Бас тақырып

Оразбековтің есімі ескерілсін

Асқар тау алыстаған сайын биіктей түседі. Сол сияқты жаны жайсаң адамдар өздері өмірден өтсе де, нұрлы бейнелері көңіл төріндегі сарғайған сағынышқа айналып, жақын таныған жандардың жадында жасай береді екен. Мен үшін сондай абзал адамның бірі – қарымды қаламгер, жампоз журналист, ақмылтық аудармашы Нұрмахан Оразбеков!

Қайран Нұрмахан аға!

Ол өндір жас кезінен қазағы үшін отқа түсуден тайынбайтын өжет жігіт болыпты. Бұл туралы студент кезінде бірге оқыған даңқты жазушы Мұхтар Мағауиннің әдемі естелігі бар. Қостанай облысына ауыл шаруашылығы жұмысына барған студенттерге жергілікті орыс жігіттері қырғидай тие берсе керек. Сонда Нұрмахан ағамыз жауға жалаң қолмен шапқан жалаңтөс батырша оларға қарсы жойқын төбелес жасапты.

Қазақ университетінің журналистика факультетін 1962 жылы бітіріп шыққан Нұрмахан Оразбеков Жезді, Түркістан аудандық газеттерінде, республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, партия тарихы институтында қызмет атқарған. 1974-1988 жылдары ҚазТАГ-тың бас редакторы, директордың орынбасары лауазымдарында болған.

1988 жылдың қараша айынан 1991 жылдың желтоқсан айына дейін Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Одан кейін Қазақстан Республикасының Баспасөз министрлігі алғаш құрылғанда сол министрліктің Мерзімді баспасөз бас басқармасының басшысы қызметін атқарған.

Нұрмахан аға «Орталық Қазақстан» газетіне бас редактор болып қызметке келген бетте ұжымдағы журналистерге: «Жігіттер, кім жақсы жұмыс істесе, газетке жақсы материал жазса, сол менің туысым!» деген.

Ол кезде мен облыстық «Қарағанды жастары» газетінің редакторы едім.

Бірде қазақтың классик қаламгері Бейімбет Майлиннің Рәзия деген қызы өзіміздің Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде тұратынын кездейсоқ жағдайда естідім де, жаныма фототілшіміз Балқан Ахметовті ертіп, Жаңаарқаға тартып кеттім.

Рәзия апайдың ардақты әкесі туралы жүрек тебірентетін естелік әңгімесін бір күн бойы тыңдадым. Қарағандыға қайтып оралған соң, бірден жазуға отырдым. Бұл көл-көсір деректі очерк болып шықты. Ал біздің 8 беттік газетіміз аптасына бір рет қана шығатын.

Содан кейін машинкаға басылған «Би-ағаның бір баласы» деп аталатын 50 бет очеркімді алып, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Нұрмахан Оразбеков ағаға бардым. Соның алдында бірер жыл бұрын «Социалистік Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Бағдат Мекеев екеуіміз Нұрекеңе сәлем беріп, қызметімен құттықтап, өзімізді таныстырып шыққан болатынбыз.

– Қалдырып кет, көрейін, – деді ол.

Ертеңінде «Орталық Қазақ­стан» газе­тінің кезекті санында осы очеркімнің бі­рінші бөлімі жарқ ете қалды. Содан апта бойы күн сайын үзбей жариялап тұрды.

...Әлі есімде, 1991 жылдың қыркүйек айының бел ортасы еді.

Кеңес Одағының Батыры Тоқ­тар Әубә­кіров қазақ халқының атынан ғарышқа қанат қаққалы отырған қуанышты кезең болатын.

– Жігіттер, бұл біздің халқымыз үшін ақ түйенің қарны жарылатын торқалы той ғой! Осы күнді қазақ халқы 30 жылдан бері сарғая күтіп келді. Біз бұл тарихи оқиғадан қалыс қалмайық. Ғарыш айлағына редакциямыздың бір жігітін арнайы іссапарға жіберейік. Тоқтар батырдың ғарышқа қалай ұшқанын өз көзімен көрсін. Газетімізге сол тарихи сәттен жедел түрде репортаж дайындасын. Бұған қалай қарайсыңдар? – деді редакцияның кезекті апталық лездемесінің соңында бас редакторымыз Нұрмахан Оразбеков.

