Жаңалықтар

Отан-Ананың тілі жалғыз

Отыз жылдан асты мемлекеттік тілдің жырын жырлағанымызға. Тіліміз мемлекеттік мәртебе алғанда бөркін аспанға атып қуанғанның бірі едім. Сонда қаладағы Абай атындағы қазақ орта мектебінде ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған бір апамыз: «Орыс тілінің үстемдік құрғанына, бері салғанда жетпіс жыл болды, қазақ тілінің қайта өрлеп мемлекеттік тіл мәртебесіне жетуіне де жетпіс жыл керек шығар», – деді…

Осы сөзді естігенде не айтарымды білмей тұрып қалғаным бар. Сонда әлгі апай: «Ренжімеңіз, орыс тілі тым дес алып, бірнеше ұрпақтың бойынан сіңіп кетті ғой», – деді. Уақыт өткен сайын сол кісінің сөзі алдымнан шыға береді. Әсіресе, қазақ тіліне қарсылық білдіріп, өзге тілді жанын сала қорғап, тіпті, сол үшін сотталып кетсе де ана тіліне оралмайтындарды көргенде әлгі апайдың сөзі есіме оралады. Ешкімнің түрін түстеп атын атамасақ та, қалалық жерде туып, орыс мектебінде оқып, ана тілінен маһұрым қалған қандастарымызды көргенде жаның ашиды. Әсіресе, өткен ғасырдың 60-80-ші жылдарында қалада туып-өскен ұрпақтың дені өз тілінен ажырап қалған. Олар құдды басқа ұлт өкілі секілді. Бойларында ұлттық иммунитет жоқ, мүлде дүбәра. Енді оларды не деп кінәлайсың? Осыдан көп жыл бұрын Балқаш қаласындағы балық шаруашылығы бойынша мекеменің ғимаратында алқалы жиын болды. Ұмытпасам, Парламент Мәжілісіне депутаттыққа үміткер ұсынып жатқан кез. Жиынға кілең қазақтар, әсіресе, Ақтоғай ауданынан көп адамдар қатысып отырды. Бір кезде мінберге көтерілген қарындасымыз орыс тілінде сайрай жөнелді. Алдыңғы жақта отырған егде жастаға әйел адам: «Қарағым, қазақша сөйле, мына жерде кілең қазақтар отырмыз ғой», – деді.

Сонда не болды дейсіз ғой? Мінбеде тұрған әлгі: «Орыс тілі – ресми тіл, әзірге оны ондай мәртебеден ешкім айырған жоқ. Сондықтан, мен орысша сөйлеймін», – деді тепсініп. Құр айбат шегіп тұрған жоқ, орыс тілін алға салып, күш көрсетіп тұр. Иә, қай тілде сөйлеймін десе, мархабат. Ол – оның құқы. Біздің заңымыз солай ғой. Ол кісі қазақша білетін қала тұрғыны, бірақ, дағды алып кеткен, үнемі орысша сөйлейтін. Болмаса, залда кілең қазақтар отыр, жиналыс қазақша өтіп жатыр, ішкі мәдениеті болса көпшіліктен кешірім өтініп, сөзін басқаша бастауға болар еді. Жоқ, орыс тілінің ресми тіл екенін, Ата Заңда ақ қағазға қара сиямен жазылғанын көзіңізге шұқып көрсеткісі келеді. Көрсетіп қана қоймай, рухыңызды жаншуға тырысады. Өкінішке қарай, біздің елде үнемі осылай біреуге қазақша сөйле десең, «орыс тілі – ресми тіл» деп қамшы үйіреді. Сондай кезде көзіне қамшы тиген ат сияқты шыр айналып тұрып қаласың. Соған қарағанда біздің тіліміздің жолы – ауыр. Өте ауыр. Орыстанып кеткен қандастарымыз өзімізге әртүрлі қарсылықтар жасауда. Бұл жерде Қазақстанда тұратын орыс ағайындарға өкпе артудың қажеті жоқ. Отыз жылдан бері өз қазағың отыз ауыз сөз үйренуге құлқы болмаса, жаным-ау, кімге ренжисің, кімге кінә тағасың?!

