Басты тақырып

Отан қауіпсіздігі – оғландар қолында

     Бейсенбі күні Қарағанды қаласындағы «Мәңгілік алау» жауынгерлік даңқ мемориалында облыс әкімінің орынбарасы Жандос ӘБІШЕВ қатысқан әскер қатарына шақырылушыларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаздардың бұл салтанаты ҚР Қарулы күштерінің құрылуына 25 жыл толуына орайластырылды.

Сонымен, шара Қарағанды гар­низонындағы әскери бөлімдердің жауынгерлері сапқа тұрғызылып, әскерге шақырылушылар Ұлы Отан соғысында шейіт болған арагерлерге тағзым ретінде «Мәңгілік алау» даңқ мемориалына гүл дестесін қою рәсімінен басталды. Жастардың жігерін жанып, рухын оятуды мақсат еткен ұйымдастырушылар әскерге шақырылушыларға барлық сән-салтанатын жасады. Мемлекеттік Әнұран орындалып, кезек аймақ басшылығына, ардагерлерге, жас жауынгерлерге келді.

– Құрметті жерлестер, қадірлі ардагерлер, қымбатты жастар! Биыл – егемен еліміз үшін ерекше жыл. Себебі, биыл – ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Әрине, бұл әр қазақстандық үшін айтулы оқиға, зор мақтаныш. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, азаматтарымыздың тыныштығын қорғайтын біздің – Қарулы Күштеріміз. Әскері айбынды елдің келешегі кемел болатыны да сөзсіз. Осыған орай, Елбасымыз, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбашысы Нұрсұл­тан Назарбаев «ХХІ ғасырдағы қазақстандық жауынгер келбеті – ұлтжандылық, зияткерлік даму және салауатты өмір дәстүрі болуы шарт» деген болатын. Бүгін біз қалыптасқан дәстүр бойынша әскер қатарына жастарды шығарып салып тұрмыз. Әрбір жас азамат үшін елін, жерін қорғау – ең қасиетті де киелі міндет. Сіздерге үлкен сенім, зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан да, Отан алдындағы әскери борыштарыңызды адал ат­қарып, елдің үміт ақтайды деген се­німдеміз. Баршаңызды Отан Қорғаушылар күнімен, мерейлі мерейтоймен тағы да шын жүректен құттықтаймын. Еліміз – аман, аспанымыз – ашық, жұртымыз – тыныш болсын, – деді Жандос Әбішев.

Отан-Ананың тыныштығын ама­­наттаған аймақ басшысы ор­ын­басарының тілегін облыстың қор­ғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Ардақ Кукатов, ҰҚК ардагері Рахметолла Оспанов жалғады. Ал, әскерге шақырылушылар атынан сөз сөйлеу құр­меті Рамазан Ақназаровқа бұйырды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button