Спорт

Олимптің шыңын армандап…

Жақында Шри-Ланканың Коломбо қаласында 22 жасқа дейінгі ерлер арасында бокстан Азия чемпионаты өтеді. Ал, осы AIBA ұйымдастыратын турнирге қарағандылық боксшы Ермек Ерасыл жолдама иеленген еді. Алайда, жерлесіміз тізе жарақатына байланысты аталған чемпионатқа бармайтын болды. Бірақ, облыс атынан бұл чемпионатта Ә.Молдағұлова атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интерна­тының спортшысы Жасүрбек Анар­баев бақ сынайды.

Сурет спортшының жеке мұрағатынан

Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана Атырау облысында Кеңес Одағының бес дүркін жеңімпазы, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» Болат Теміровті еске алуға арналған бокстан ерлер арасында ІІ Халықаралық турнир өткен болатын. Оған облыс атынан тоғыз боксшы қатысып, бір алтын, бір күміс және үш қола жүлде еншілеген. Солардың қатарында Ерасыл Ермек 63,5 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, Азия чемпионатына жолдама жеңіп алған-ды. Ал, 57 келідегі Жасүрбек Анарбаев ІІ орыннан көрінген. Бірақ, бұл чемпионатқа Ерасыл жарақатына байланысты бармайды. Оның орнына Жасүрбек Анарбаев өз салмағында жұдырықтасып, облыс атынан сынға түседі.

– 21 жасқа дейінгі ерлер арасындағы Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев Ерасылдың тізе жарақатына байланысты Азия чемпионатына апаруға болмайтынын айтты. Ер­асылдың салмағына маңғыстаулық үшінші нөмірлі боксшыны апарады. Қазір Ерасыл ем қабылдап жатыр. Келесі айда Шучинск қаласында өтетін 18 күндік оқу-жаттығу жиынына қатысып, Албания немесе Чехия елінде өтетін чемпионатқа дайындаламыз. Ол чемпионаттан кейін жаз айында World Boxing ұйымдастыратын Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын Азия чемпионатына барамыз. Онда рейтингтік ұпай беріледі. Біз енді Олимпиада жолдамасы үшін күресеміз. Әрі Ерасыл бұдан былай 65 келіде шаршы алаңға шығады. Яғни, Олимпиада салмағына ауысты, – дейді жеке жаттықтырушысы Амангелді Маканалин.

Ерасыл Ерденұлы жазда Азия чемпионатына, одан кейін Әлем кубогында бақ сынайды. Яғни, 2027 жылға дейін аталған турнирлерден қажетті рейтингтік ұпай жинауы қажет.

– Бұған дейін тізе жарақатым бар еді. Жаттығуда қайтадан аяғымды ауыртып алдым. Қазір денсаулығымды күтіп, ем-дом қабылдап жатырмын. Әрі жаттықтырушыларымның берген нұсқаулығымен дайындалудамын. Олимпиадаға жолдама алу – әр спортшының үлкен арманы. Қазір өзім Олимпиада жолдамасы үшін салмағымды ауыстырдым. Дайындықты да күшейту қажет. Ендігі меже – Олимпиада жолдамасы. Жолдама үшін бар күшімді саламын, – дейді чемпион.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button