“Орталықта” ізім қалды
Қасиет қонған қарашаңырақ дейміз ғой. Қасиет қону үшін де біршама тер төгілді. Абырой аспаннан жаумайды, маңдай тер мен адал еңбекпен келетін бақ – бұл. Газеттің маңдайына біткен бағы оның басшылары, редакторлары. Мен өзім мақтанғандай болмайын, бірақ қолымнан келген жерде аянбадым.
1995 жылы мені облыстың қаржы бөлімінде басшылық қызмет атқарған Әнуарбек Сұлтанғазин Жезқазғаннан арнайы алдырды: «Осы басылымды баста» деп. Басында, әрине, қарсы болдым. Менің журналистика саласына қатысым жоқтығын алға тарттым. Мамандығым тіпті басқа. Дегенмен, маған «сенде ұйымдастырушылық қабілет бар, қазір бізге ширақ, істі дөңгелетер маман қажет» деген соң, буынып-түйініп аттанып кеттім. 1996 жылы «Орталық Қазақстан» газетіне редактор болып тағайындалдым. Ол бір газет «тар жол тайғақ кешкен» кезең болатын. Қызметкерлер жалақыдан қиналып, зейнеткерлер зейнетақыдан қағылған шақ. Оның үстіне көліктен қарап қалған екен. Міне, осындай қысылтаяңда басшылықтың қолдауымен қызметке кірістім. Келе сала ең негізгі мәселелер жалақы, газеттің көлік мәселесін шештім. Мекеменің жөндеу жұмысын қолға алдым. Журналистерге жаңа компьютерлерді де алдырдым. Маған ол мәселені шешуге облыстың қаржы бөлімінде басшылық қызмет атқарған Әнуарбек Сұлтанғазин және орынбасары Әбікен Төлеубаев қолдау көрсетті. Бір жыл көлемінде ғана қызмет қылдым. Бұл жайттар туралы тіпті сол «Орталықтың» журналисті Аман Жанғожин де жазған газетке. Қолымнан келгенше жандандыруға тырыстым. Еңбегім зая кетпеді. Жақсылықтың жаршысы жұрт бұл шаруаларға куә…
Газет ұжымын тоқсан жылдық торқалы тойымен құттықтаймын!
Батырхан ЖАНАТОВ, Газеттің 1996-1997 жылдардағы Бас редакторы.