Жаңалықтар

«Орталықтың бәйгесі» – оқырманға жол тартты

img_4531Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

       Аймақ руханиятының алтын ұясы, өңір жұртшылығының «көзі мен құлағына» айналған қасиетті қара шаңырақ – облыстық «Орталық Қазақстан» газеті іргесі қаланғанына аттай 85 жыл толған торқалы тойын балғындардың құттықтауымен бас­тады. Мерейтойға орай ұйымдастырылған «Орталықтың бәйгесі» мәресіне жетіп, оза шапқан бүлдіршіндер, жетелей келген ата-аналары һәм ұстаздарымен бірге Бас редактордың кабинетінен табылды.img_4532

Қалам – қасиетті. Қай журналист болмасын, қалам ұстаған сайын Алласының алдында отырғандай ақтарылып, адал жазуға тырысады. Алайда, ақтарылып жазғанның барлығы адал жазады деп айта қою қиын. Қиын болған соң да екінің бірі журналист бола бермейді. Маңдайына жазылғаны, тағдырына таспаланғаны ғана қалам тербейді. Саусағы сүйелденгенше «сүт бетінен қаймақ» қалқып жүрген аймақтың қажырлы журналистерінің «Орталық Қазақстанға» ірге тебуі де сондықтан. Ақтарылып жазып, адалдықтан айнымайды. Айнытпайтын да сол жүректегі тазалық. Тазалық демекші, сол кіршіксіз дүние бар адам баласынның жүрегінде болды емес пе? Анадан туғанында. «Адам боп туу – анадан, айуан боп кету – өзіңнен» (Қадыр Мырза-әлі). Анадан ақ боп туып, адалдығын әлі жоғалтып үлгермеген бүлдіршіннің жанарына үңілген сайын ар алдында айыпталасың. Балиғат жасына толмаған баладан таза не бар? Ештеңе жоқ. Жоқ болған соң сол тазалықтың нұрына шомылып қайтуға тырысасың. Біздің ұжым да солай. Бала жүрегіндегі пәктікке шомылуға ынтызар.
– «Балбөбек» бетін ұйымдастыруды алғаш қолға алған «Орталықтың» бұрынғы редакторы – Рымқұл Сүлейменов болатын. Баланың бақыт, бөбектің жақұт екенін білген азамат қой. Оқырманның ортасы толсын деп барын аямады. Біз де сол игі дәстүрді үзбеуге тырысып келеміз. Балаға төккен жылуымыз далаға төккендік емес. Қайтарымы – олардың көз қуантарлық шығармашылығы. Жампоз журналист болмаса да, жақсы оқырман болуға лайық – осы бүлдіршіндер, – деді газетіміздің Бас редакторы Мағауия Сембай.
Әдетте лездеме өтетін дөңгелек үстел бұл жолы балғындарға берілген. Қызығып қарап тұрмын. Анау орын Бас редактордың орынбасары, мынау орын жауапты хатшы жайғасатын тұс. Бүгін бәрі өзгеше. Сол орындардың барлығына бір-бір бүлдіршін жайғасқан. «Әй, мынау менің орным ғой» дедім ішімнен көбіне тілшілер отыратын тұсқа қарап. Өзім сияқты қара домалақ шашын түзеп-түзеп қояды. Ойланып қалдым. Бір-бір болашақ журналистер. Ізімізді басатын, көшімізді жалғайтын да осылар болар. Кім білсін?!
«Абайдың «Күз» атты өлеңін кім жатқа біледі?» деді бір сәтте Мағаш ағам. «Мен» деп әлгі қара домалақтың ұшып тұрмасы бар ма? Таңдайы тақылдап, оқи жөнелді. Болайын деп тұрған бала екен…
Бұған дейін газетімізде осы байқаудың басталғандығын хабардар еткен болатынбыз. Байқауға қатысушылар газеттің тарихынан, қызмет атқарған қаламгерлер, жалпы, аға басылым туралы білетіндерін бір шығарманың аясына сыйдырып, көркем тілмен беруі тиіс еді. Толқып тұрған балалар жүлделі орындарын да асыға күтіпті. Сонымен, жүлделі І-орын Санжар Хамзаға (Ақтоғай ауданы), ІІ-орын қарағандылық Аяулым Рахман мен Сайдулла Зарлыхановқа, ІІІ-орын Нұрбақыт Нұрбай (Қарқаралы ауданы), Ұлпан Масайнова (Қарағанды қаласы) мен Айым Құдайбергенге  (Шет ауданы) бұйырды. Бұдан бөлек, бәйгеге қатысқан балғындарға «Балбөбектің штаттан тыс тілшісі» куәлігі берілді. Ал, жеңімпаздардың шығармалары «Балбөбек» қосымшасының келесі санында жарияланатын болады.

Суреттерді түсірген
Н.ҚАНАФИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button