Бас тақырыпМедицина

Қор – одан көмек зор

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева жұмыс сапарымен кенді өлкеге келді. Қор басшысы қайырымдылық жобалар шеңберінде қолдау алған нысандарға ат басын бұрып, жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың, жергілікті атқарушы органдар мен жұртшылық өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында Ләззат Шыңғысбаева қордың қайырымдылық бастамалары мен Қарағанды облысында іске асырылған жобалар туралы айтты.
Былтырдан бері Қарағанды облысында 2,1 млрд. теңгеге көмек көрсетіліп, жобалар іске асырылған. Ауыр науқастарға қымбат дәрі-дәрмектер, медициналық жабдықтар сатып алынды, тірек және арнайы мектептер жабдықталды, инновациялық протездер және т.б. берілді. Сонымен қоса, 7 млрд. теңгеден астам сомаға қайырымдылық бағдарламаларын іске асыру жоспарда.

«Қайырымнан жан семіреді»

Қор төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева алдымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған №3 арнайы мектеп-интернатына барды. Мұнда 116 бала тәрбиеленуде. Қайырымдылық бағдарламасының арқасында 6 кабинет пен акт залының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бұдан бөлек, қор облыстың барлық 10 арнайы мектебіне қолдау көрсетеді.

Сондай-ақ, облыстық клиникалық ауруханаға (жаңа туған нәрестелерге офтальмологиялық скрининг жүргізуге арналған жабдықпен жарақтандырылған), облыстық балалар клиникалық ауруханасы базасындағы Ерте араласу орталығына барды. Бұл балалардың мүгедектігін анықтаумен және алдын алумен айналысады. Жыл сайын орталық 600 бала мен отбасына қызмет көрсетуді көздейді. Оңалту жабдықтарының 15-і сатып алынған. Балалармен реабилитолог-дәрігерлерден, неврологтардан, ЕДШ нұсқаушыларынан, кәсіби терапевттерден, логопедтерден және дефектологтардан тұратын мамандардың көпсалалы тобы жұмыс істейді.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ел азаматтарының денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт саласындағы негізгі мәселелерді шешуге бағытталған жалпы сомасы 146,5 млрд. теңге сомаға 40-тан астам қайырымдылық бағдарлама мен жобаны қаржыландырады. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар кезінде Қазақстан Республикасының зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсетеді. Қор бағдарламалары елдің барлық өңірлерінде іске асырылуда, әсіресе, ауылдық елді мекендерге, моно және шағын қалаларды дамытуға баса көңіл бөлінді.

Қарағанды облысында жалпы сомасы 9,1 млрд. теңге болатын 16 қайырымдылық жобасы мен бағдарлама іске асырылуда (2,1 млрд. теңгеге жүзеге асырылды, 7 млрд. теңгеге жоспарланған).

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Қазақстан халқына» қоры құрылды. Бұл – қазақстандықтардың тыныс-тіршілігіндегі, негізгі салалардағы нақты мәселелерді шешуге арналған қор. Екі бағыт бойынша қызмет етеді. Ол – атаулы көмек көрсету және даму бағдарламаларын іске асыру. Өз кезегінде жергілікті атқарушы орган осы бағыттар бойынша жұмыс жасап жатыр. Биыл жергілікті бюджеттен тегін медициналық қызмет көрсетуге 1 млрд. теңгеден аса қаражат бөлінді. Емделушілер тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды.

– «Қазақстан халқына» қоры есебінен өңірдегі ауыр, өмірге қауіп төндіретін және орфандық сырқатқа шалдыққан 26 пациентке 1,4 млрд. теңге көлеміндегі сомаға қымбат дәрілік препараттар сатып алынды. Азаматтарға берген көмегі үшін қорға алғыс білдіремін. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсету бойынша биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңгеден аса қаражат бөлу жоспарланған. Жергілікті билік 900 млн. теңге бөлсе, демеушілік қаражат 200 млн. теңгені құрайды. Бүгінде 7 мыңнан аса адам қамтылды, – деді облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.

Денсаулық сақтау саласының белесі

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева қордың қайырымдылық бастамалары мен Қарағанды облысында іске асырылған жобалар жөнінде айтты.

– Қарағанды облысында орфандық ауруларға шалдыққан 30 пациентке 1,3 млрд. теңгеге дәрі-дәрмектер сатып алынды. Бұл сирек кездесетін генетикалық аурулардың дәрі-дәрмектері әлем бойынша өте қымбат тұрады. Бүгінде 20 пациент шетелге ем алуға жіберілді. Бұл жеке азаматтардың өтініші бойынша жүзеге аспайды. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы пациенттерді республикалық бейіндік ауруханаларға жолдамамен жібереді. Ал егер Қазақстанда ота жасалмайтын ауру түрлері болса, республикалық ауруханалар ем көрсете алмайтын жағдайда ғана Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген түрде пациентке шетелде ота жасалуына қор қаражат бөледі, – деді Ләззат Шыңғысбаева.

