Тұсаукесер

Ортақ олжа

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Алғыс айту күніне орай, Достық үйінде шешен мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Зулай ИСАКИЕВАНЫҢ «Шешендер мен ингуштердің 1944-1957 жж. Қазақстан тау-кен өндірісін дамытуға қосқан үлесі» атты кітабының тұсаукесері онлайн форматта өтті. Биыл шешендер мен ингуштердің Қазақстан мен Орта Азияға жер аударылғанына 77 жыл толып отыр.

Оған этномәдени бірлестіктер мен аналар кеңесінің, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің, ғылыми- сараптама тобының өкілдері, шешен мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын алдағы Алғыс айту күнімен құттықтап, Зулай Сулимовнаға ризашылығын білдірді. Ерлан Бейсембайұлы бұл кітаптың құжаттық дереккөздер негізінде жазылғанын және көптеген зерттеу материалдары белгісіз фактілерді ашуда маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан өткен ғасырдың 30-шы жылдары қоныс аударушы адамдар үшін екінші Отанына айналды.

Дерекке сүйенсек, Шешен- Ингуш АССР-нен 496 мыңнан астам шешен ұлтының өкілдері көшірілген. 1940 жылдары Қарағанды көмір бассейні жұмыс күшіне аса мұқтаж болды. Шешен-ингуштардың келуі жұмыс қолының жетіспеушілігін жоюға көмектесті. Олар шахталарда жоғары еңбек көрсеткіштеріне қол жеткізген.

Автордың әкесі Сүлім Исакиев «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Бахтиар Бекмурзаевқа кітаптарды табыс етті. Ал, 20 дана кітап Қарағанды жоғары оқу орындарының ҚХА кафедраларына, облыстық кітапхана мен мұражайларға берілді.

Онлайн жиынға Шешенстан Республикасынан қосылған Зулай Исакиева зерттеу кітабының жазылу тарихына тоқталып, қолдау көрсеткен қазақстандық танымал тарихшыларға алғысын жеткізді. Шешен мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Вах Гадаев, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың тарих факультеті деканы Жамбыл Жұмабеков, облыстық мемлекеттік мұрағат директоры Жаңагүл Тұрсынова пікірін білдірді.

– Ұлы Дала түрлі ұлт өкілдеріне пана болды. Бұл зерттеу кітабы – ортақ олжа. Біздің Қазақстан мен қазақ халқына деген алғысымыз шексіз, – деді шара модераторы, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button