Жаңалықтар

Қолыңнан келсе, қайыр қыл!

Биылғы «Мектепке жол» акциясы – «Бақытты балалық шақ мекені» атауымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Өткен жылғы акция барысында 29 мың балаға 280 млн. 855 900 теңге бөлінген болатын.

«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы – әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы оқушыларға материалдық қолдау көрсетуді мақсат етеді. Осы орайда үшінші тамызда облыстық білім басқармасында басталып, кәсіпкерлер мен мектеп белсенділерінің қатысуымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылды, Қарағанды қаласының 17 оқушысы спорттық киімдер мен мектепке қажетті құралдар салынған сөмкелерді сыйға алды. Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, түрлі себептерге байланысты қиын жағдайда қалған оқушылардың өзін өзгелерден кем сезінбей, қатарластарымен бірге мектепке жақсы көңіл-күймен баруы үшін жасалған қайырымдылық шарасының ауқымы кең. Бұл ретте, кейбір ата-аналар мүмкіндігі болмаса да, мемлекеттік ұйымдарға көмек сұрап келуге қымсынатыны белгілі. Осы себептерге орай білім басқармасында «жедел телефон желісі» (8 7212) 12281 және 412288) іске қосылған. Бұл нөмірлерге ата-аналардың өздері не болмаса жағдайы жоқ отбасылардың көршілері, жақын-жуықтары да хабарласып, олардың жай-күйі жайлы хабарлайды. Хабардар болған күннен бастап, ақпарат демеуші ұйымдарға таратылып, баланың жаңа оқу жылына дайындығына материалдық көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ, қайырымдылық акциясы барысында «Жұмыспен қамту», «Түнгі қаладағы балалар» рейдтерін өткізу жоспарланған. Аз қамтылған отбасыларға киім-кешек жинау, мектеп құрал-жабдықтарын қабылдау пункттерін ашу, мектеп тауарларын төмендетілген бағамен сату үшін кәсіпкерлердің қатысуымен мектеп жәрмеңкелерін өткізу қолға алынған.

Аружан ЖЕҢІС, Қарағанды облыстық тірек-қимыл аппараты зақымдалған балаларға арналған мектеп-интернатының 4 сынып оқушысы:

Маған апайларым сабақты үйге келіп оқытады. Сүйікті пәнім – ағылшын тілі. Сыйлық алғаныма қуаныштымын. Енді осы сөмкелерге кітап, дәптерлерімді салып, сабағымды жақсы оқитын боламын.

Жалпы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында қала мектептері жағдайы төмен отбасындағы оқушыларға жаңа оқу жылына жақсы дайындықпен баруы үшін үнемі қолдау көрсетіп келеді. Жыл сайын мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдар және жеке кәсіпкерлердің қаржыландыруымен оқушыларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар беріледі. Биыл акцияға Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалалары және Абай, Жаңаарқа, Нұра аудандары белсенді қатысуда. Аталған аймақтардың мектеп әкімшіліктері, аудандық-қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен педагогтері ата-аналар, кәсіпкерлер арасынан демеушілерді акцияға тартып, жәрдем беруде.

Сондай-ақ, қайырымдылық акциясына белсенді қатысушы «НұрОтан» партиясының облыстық филиалы бірнеше жыл қатарынан отбасыларға, жекелеген оқушыларға қолдауын ерекше атап өткен жөн. Партия өкілдері аз қамтамасыз етілген және ата-ана қарауынсыз қалған, қорғаншы, қамқоршы және патронатты тәрбиедегі балаларға арнап түрлі акциялар ұйымдастыруда. Өткен жылы олар ұйымдастырған акцияның бірі – есепшоттарға қаражат жинау арқылы оқушылардың өз білімін жоғары оқу орындарында жалғастыруы мақсатында өткізіліп, «Болашаққа салым саламыз!» деп айдар таққан болатын.

Жалпы, «Мектепке жол» республикалық акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға әрбір қала тұрғыны өз жәрдемін ұсына алады.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button