатовтың айтуынша, облысымыздың ауылдарына жалпы тәжірибедегі дәрігерлер керек. Әсіресе, педиатр, акушер, онкологтар мен аллергологтар жетіспейді.

 Ал, Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінгі таңда Қазақстанда 4 мыңға жуық дәрігердің орны бос тұр. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында өңірлердің қажеттілігіне сай өткен жылы түлектердің 48 пайызы ауылдарға жіберілген.

ДӘРІГЕРГЕ КӨҢІЛ БӨЛІНСІН

 Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, биылғы қаңтардан бастап дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға, медбикелердің жалақысын 20 пайызға ұлғайту көзделген. Сондайақ, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен қазақстандық балаларға жазып беретін рецептуралық дәрілер тегін болмақ. Әрі қарай елдің әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарына арналған жобалар, тегін дәрілермен қамтамасыз ету спектрлері кеңейе береді.

Бүгінде елімізде коронавируспен күреске 16 мың медицина маманы тартылған. Дәрігерлер, медбикелер, кіші медицина қызметкері, санитар-дәрігерлер, туберкулез орталықтарының қызметкерлері күн-түн демей еңбек етуде. Дереккөздер бұрындары қыруар қаржыға шетелдерде жасалатын күрделі оталардың елімізде көптеп жасала бастағанын айтады. Отандық мамандар жыл сайын науқастарға 40 мыңға жуық жүрек, 35 мыңнан астам нейрохирургиялық ота жасайтын көрінеді.

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, бәріміздің де дәрігер іздейтініміз анық. Дәрігердің жақсылығын көрсек «Құдайдан кейін сол шебер» деп құлдық ұратынымыз тағы бар.

Індеттің жанына батқанын білген Қарағандыдағы «Жартас» шипажайында карантинге жабылған жерлесіміз «Қазір көпшілігіміз эмоцияға берілудеміз. Орын алған жағдайларға қарамастан, жақсылықты байқауға тырысайық. Біздің заманымыздың батырлары – дәрігерлер! Сіздерге рахмет! #BizBirgemiz» деп жазды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына. Иә, біз бірге болуымыз керек.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button