Бас тақырып

Оркиіктің обалы кімге?

Киік. Браконьер. Қылмыс. Жаза. Осы ұғымдар соңғы жылдары жалпақ жұртқа таңсық болмай барады. Бұрынғыдай бұл жаңалықты ести сала жаға ұстаудан қалып барамыз, шындығында. Кие деген тағылымды былай ысырып қойдық. Браконьерлердің тіс қаққандары сонша, киікті қойып, оны қорыған кісіні атады. Ушықтырды дейікші. «Ел аман, жұрт тынышта» осымен үш бірдей инспектор кісі қолынан қаза тапты. Шешім қандай? ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен жаза күшейтілді. Заңға жаңадан енген өзгертулер бұзақылардың жолын бұғаттай ала ма?!

 

Заң күшіне енді

 Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының орынбасары Дарын Әбілғаниевтің айтуынша, қылмыстың алдын алу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Алайда, тіс қаққан қылмыскерлердің айла-тәсілдері сан соқтырып кететінін жеткізді. Жыл басынан бері 22 қылмыстық іс тіркелген екен. Оның 8-і заңсыз киік ату бойынша. Елді дүрліктірген жыл басындағы оқиғаны қоса есептегенде. Ал, ізім-қайым жоқ болатын қаскөйлердің де қарасы – қалың. Тіпті, олар ұсталғандардың есебінен асып түспесе, кем емес.

Аталған мекеме берген мәліметте облыс аумағына тиесілі киіктің жалпы саны – 111 500 басты құраған. Былтырғы жылмен салыстырғанда саны 30%-ға артты. Өткен жылы олардың саны 76,4 мың басты құрады. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қарауға алған аумақ көлемі – 42 млн. гектар. Олар осы көлемді өздеріне бекітілген 18 көлікпен жіті қадағалайды.

 –2019 жылғы 28 қазанда “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңы қабылданды. Қолданыстағы заңнамада жануарлар дүниесін қорғайтын инспекторлардың құзыреті кеңейтілді. Инспекторлар табиғат заңнамасын бұзған браконьерлерді тоқтатуға, құжаттарын тексеруге, ұстауға, олардың аулау құралдары мен техникаларын тәркілеуге мүмкіндік алды. Киік және бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулағаны үшін жаза күшейтіліп, айыппұл мөлшері өсіп, жеке бас бостандығын айыру мерзімінің ұзақтығы 5 жылдан 12 жылға дейін өзгертілді. Бұдан басқа, орман, балық және аңшылық шаруашылығы саласында бірқатар өзгерістер енгізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, 15 қарашадан бастап заң күшіне енді. Анығында, №335, 337, 339 баптар күшейтілді, – дейді Дарын Әбілғаниев.

72 емес, 130 киік…

Кейінгі болған қылмыстық істі баяндайық. 26 қазан күні сағат 15:00 шамасында «Охотзоопром» инспекторлары Нұра ауданы, Жаңабөбек ауылынан шамамен 60 шақырым жерде мүйіздері араланған 30 киік ұшасын табады. Қылмыстық іс қозғалады. Ертеңінде атылған киіктердің саны 72-ні құрайды. Оның ішінде 67-сінің мүйізін кесіп алған.

Ал, қалған 5 жас төлінің екеуінің мүйізін қағып алған. Оқиға орын алған жерден 12 калибрлі «Феттер» мылтығының 5 оғы табылады. Инспекторлардың жедел-іздестіру шаралары кезінде 27 қазан күні түс ауа қара түсті «Toyota Land Cruiser» және сұр «Toyota Land Cruiser 80» көліктерін қуа жөнелгенімен, ілесе алмай қалады. Қаскөйлер Ақмола және Қостанай облысы аумақтары шекарасындағы Майлыкөлге қарай беттеп, із суытып үлгереді. Артынша «Охотзоопром» қызметкерлерінің мәліметінше, сол аумақтан 130 киіктің жансыз денесі табылады. Ал, құқық қорғау органдары өкілдері қылмыскерлерді іздестіру шаралары әлі де жалғасып жатқанын жеткізеді.

 Инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өлімінен кейін де бұл қылмыс тоқтай қоймады. Не десек те, киікке шүйліккендер айылын жимай тұр.