– Тіпті тамаша болар еді!

– Оған сөз бар ма?

– Әрине, қолдаймыз! Тамаша ұсыныс! – деп ду ете қалды журналист ағаларым мен апаларым тұс-тұстан.

– Онда жөн. Ал, кімді жібереміз? – деп жымия қарады Нұрмахан ағамыз.

Редакцияның ақпарат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген кезім еді. «Сен тұр, мен атайын» деп жүрген орда бұзар 30 жастағы кезім ғой. Алдымды біреу орап кетердей көрсем керек.

– Мен барайыншы! – деп орнымнан қарғып тұрдым.

– Иә, Төлеубай барсын. Жазуы да ұшқыр. Бөлімі де ақпарат саласы. Жолы да, жөні де солай ғой өзі, – деді әріптестерім.

Бұл ұсынысты бас редактор да қолдады.

Ол тиісті орындармен сөйлесіп, арнайы хат жолдады. Ғарыш айлағына баратын республика журналистерінің тізіміне мені де қосты.
Сол тарихи оқиға туралы «Орталық Қазақстан» газетінің екі санында «Сұңқардың самғау сәті» деп аталатын деректі репортажым жарияланды. Бұл журналистік еңбек жолымдағы жарқын сәттердің бірі ретінде жадымда қалды.

Ол облыстық газетке редактор болған жылдары Қарағанды облысының экономикалық және өнер мен мәдениет, білім мен ғылым және тағы да басқа салаларын одан әрі дамыту туралы көптеген проблемалық мақалалар жарияланды. Сол уақыттан бері облысымыз бен Қарағанды қаласы қарыштап дамып келеді. Бұған бас редактор Нұрмахан Оразбеков басқарған облыстық басылым журналистерінің де қосқан сүбелі үлесі бар. Олар қайламен болмаса да, қаламмен із қалдырып, газет бетінде аймақтың өзекті мәселелерін көтеріп жүрді.
Нұрмахан аға Қарағанды облы­сының «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарып жүрген кезеңінде елдің арасына аңыз болып тараған ерен ерлік жасаған еді.
Кеңес Одағында орын алған 1991 жыл­ғы тамыз бүлігі кезінде оның облыстық газеттің бірінші бетінде жариялаған атақты «Иә, бұл – төңкеріс» деген мақаласы – тарих қойнауында хатталып, ұрпақ жадында жатталып қалды.

Сол кезеңде басқалар не істерін білмей абдырап қалғанда, Қазақстан түгілі, Кеңес Одағы бойынша бүлікшілерді әшкерелеп, газетке жарияланған алғашқы мақала осы болатын! Мұны сол кезеңде Кеңес Одағына таралып тұрған беделді «Журналист» журналының өзі мойындаған еді.

 

***
Қадірлі Нұрмахан аға көзі тірі­сінде сый-құрметтен кенде болған жоқ. Ақпарат саласындағы ұзақ жылғы адал еңбегі үшін «Мәде­ниет қайраткері», «Түркістан қа­­ласының Құрметті азаматы» атанды. «Парасат», «Құрмет» ор­ден­дерімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

Дегенмен, Қарағандының қалың көшелерінің біріне ардақты Нұрмахан Оразбековтің атын берсе болар еді ғой.

Сол көшенің көрнекті бір тұсына оның қола бюстін орнатса, қандай жарасымды болар еді!

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары бұл ұсынысты қолдайды деп сенгім келеді.

Сол сияқты Қазақстан Журналистер одағының Қарағанды облыстық филиалы журналистердің арасында Нұрмахан Оразбеков ат­ындағы арнайы сыйлық тағайындап, жыл сайын баспасөз күні қарсаңында конкурстық жолмен лайықты үміткерге табыстап тұрса деген тілек бар.

Қадірлі Нұрмахан аға мұндай құрметке әбден лайықты азамат емес пе?!

Ол өмірден өтсе де, көңілден көшкен жоқ.

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button