«Орталық» айнымас серігіме айналды
Өз басым газет-журналды жас кезімнен оқимын. Мемлекеттік қызметке келгелі мерзімді басылымдар айнымас серігіме айналды. Өйткені, онда аймақтың тыныс-тіршілігі, экономикасы, өндірісі мәдениеті мен өнері бар. Осының бәрін «Орталық Қазақстан» газетінен оқып, танысып отырамын.
Меніңше, мемлекеттік қызметтегі әр адам міндетті түрде газет оқуы керек. Болашағыңды бағдарлап, жұмысыңды жүйелеп отыру – аса маңызды.
Рухани жағынан таным көкжиегімнің кеңейе түсуіне «Орталық Қазақстан» газеті де ықпал етеді.
Сонымен қатар, облыстың бас басылымы аймақтың шежіресі іспетті. Қаншама жылдар өтсе де, бүгінгі күніміз «Орталықтың» беттеріне қатталып, сақталып тұрады. Сондықтан да, менің бұл газетке деген құрметім бөлек.
Ауыл әкімі қызметінде жүргеніме біраз болды. Осы жылдар аралығында өзім басшылық ететін ауылдарға шамам жеткенше жақсылық жасап, дамытуға күш салып келемін.
Ал, Қасым Аманжолов ауылдық округіне келгелі жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті. Өйткені, ауылдық округтің орталығы Талдыдан бөлек, Белдеутас, Аққора, Сарыобалы, Ақбай-Қызылбай сынды білдей төрт бөлімше бар. Енді бар күш-жігерімді осы ауылдарды гүлдендіруге жұмсап жүрмін.
Газетті өзім ғана оқып қоймай, «Ауылымның тұрғындары оқысын, елдің хабарын алып отырсын!» деген ниетпен өз қаржыма «Орталық Қазақстан» газетінің 50 данасын жаздырып бердім. Ауылымыздағы зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар да енді газет алып оқиды.
Оның үстіне, қазір газетке жазылу өте оңай. Ауылда отырып-ақ, Kaspi.kz қосымшасына кіріп, жазылдым. Ал, газетке жазылуға арналған Kaspi QR коды газеттің мұқаба бетінде тұр.
Ауылда елі үшін еңбек етіп жатқан белсенді әкімдерді, азаматтарды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жазылуға шақырамын!
Ербол ИСАТАЙҰЛЫ,
Қасым Аманжолов атындағы ауылдық округтің әкімі.
Қарқаралы ауданы