Жаңалықтар

Онлайн оқудың озығы мен тозығы

Жер-жаһанды жайлаған пандемия біздің елді де шарпып өтті. Оның әсері әлеуметтің әлеуетін әлсіретті, білім, ғылым және басқа да салалардың даму қарқынын бәсеңдетті. Осылайша, оқу үдерісі онлайнға ауыстырылды.

Оңтайлы қадам

Оқу процесін онлайнға көшіру – білім саласындағы оңтайлы қадам болғаны рас. Әлемдегі пандемия жарияланған 193 мемлекет білім беру жүйесін онлайн оқытуға ауыстырды. Бұл – тәжтажалдың тегеурінін тежеуде таптырмас тәсіл болды.

– Пандемияға дейін Орталық Азия елдерінің студенттері орташа есеппен еуропалық студенттерден 1,5 жылға кейіндеу еді. Функционалды сауаттылық бойынша оқу нәтижелері төмен көрсеткішке ие. Бұл – адамдарға қазіргі қоғам өміріне белсене араласуға мүмкіндік беретін дағды мен білім жиынтығы. Орталық Азиядағы білім алушылар пандемияға дейін де цифрлық дағдылар жағынан әлсіз, барлығының бірдей техникаға қолы жете бермейді. Қазақстанда оқушылардың 70%-да компьютер, интернет болса, Тәжікстандағы көрсеткіш – 1%-ды құрайды, – дейді дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы білім беру мәселелері жөніндегі жетекші маманы Айша Вауда.

Қашықтан оқу кезіндегі алғашқы проблемалардың бірі – онлайн оқуға дайын болмады, оқушылар мен мұғалімдердің компьютерлік сауат деңгейі де төмен болды. Оны меңгеру – уақытты талап етті. Десе де, еліміз індет кезінде білім беру жүйесін тез арада қолға алып, батыл қадамға бара білді. Бұл тұрғыда Айша Вауда:

– Қазақстанның қашықтан оқыту процесін тез ұйымдастырғаны өз алдына жетістік саналады. Бұл қиын міндет, бірақ үкімет бұл мәселені өз мойнына алды. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігіне кері шегінбегені үшін алғыс айтқым келеді, – деді.

Ал облысымызда онлайн оқу жүйесі қалай жүзеге асты? Облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова эпидемиологиялық жағдайға байланысты өткен оқу жылында оқытуды ұйымдастыру қиындық тудырғанын айтады.

– Қашықтан басқару форматы білім сапасына теріс әсер етті. 2021-2022 оқу жылының негізгі міндеттерінің бірі – өткен оқу жылындағы білім алушылардың білімін толықтыру және жаңа оқу жылының бағдарламасын меңгеру болып табылады. Ол үшін білім алушылардың білімін жаңғырту бойынша кешенді жоспар әзірленді. Оқушылардың үлгерімінің төмендігіне әсер ететін факторлар мен себептерді анықтау бойынша талдау жүргізілді, – деді басқарма басшысы.

Қашықтан алған білімнің сапасы сын көтере ме?

Онлайн оқуды өз ыңғайына оңтайландырған оқушылар да аз емес. Шыны керек, онлайн оқу кезінде «жаттау айтамын» деп экранға түспейтін жерде тұрған өлеңді «оқып» беретіндердің болғаны рас. Оқушылардың бұл қылығын көрген мұғалімдер де әккіленді. Жаттау айтатын кезде оларға «көздеріңді жұмып айтыңдар» дейтін көрінеді. Ондай жағдай студенттерге де таныс. ZOOM-да сабақ айтқан кезде «қол қусырып отырғандай экранға қолыңды көрсетіп отыр» деп талап қоятын оқытушылар да кездесті. Әйтпесе, сабақ айтқанда оқытушы қойған сұрақтың жауабын дер кезінде білмеген студент «Гуглдың» есігіне бір кіріп шығуы да ғажап емес еді.

Жауапкершіліктің жоқтығы әр баланы жарға жығып кетпесе игі. Ондай кезде мұғалім қайтпек? Оқу сапасының төмендеуі мұғалімнің ғана емес, оқушының да, студенттің де жауапкершілігіне байланысты екенін ескеруіміз керек.

Қашықтан оқу кезінде берілген білімге байланысты айтылып жатқан сын-ескертпелердің болғанына қарамастан, еліміз қолдан келгенше сынақта сынбауға тырысты.

Биылғы оқу жылы оқушылар мен студенттер үшін табысты жыл болмақ. Себебі, жаңа оқу жылы дәстүрлі оқыту жүйесімен басталады. Кеткен кемшіліктердің кетігін көктеп, көштен қалып қоймаудың дұрыс шешімі – осы.

Онлайн оқудан не таптық, не жоғалттық?

«Онлайн оқу кезінде біз не жоғалттық? Оқу процесін онлайн режимге ауыстыру елімізде білім сапасына қаншалықты әсер етті?» деген сауалдар көпшіліктің көкейінде жүргені жасырын емес. Онлайн оқуға ауысқаннан оқушылардың сабақ оқуы оңай болып кеткендей көрінетін шығар. Дегенмен, оның өз қиындықтары да болды. Таңнан қара кешке дейін бір орында отырып, смартфонға үңілу, телефонға еріксіз телміру – мектепке барып-келіп оқитын оқушыларды бастапқыда айтарлықтай тосырқатып тастағаны жасырын емес. Пандемия кезінде оқушылар ғана емес, студенттер мен магистранттар да қашықтан оқыды. Оқытушылар қашықтан оқыту кезінде «көк экранға сыйып кеткен» аудиториямен жұмыс жасау бастапқыда оңайға соқпағанын айтады. Сондай-ақ, білім алушылармен кері байланыстың сапасы жақсы болуы үшін платформадағы контентпен қызықтыруы керек болды. Онлайн режимде әр мұғалім өзінің педагогикалық шеберлігін арттырып, жаңа цифрлық ресурстармен көмкерілген презентация дайындап, оны білім алушыларға жеткізу қызметін жетілдірді. Осылайша, пандемия кезіндегі онлайн оқу ұстаздардың да, оқушылар мен студенттердің де цифрлық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік берді.

Күрделі кезеңде бастауыш сынып оқушылары мектепте оқыды. Карантин шаралары жеңілдетілгеннен кейін кейбір мектептерде сабақ оқушылардың жартысына онлайн, ал қалғанына офлайн өтті. Мұғалімдер бір бағытта, бір уақытта онлайн да, офлайн да білім берді.

– Екі тарапты да қамтып оқытудың өз қиындығы бар. Дегенмен, қандай да нәрсені жеңіп шығуға болады. Егер мұғалім шебер болса, интерактивті тақта, мектептегі wi-fi желісі, сенімді компьютер бір уақытта сабақ түсіндіруге қызмет етіп тұрса, мұғалімнің сабағының дұрыс өтуіне әсері көп, – дейді жас мұғалім Т.Маруақызы.

Онлайн оқуды бұрын-соңды басынан өткеріп көрмеген оқушылар оқу ордасына бара алмады. Үйден оқыған оқушылар сол кезде мұғалімдердің қадірін тереңірек түсінген де болар. Қашықтан білім алудың дәстүрлі оқуға жетпейтінін, білімді ешбір техниканың алмастыра алмайтындығын мұғалімдер де түсінді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button