Бұдан шығатын қорытынды – мемлекеттік тілдің қазақ елінде жеке дара үстемдік құруына жоғарыдағылардың табандылығы қажет. Заңымыз, жұмсақтап айтқанда, солқылдақ. Оның үстіне әлі күнге Кеңес үкіметін аңсайтын керітартпалар бар (әңгіме басқа ұлт өкіл дері туралы емес). Осыдан келіп: «отбасында қазақша сөйлеңдер, қазақ пен қазақ қазақша сөйлесіңдер» деген арзан үгіттен аспаудамыз. Қазақпен қазақша қалай сөйлесесің, жоғарыдағы мысалды көріп тұрсыз ғой, «ресми тіл» деп тұрса?! Жалпы, мен халықты кінәлаудан аулақпын. Ұлы Абайдың мына бір сөзін келтірейікші. Абай атамыз айтады: «Қазаққа ақыл беремін, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі, бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек» деген («Қырық бірінші қара сөз»). Демек, мемлекеттік тілді өз деңгейіне көтеру қолында билігі бар, қаржысы бар Үкіметтің ісі. Мұны мен емес, Абай айтқан. Данышпанның сөзін бүгінгі шенеуніктер құлағына ілсе, қане? Мемлекеттік тіл – мемлекеттің ажырамас бір бөлігі деп есептесек, мемлекет өз тілін жері мен елін қалай қорғаса, оны да солай қорғауы керек. Егер, Қазақ елінің тілі қазақша болмаса, оны «Қазақ елі» деудің қандай маңызы бар? Тіпті, елестету қиын. Шыны керек, бұның бәрі – айта-айта жауыр болған сөз. Асылы, бізде сөз көп. Іске аспайтын ұран көп. Қазақ тілі қазақтың өзіне ғана керек сияқты. Әрине, қазақ тілі қазаққа керек екені айтпаса да түсінікті. Менің айтпағым, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде Қазақстан халқына, Қазақ жерін мекендеген барша ұлыс пен ұлтқа қажет. Сондықтан да, Үкімет тарапынан мемлекеттік тілге деген қажеттілік тууы керек. «Орыс тілін білмесең, нан жей алмайсың» деген секілді. Біртілділік – қазақстандықтарды тұтастыруға тиіс. Екі тіл, үш тіл дегенді ұмытқан ләзім. Әрине, өзге тілді үйренбе демейміз. Үйрен, бірақ, Қазақ елінде ешқандай өзге тіл қазақ тілімен бәсекелес болмағаны жөн. Бәрінің де шеті мен шегі болуы керек. Ат жалында жүрген азаматтардың бәрі де мұны түсінеді. Бірақ, неге екенін қайдам, «ананы ренжітпейік, мынаның көңіліне келеді» деген жалпақшешейліктен аспауда. Осыдан келіп мемлекеттік тілдің өрісі тарылып, есесі кетіп жатыр. «Елімізде қазақ мектептері көп» деп оған да соншалықты сенуге болмайды. Себебі, ертеңгі атқаратын жұмыс түгелге дерлік орыс тілінде болса, құжаттар орыс тілінде әзірленіп, қазақ тілі тек аударманың рөлін атқарса, қазақ мектебін бітірген балалар бес-он жылда білгенін ұмытады. Мүлде ұмытып қалмағанның өзінде ойын өз тілінде жатық жеткізе алмайтын, жазуы сауатсыз жағдайға жетеді. Ондай жағдай өмірде болған. Ондайды көрдік, көрмесек, білмесек, айтпас едік. Ақыр соңында балаларын қазақ мектебінен алып, орыс мектебіне беретіндердің үлесі артып кетуі ықтимал. Егер, мемлекеттік тіл өз дәрежесінде жұмыс істемесе, оған деген сұраныс болмаса, оның соңы жақсылық емес. Қазіргі күні қазақ қоғамы орыс тілін жақтайтындар, мемлекеттік тілді жақтайтындар болып екіге жарылған. Осы арада өткен тарихқа сәл көз жіберейікші. Қазақ тарихында қазақ қоғамның екі дай болып дауласуы, жауласуы арғы Қазақ хандығы заманында болмаған. Мұндай жаман қадет Қазақ елі патшалық Ресейге отар болғанда басталды. Патша билігі қазақты бір-бірімен жауластыру үшін елге болыс сайлауы сияқты зәлім саясатты кіргізген. Сөйтіп, сүйекке таласқан иттей рулас елдің өзі болыстыққа таласып, бір-бірімен айтысып-тартысып, жауласып өмір сүрген. Тарихты қараңыздар, Хан Кенені қолдаған қазақтар мен патшаны қолдаған қазақтар, Алаш арыстарын қолдаған қазақтар мен төңкерісті қолдаған қазақтар болып жікке бөлінген. Енді, бүгінгі күні қазақ тілін қолдағандар мен орыс тіліне бас шұлғығандар болып бөлініп отыр. Бұл – сол заманнан келе жатқан сайтан алғыр мінез бүгін де көрініс беріп, көршілес елдерге күлкі болудамыз. ХХІ ғасырдағы оқыған, тоқығаны мол қазақтар үшін бұл – өте ұят. Отанымыз – біреу, мақсатымыз – ортақ, көзқарасымыз неге бұлай?! Менің ойымша, мұқым қазақты ұйыстыратын бір ғана қасиетті нәрсе Отан-Анамыз. Ал, Отан деген не?!

Отан деген біздің жеріміз, ұлан-байтақ Атажұртымыз, тарихы терең ұлтымыз және Ана тіліміз. Бұл үшеуі – біртұтас, бір-бірінен ажырамайтын ұғым, яғни, Қазақстан деген алып Ел. Ол еш уақытта талқыға түспейтін аксиома болуға тиіс. Жеріміз, Еліміз Тіліміз – сол біздің Отан-Анамыз.

Енді, өзіңіз ойлаңыз, Отан-Ананың тілін қастерлемесек, біздің кім болғанымыз?! Бұл жерде «қазақ тілін қолдайтын, қолдамайтын» деген пікір болуы тиіс емес. Ондай пікірді тамырымен отау керек. Отан-Ананың тілі – біреу, Қазақ тілі. Оны қолдамасаң, кешіріңіз, сізді кім деп айтамыз?

Жауырды жаба тоқып қажет емес, әлі күнге кілең қазақтар отырып, Отан-Ананың тілін аттап өтіп, жиналыстарын орыс тілінде өткізеді. Осының өзі көп жағдайдан хабар берсе керек түсінген жанға…

Жанболат БАШАР, жазушы.

Басқа материалдар

Back to top button