Қорғаныс министрлігі Әлидар Омаровтың арманын орындады

Қорғаныс министрлігі павлодарлық балдырғанның арманын орындады. Заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерін, әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігімен етене танысқысы келген алты жасар Әлидар ОМАРОВТЫҢ тілегін қабыл алды.

Естеріңізге сала кетсек, Instagram әлеуметтік желісінде генерал формасын киген баланың видеосы жарияланған еді. Балақай қару түрлерін, офицерлік атақтарды, сондай-ақ тапаншаның, Калашников автоматының бөліктерінің атауларын жаңылыспай айтып береді.

Қорғаныс министрлігі Әлидар үшін Астана қаласында мәдени-тынығу бағдарламасын ұйымдастырды. Экскурсия армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінен басталды. Балақайға оқу сыныптары, спорт залы, кітапхана көрсетілді.

Жасұландықтар кездесу туралы естеліктің құрметіне орай Әлидарға берет, погондар және Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Нұрмағамбетовтің «А в памяти нет тишины…» кітабын сыйға тартты.

Сондай-ақ, Әлидар Ұлттық әскери-патриоттық орталықта «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалыстың өрендерімен кездесті. Әскери-тарихи мұражайдың жәдігерлерімен танысты.

Соңында Әлидар Елорданың маңында орналасқан десанттық-шабуылдау әскерлерінің элиталық әскери бөліміне барды. Экскурсия барысында әскери қызметшілер әскери техника мен атыс қаруының үлгілерін, заманауи қазақстандық десантшының киімін көрсетті.

Әлидардың анасы Гүлмира Ғайбышева әскерилерге дән риза. Ол министрлік қызыққа толы экскурсия өткізеді деп еш ойламапты. Ал, Әлидар ер жеткенде Отан игілігіне қызмет етемін дейді.

Суреттерді түсірген
Думан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.