Қан тамырлы патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсету – Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысымен басталған жоба екендігі айтылды. Бүгінде ел бойынша әлеуметтік осал топтардан шыққан 128 балаға медициналық көмек көрсетілсе, Қарағанды облысы бойынша 6 балаға дәрі-дәрмек терапиясы тағайындалған.

Сондай-ақ, аталған қор медициналық мекемелерді шала туған балаларға офтальмология­лық скрининг жасауға және рети­нопатиясын емдеуге арналған құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етуде. Елімізде 28 медициналық мекемеге офтальмологиялық жабдықтар әкелінген, оның ішінде Қарағанды облысында 75,9 млрд. теңгеге облыстық клиникалық ауруханасына, Теміртау қаласының көпсалалы ана мен бала орталығына, Балқаш қаласының орталық ауруханасына жалпы сомасы 75,9 млн. теңгеге диагностикалық линзалар, офтальмоскоптар және офтальмологиялық лазерлер сатып алынды. Озық үлгідегі құрал-жабдықтар Жапония мен АҚШ-тан әкелінген.

Қасаң қабық трансплантациясын қажет ететін көз органдары аурулары бар еліміздегі 45 пациентке қор есебінен ота жасалған.

Сонымен қоса, өңірлерде ерте араласу орталығын ашу жоспарлануда. Бұл орталық «Қазақстан халқына» қорының «Қамқорлық қоры» және «Samruk-Kazyna Trust» қорларымен бірлесіп іске асыратын «Ерте араласу орталықтарын жарақтандыру» қайырымдылық жобасы аясында құрылған. Жобаның бюджеті – 1,6 млрд. теңгені құрайды. Мұндай орталықтардың қызметі балалардың мүгедектігін ерте анықтап, алдын алуға бағытталған. Бүгінде 4 өңірде – Шымкент, Атырау, Талдықорған, Өскеменде ашылған. Жыл соңына дейін 13 ерте араласу орталығын ашу жоспарланған. Оның ішінде, Қарағанды қаласы да бар. Ал, онкологиялық қызметті дамыту жөніндегі жоба шеңберінде Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасына жалпы сомасы 3 млрд. теңгеге желілік үдеткіш пен компьютерлік томографты жеткізу, сондай-ақ, қолданыстағы желілік үдеткіштерді өзекті нұсқаға (жаңартуға) дейін жаңарту жоспарлануда.

Қор көмегімен өңірлерде нейрохирург мамандарды оқыту және медициналық технологиялар трансферті арқылы балаларға нейрохирургиялық қызмет көрсетуге мүмкіндік жасалуда.  Яғни, балаларға нейрохирургиялық ота өңірлерде жасалады. Ол үшін «Қазақстан халқына» қоры медициналық ұйымдарға қажетті құрал-жабдықтарды жеткізуде. Мәселен, Қарағанды облысында жалпы сомасы 77,16 млн. теңгеге облыстық балалар клиникалық ауруханасына жабдықтар жеткізу жоспарланған.
Шетелде гематолог дәрігерлерді, онкологтарды, генетиктер мен узи мамандарын оқыту және шетелдік мамандардың көмегімен шеберлік сыныптар ұйымдастыру жобалары жүзеге асырылуда. 3-14 шілде аралығында Қарағанды қаласының №1 емханасының узи маманы Санкт-Петербург қаласындағы Д.О.Отт атындағы Акушерлік, гинекология және репродуктология ғылыми-зерттеу институтында оқудан өтті.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік-тұрмыстық және қоршаған ортаға бейімдеу үшін жағдай жасалуда. Қоғамдық қор еліміздегі 99 адамға протез алып берген, оның ішінде Қарағанды облысының 6 тұрғынына қор есебінен жалпы сомасы 67,4 млн. теңгеге протез берілген.

– «Қазақстан халқына» қоры тірек-қимыл аппараты бұзылған 13 балаға экзоскелеттер (роботтық құралдар) алып берді. Мұның әрқайсысы 9 млн. теңге тұрады. Әр балаға алып беру мүмкін емес. Қазіргі кезде жергілікті әкімдікпен, министрлікпен бірлесіп, мұндай балалардың барлығы қамтылуы үшін еуропалық үлгідегі жоба жасалып жатыр. Мұнда экзоскелеттерді белгілі бір мерзімге жалға алып, әр баланың пайдалануы үшін және үйде қалай қолдану қажеттілігін білу үшін ата-аналарды оқыту жоспарланған. Қарағанды облысы бұл пилоттық жобада бар. Мәселе қаражатта емес. Ең алдымен, мұның методологиясы жазылуы керек. Егер бұл іс жүзеге асса, қамқоршылық кеңес мақұлдауға дайын, – деді Ләззат Шыңғысбаева.

