БілімЖаңалықтар

Орны бөлек «Оқушылар сарайы»

Қарағанды қаласындағы «Оқушылар сарайы» балаларға қосымша білім беру, мәдени-сауықтыру, әдістемелік-ұйымдастыру бағыты бойынша жұмыс істейді. «Оқушылар сарайы» КМҚК мектептен тыс ұйымы – 2006, 2011 жылдары республикалық «Бiлiм ұясы» байқауында «Үздік мектептен тыс ұйым» атанды, 2012-2017 жылғы оқу жылдары бойынша Үздік мектептен тыс ұйымы марапатына ие болды. Сарай Қарағанды қаласының балалары мен олардың ата-аналарының әлеуметтік сұранысына сәйкес қызмет атқарады.

Оқушылар сарайындағы тәрбие жұмысы ҚР-ның негізгі нормативтік құжаттарына сәйкес және 2019-2024 жылдарға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі сегіз бағыты бойынша жүзеге асырылады.

Рухани адамгершілік – жеке тұлғаның ой тереңдігі мен байлығын анықтайтын негізгі қасиеттер. Сондықтан, жастарға ерте жастан осы қасиеттерді бойына сіңіру және дамыту өте маңызды. Баланың қоршаған ортамен таныс болуы – оның жеке тұлға болып қалыптасуына зор ықпал етеді.

Патриот болу үшін адам өзі өмір сүретін жердің тарихы мен мәдениетін терең біліп, құрметтеуі керек. Оқушылар сарайының педагогикалық ұжымы балаларға қазақ халқының мәдени мұрасын таныту мақсатында 2014 жылдан бастап «Алтын бесік» бағдарламасын оқу-тәрбие процесіне енгізді. Бағдарлама аясында Оқушылар сарайында «Ақсораң» экскурсия және өлкетану орталығы ашылды. Жыл сайын мектептердің сұранысы негізінде түрлі бағыттар бойынша экскурсия ұйымдастырылып, Қарағандының тарихи-мәдени ескерткіштеріне, Долинка ауылындағы Қарлагқа, Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығына саяхат жасайды.

Бұдан бөлек, «Алтын бесік» бағдарламасы аясында 10 жылдан бері еліміздің түпкір-түпкіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерге экскурсиялар ұйымдастырылып келеді. Оның ішінде, облыс мектептерінің балалары үшін ең сүйікті және танымал бағыттардың бірі – Түркістан қаласына жасалатын өлкетану саяхаты. Экскурсия ежелгі Отырар, Арыстанбаб кесенесі мен Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде жалғасады. Танымдық саяхат ежелгі Сауран қаласына баратын сапармен аяқталады. Сондай-ақ, көктемгі демалыс кезінде Сарай педагогтері оқушылар үшін Алматы қаласының тарихи орындарына саяхат ұйымдастырады.

«Алтын бесік» бағдарламасының келесі бір бағыты – «Шаңырақ» мәдени-демалыс бағдарламасы. Оқушыларды қазақ халқының негізгі салт-дәстүрлерімен таныстыру және оны құрметтеу мақсатында ұйымдастырылады.

Отанды сүю кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Жыл сайын «Алтын бесік» бағдарламасының аясында, жаз мезгілінде тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға, өңірдің жас жеткіншектеріне Қарқаралы ауданының демалыс базасы аясында «Қазыналы Жерұйық» бағдарламасын өткізу дәстүрге айналды. Бағдарламада Бектау-ата, Қарқаралы мемлекеттік ғылыми-зерттеу учаскесі, Әулиетау үңгірі мен тас лабиринті, Шайтанкөл көлі, Кент шатқалы, сонымен қатар тарихи-өлкетану мұражайы мен Құнанбай мешіті, Абай үйіне экскурсиялар жасалады.

Сонымен, балалардың рухани дүниесі бай болуына, қызығушылықтарын оятып, талғамы мен ой-өрісін жетілдіруде мұндай экскурсияның орны ерекше. Оқушыларды рухани-адамгершілік тәрбиесі арқылы толыққанды жетілген азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың басты мақсаты болып отыр.

Ал, біздің басты мақсатымыз – қосымша сапалы білім бере отырып, мектептен тыс ұйымдарда өткізілетін барлық іс-шаралардың балалардың қоғамдық өмірге белсене араласуына, шығармашылық қызығушылығын қалыптастыруға, олардың ой-өрісін дамытуға, өз қабілетін көрсетуге және жаңа достар табуына мүмкіндік беруге бағытталған.

А.АҚПАРОВА,

«Оқушылар сарайы» КМҚК Қосымша білім беру педагогі

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button