Қонақтарға павильондар табысталады

«ЭКСПО-2017» ұйымдастырушы кеңсесінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімовтің Бразилия ұлттық секторының комиссары Золтир Чиапеттимен және Бразилия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Деметро Буэно Карвальомен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Ахметжан Есімов бразилиялық тарапты Көрмені дайындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы хабардар етті. «Дүйсенбі, 31 қазанда біз алғаш халықаралық павильондарды, сонымен қатар, пәтерлерді «ЭКСПО-ға» қатысушы мемлекеттерге табыстауды бастаймыз», – деп атап көрсетті ұлттық компания Басқармасының Төрағасы.

Өз кезегінде Золтир Чиапетти жаңартылатын энергия көздері бойынша өз әзірлемелерін Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» көрмесінде көрсету мүмкіндігі үшін алғыс білдірді. «Біз үшін бұл өте маңызды оқиға, өйткені, Бразилияда жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 73,5% шамасын құрайды. Бұл біздің болашақ энергиясы бойынша әзірлемелерімізді көрсету мүмкіндігі. Елде гидроэнергетика, жел, күн және басқа энергиялар өте дамыған. Біз осы Көрмеде сіздердің үміттеріңізді ақтауға тырысамыз», – деп мәлімдеді Бразилия ұлттық секциясының комиссары.

Кешегі күнге дейін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуды ресми түрде 105 ел растады, 101 ел өздерінің ұлттық комиссарларын тағайындады. Қазіргі мезетте компания экспозициялардың жобаларын қабылдауға кірісті.

Сондай-ақ, «Астана ЭКСПО-2017» ұйымдастырушы кеңсесіне Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер бойынша орынбасары Томас Альфред Шеннон басқарған АҚШ делегациясы келді. Алдымен, америкалық дипломаттар ЭКСПО павильондарын аралап шықты, кейіннен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімовпен кездесті.

«Мен кеше кешкісін Астанаға келген болатынмын. Бұл менің алғашқы ресми кездесуім, демек бұл біздің ниетімізді көрсеткен нақты жолдау деп ойлаймын. Біз «ЭКСПО-2017» қатысатын боламыз. Жаңа ғана АҚШ орналасатын павильонды көрдім. Тамаша ғимарат, таңғажайып павильон», – деді Томас Альфред Шеннон.

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысының орынбасары атап өткендей, «ЭКСПО» – Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың маңызды элементі ретінде қарастырылуда. Қазақстан үшін бұл жаһандық, оның ішінде, энергетика облысындағы ойыншы ретінде көрсететін үлкен мүмкіндік.

Өз кезегінде, Ахметжан Есімов АҚШ Көрмеге қатысуының маңыздылығын атап өтті. «Биылдың өзінде мен 2 мәрте АҚШ-та болдым. Баламалы энергия көздерін пайдалану бойынша қаншалықты қарқынды жұмыс атқарылып жатқандығын білемін. Бұл жаңа технология мен заманауи ғылыми жасампаздарды дамыту бойынша алдыңғы қатарлы мемлекет», – деді ұлттық компания Басқарма төрағасы.

Кездесу соңында АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу бойынша процедуралық мәселелерді мейлінше жылдам шешуге тырысатындығын айтты.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.