Қос қуаныш – қос үміт

Биылғы жылы Қарағанды қаласындағы №93 гимназиясына үш бірдей егіздер бірінші сыныпқа қабылданды. Бір қызығы – егіздерді оқытатын мұғалімдердің өзі де – егіз.

Мұғалімдері Махаббат және Салтанат Айтбайқыздарымен бірге табалдырықты аттаған балалардың отты жанарларынан болашағына деген сенімділікті байқауға болады. Өздеріндей болған мұғалімдеріне де жандарының жақын екені көрініп тұр.

«Өскенде кім болғың келеді?» деген сұраққа ойланбастан «Тоқтар ағамыздай ғарышкер болғымыз келеді» деп, жарыса жауап берген Әбдірахман мен Әбдірахимнің жанарлары жарқ етті. Сөздерін әрі қарай жалғап, «ол үшін көп оқып, жақсы білім алуымыз керек» дейді.

Даниял болса, әлсізге қамқор болуды мақсат тұтқан. Есіне Геннадий ағасы түскен болар, кішкентай жұдырығын түйіп, алға қарай ентелей түсті. Ал Даниялдың сыңары Диляра – дизайнер болмақ. Дамыған елдің бет-бейнесін көрсететін сала. Білгір маманы болып жатса, ол – біздің жетістік.

Өздерін өте салмақты ұстаған Гүлназ бен Ділназ төтеден қойған сұраққа бірден жауап бергілері келмей, «ойланамыз» дейді. Кім болатынын білмегендігі емес, әр нәрсеге сабырмен қарап, салмақтап алып жауап беретіні байқалады.

«Егіздердің психологиясы да өзге балаларға қарағанда өзгеше, сол себепті жаңа оқу жылында білім алуға келген балаларды егіз мұғалімдерге беруді шештік»,– дейді аталмыш гимназия директоры Ләззат Темерханова.

Арманы асқақ ұрпақ үлгі тұтатын алдыңғы буын ағалары бар. Оған да шүкір! Қанаттарын қатайтып, оны көктету – мектептің алдында тұрған үлкен сын. Мәңгілік Елдің дәні мектепте көктейді деген – осы. Өмірге келіп, ата-анасын екі есе қуантқан егіз бүлдіршіндер болашақта Егемен еліміздің беделін екі есе асқақтатары анық!

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.