Сондай-ақ, еліміздің 4 өңірінде қор есебінен аутизм және басқа да ментальды бұзылыстары бар балаларға арналған орталықтар ашылды. Алдағы уақытта Қарағанды облысында да іске қосылады.

Өңірдегі облыстық балалар клиникалық ауруханасында оңалту орталығын ашу міндеті тұр. Ашуға қор есебінен 241,2 млн. теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ, аудан орталығында оңалту орталығын ашу мақсатында инфрақұрылымды анықтау жұ­мыс­тары жүргізілуде.

Қор мақсаты – ауыл мектептерін дамыту

«Қазақстан халқына» қоры білім беру саласын дамытуға да үлес қосуда. Мәселен, ауыл оқушыларына өздері тұратын жерде сапалы білім алуына, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, білім беру ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік беретін «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы қолға алынды. Жоба аясында еліміздің 17 өңірінде Назарбаев зияткерлік мектептері оқыту әдістемесі бойынша ауылдық тірек мектептер жабдықталып, олардың әрқайсысын жарақтандыруға 250 млн. теңгеден бөлінді. Қарағанды облысында осы жоба шеңберінде Ақтоғай кентіндегі Күләш Бәйсейітова атындағы Тірек мектебінің (ресурстық орталығы) материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Екінші кезең бойынша жалпы сомасы 1,7 млрд. теңгеге Қарағанды облысында 7 тірек мектеп құру жоспарлануда.

Қарағанды облысында 10 арнайы мектеп-интернаты бар. Соның біреуі, яғни, №7 арнайы мектеп-интернаты былтыр 34,6 млн. теңгеге жабдықталды. Ал қалған 9 арнайы мектеп 295,5 млн. теңгеге жарақ­тандырылады.

Сонымен қоса, жалпы сомасы 43,2 млн. теңгеге 12 мектепте робототехника кабинеттері жарақтандырылды.

Ауыл мектептерінің, шағын қалалар мен моноқалалар мектептерінің оқушылары үшін қосымша білім берудің қолжетімді және сапалы ортасын құруға бағытталған «Болашақ инженерлер моноқалаларда» бағдарламасы шеңберінде өңірдегі 13 моноқала мен ауылдарда 157,5 млн. теңге қаражатқа 35 мектеп жабдықталады.

«Қазақстан халқына» қоры мемлекеттік білім грантына ие бола алмай қалған түлектерге қосымша грант бөледі. Былтыр­ғы оқу жылында аталған қоғамдық қор Қарағанды облысы бойынша 147 студентке білім грантын сыйлады. Ал биылғы оқу жылында қор ел бойынша талапкерлерге 850 білім грантын тағайындады. Оның 818-і грант иегері атанды. Биыл Қарағанды облысында 39 студент грант иеленді. Олардың әрқайсысы 40 мың теңге стипендия алады.

Сондай-ақ, еліміздегі 25 жоғары оқу орнының 20 мыңға жуық студентіне әлемдік «Coursera» білім беру платформасының бағдарламаларына қолжетімділік берілді және контенті қазақ тіліне аударылды.

Қоғамдық қор биыл балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге арналған «Жаздық жолдама» бағдарламасын жүзеге асыр­ды. 5-8 сынып арасындағы жақсы оқитын және мектептің қоғамдық өміріне белсене қатысатын ауыл балаларына жазғы лагерьлерде демалыс ұйымдастырды. Қарағанды облысынан 500 бала жазда Назарбаев Университетінің жатақханасында, «Салют» балалар сауықтыру орталығында және «Айналайын» балалар лагерінде демалды.

– Шалғай ауылдарда спорт нысандарын ашуға көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстар жергілікті әкімдікпен және серіктестерімізбен бірлесіп жасалады. Жөндеу жұмыстары сол тараптан болса, қажетті құрал-жабдықтар қор есебінен алынады. 13 өңірдегі ауылдық жерлерде 24 спорт залы ашылды. Оның екеуі Қарағанды облысына тиесілі (Изенді және Ақмешіт кенттері). Алдағы уақытта 76 зал ашуды жоспарлап отырмыз. Оның ішіне Ростовка, Жарлы, Бесоба, Жаңатоған ауылдарында енді ашылатын спорт нысандары да кіреді, – деді қор төрағасының орынбасары.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button