Құқық қорғаушының қатысы бар

Айтпақшы, Нұрғалиев ісінің алдында Жезқазғаннан ұйымдасқан қылмыстық топ Нұра ауданына қарай беттейді. Екі джип көлігін тізгіндеген олар табыннан 12 киік атып алған. Мүйіздерін аралап, «олжаларын» еселейді. Заңсыз аң аулаған олар мемлекетке 30 303 000 теңге залал келтіреді. Сол күні «Охотзоопром» инспекторлары «Тур-Марганец» карьерінен 15-20 шақырым жерде табиғат қаскөйлерінің іздерін байқап, қылмыстық топтың соңына түседі. Тергеу жұмыстары барысында қылмыскерлердің бұған дейінгі былықтары шығады. Арасында Жезқазған аймағына қарасты елді мекендердің бірінің полицейі болады. Қызметін асыра пайдаланып, олжалы болғысы келген оның жолы кесіледі. Қызметінен шеттетілді. Қылмыстарын толық мойнына алған олардың көліктері, мылтықтары тәркіленіп, шыққан шығын толықтай өндіріледі. Қылмыстық жазаға тартылды.

Топтық жазаға тартылады

Жекелеген адамдар да қылмыстың бұл түрімен айналысып жатады. Тіпті, қолға түскендері де бар. Бірақ, оларды құрықтау қиынның қиыны. Мәселен. Қаражал қаласынан шамамен 60 шақырым жерде жылқысын іздеп жүрген азаматқа үш киік кездеседі. 16 калибрлі мылтығымен біреуін атып алып, ішекқарнын, басын, төрт сирағын кесіп, далаға тастап кеткен. Жемтігін мотокөлігінің алдына бөктеріп алған ол қалаға кіріп келе жатқанында полиция қызметкерлерін байқап, қала сыртына қайта шығып, киікті лақтырғалы жатқанда қолға түседі. Кінәсін толық мойындап, одан 2 351 250 теңге мүліктік шығын, 78 375 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілген.

Қызылорда облысынан мал іздегенсіп, арнайы келетіндері де бар. Мысалға «Toyota Land Cruiser GX 05» көлігін тізгіндеген 3 жігіт және «УАЗ» көлігіндегі Мақсат (есімі өзгертілді) керек-жарағын алып серіктестерінің ізімен жүріп отырған. Әлгіндегі Мақсат 7-8 жасар екі киіктің басын тауып алып, көлігіне артып алады. Келесі күні Қоскөл селосынан 45 шақырым жерде ол 6-7 айлық екі киікті сойып, көлігіне артып жатқан кезде инспекция қызметкерлеріне ұсталады. Қылмысты мойындаған одан 5 050 500 теңге қаражат талап етеді. Темір торға тоғытылмауы үшін қаражатты бөліп төлеуге келісім алады. Мұнда кінәні Мақсаттың мойнына артып тұр. Алдындағы үшеуі жазадан босатылды. Енді, заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, инспекция қызметкерлерінің айтуынша, топтық жазаға тартылады екен.

Ашиды жаның…

Жақында Ұлттық Қауіпсіздік комитеті 1 тонна 118 келі болатын мүйізді қытайға асырмақ болғандардың жолын кесті. Мамандардың есебі бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетінен мемлекетке келген зиян 5 млрд 664,6 млн. теңге. Олар шамамен 3 000 киікті өлтірген.

Орал шекара жасағының «Сырым автомобильдік» шекаралық бақылау пунктінде Орал-Самара бағыты бойынша «Крайслер» көлігімен кетіп бара жатқан 1972 жылғы туған ҚР азаматы ұсталды. Шекара наряды автокөліктің жүк салғышын тексеру барысында жасыл және көк түсті екі жол сөмкесіне салынған жалпы салмағы 120 кг жаңа кесілген 348 дана киіктің мүйізін табады. Шығын 439 350 000 теңгені құрайды.

Қысқасы, Қытайда мүйізге деген сұраныс жоғары. Оған жоғарыда келтірілген қылмыстық іс негіз. Бұл контрабандалық жолмен барған заттарды Қытай шекарасы да қадағалайды. Десек те, із жасырып, айласын асырып жатқандар аз емес.

Бейресми мәліметке келсек, браконьерлер мүйіздің бір келісін (4 мүйізді) 40 мың теңгеге тапсырады екен. Ал, Қытайда киік мүйізінің әр келісі кем дегенде 1000 доллардан асады. Тіпті, 4 мың АҚШ долларына бағалайтын нүктелер де бар деседі. Аңғарсаңыз, сол Қытай елі шикізатты бізден сатып алып, дәрі жасап, өзімізге кері сатады. Ал, біз болсақ табиғи байлығымызды тәрк етіп жатырмыз. Жаның ашиды. Қаның қайнайды…

P.S: Айтпақшы, таяуда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында «Toyota Land Cruiser 100» көлігін тізгіндеген қылмыскерлер инспекторлардың құрығына түсті. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, олар ішінде екі киік және қару-жарақтары бар көліктерін өртеп жіберген. Шамасы, жаңа Заңның күшіне енгені құлақтарына шалынған-ау…

Бәрібір, көкейімізде «Оркиіктің обалы кімге?» деген сауал тұрады.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button