Бас тақырып

Ой салған «Отырған қыз»

Отырған қыз жайлы тақырыпты пайымдау оңайға соқпады. Өйткені, зейнеткер кейіпкерлеріміздің тағдыры күлдіре отырып, жылатты. Ойландырды. Егде тартқан жастары мен кірбің тартқан көңіл күйіне қарамастан, уақыт ағымынан жақсылық іздеген төрт құрбының басынан кешкен тылсым оқиғалардан түрлі жанрды бағамдағандай болдық. С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында тұсаукесері өткен башқұрт драматургі Флорид БУЛЯКОВТЫҢ «Отырған қыз…» драмалық комедиясының сырына үңіле отырып, оны сахналаған режиссер Бекмұхамед КИЕКБАЕВТЫҢ көрегендігіне риза болдық. Суретшісі – Жәлел САДЫРБЕКОВ.

Бұған дейін көбіне азаматтық және махаббат тақырыбындағы классиканы тамашалап, етіміз үйреніп кеткен секілді. Бұл қойылымның бір ерекшелігі – мұнда көп кейіпкер жоқ. Оның үстіне, жылдам басталды, тез аяқталды. Өмірдің өзін көз алдымызға әкелді.

Төрт құрбыны театрдың белді әртістері – Гүлнар Базарбаева, Асылзада Ахметқалиева, Гүлсара Рашқалиева, Қарлығаш Жарылғапова сомдаса, олардың қиялындағы ақбоз атты ханзаданы Батырхан Бақыжанов ойнады. Біздің барғанымыз – екінші күнгі қойылым. Алғашқысында басқа әртістер ойнапты. Көрермен түсінбей қалып жүрмесе екен.

Қойылымға асыққан егде жастағы аға-апаларымыздың жүзіндегі күлкіні һәм ойды көріп, театр өнерінің бар екендігіне қуандық. Өйткені, қазір бәрі техникаланған. Мұнда бәрі жанды. Көрермендер арасында күліп те алды, көздері жасаурап та отырды. Араларында жалғыз тұратын, кейіпкерлердің тағдыр- ластары да бар екен. Олар өз әсерін жасырмады.

– Менің күйеуім ерте қайтқан. Балаларым бөлек тұрады. Арасында оларға барамын немесе өздері келеді. Алайда, олар жалғыздықтың не екенін түсінбейді ғой. Қазір ата-анасын қариялар үйіне апарып тастап жатқандар көп. Менің өз үйім бар, тәуба. Осындай қойылымдар жайлы естісем, қалмай келемін. Мұнда өзімді көремін. Өзіңе сырттан қараған бөлек қой. Өмір қиялдағыдан басқа. Сондықтан, көнбеске амал жоқ. Қоғамда осындай жалғызбасты қариялардың, қамқорлыққа мұқтаж үлкендердің, отырған қыздардың жағдайы көбірек ескерілсе екен. Қойылымды дайындаған мамандарға мың алғыс, бір жеңілдеп қалдым, – дейді қала тұрғыны Гүлмира апай.

Қарттар үйіндегі бір бөлме. Егде тартқан төрт құрбы. Сырласады, мұңдасады. Ақбоз атты ханзаданы армандайды. Өткен өмірлерін еске алады. Бір күні ғайыптан тайып, сол күткен азаматы келеді. Келеді де төртеуімен тілдеседі, билейді, ойнап-күледі. Арасында оларға сөз салып, өзімен алып кететінін айтады. Сол күні зейнетақы түседі де, поштаға барғысы келеді, құрбылар. Ханзаданы да, түкке тұрмайтын зейнетақыны да қимайды. Біріне – тән, біріне – жан керегі. Осылайша, өмірдің қаталдығы, ешкімге аяушылық танытпайтындығы көз алдыңызда анық көрінеді. Олардың жағдайын сұрайтын, іздейтін ешкім жоқ. Ендігі ермегі сол – ақбоз атты ханзада.

Бірақ, олардың арасында жігітке талас басталады. Әлгі ханзадамыз оларға түрлі талап қойып, тіпті олардың белінің және басқа да жерлерінің өлшемін алады. Мұң мен күлкі аралас сәттер өтіп жатады. Төрт құрбы ханзадаға қол жеткізу үшін түрлі айла-тәсілге барады. Қызғаныш пен көреалмаушылықты көрсетеді.

– Пандемияға байланысты аға буын актерлері екі жылға жуық үйде отырды, біршама уақыт театрға келе алмады. Сондықтан, сүйікті актрисаларымды сахнадан көргім келді. Көрермен үшін роль ойнау қиын болып көрінуі мүмкін. Ал, әртіс үшін бұл – өмірдің ләззаты. Қателесуім мүмкін, бірақ мен трагикомедияны қойдым. Бұл түрлі елдердің және еліміздің театрларында сомдалды. Көбін ғаламтордан сүзіп шықтым және өзім басқаша алып шығуға күш салдым. Театр рахаттанып күлу немесе жылап кететін жер емес. Әр жұмысымда аз болса да ой салғым келеді. Бұл әйгілі туындыдан мен әр кейіпкердің тереңде жатқан жан толғанысын көрдім. Уақыт сырғуда, кәрілік қалай келеді? Қасыңызда кім болады? Қариялар үйіне түсіп қалмайсыз ба? Өлген соң өзің ойлағандай жерлей ме, сені? Мен Жаңа жыл қарсаңында ел көзінен жас шыққанша күлетін комедия қоя алар едім. Бірақ, оны кез келген автор істейді. Шын өмірді көрсетуге тырыстым. Қалғаны – көрермен еншісінде, – дейді Бекмұхамет Киекбаев.

Әртістер барын салды. Білігі мен тәжірибесін көрсетті. Мығым дайындалғаны байқалады. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» демекші, үлкендерді құрметтеп, ардақтауды тағы бір рет еске салды. Бұл – бұған дейін де, алдағы уақытта да өзектілігін жоймайтын өзекті мәселе. Классиканың аты – классика.

Қоюшы-суретші Жәлел Садырбековтің де еңбегін ерекше атап өткен жөн. Қатты қиналмай-ақ, тартымды драма сюжеті жұтылып кететіндей етіп әрлепті сахнаны. Костюмдері мен әртістердің би қимылдары да сәтті шықты. Кейбір өзіміз түсінбей қалған тұстарын қойылымнан кейінгі талқылауда жете аңғарғандай болдық. Бастысы – көрерменге ой салды.

Қойылым соңында, ақбоз атты ханзада көзден ғайып болды да, төрт кейіпкер сопайып, қариялар үйінің бір аядай бөлмесінде ұйықтап жатты. Бұл қиял емес, өмірдің ащы шындығы.

Қазыналы қарттықты аңсасаң, соған лайық мағыналы өмір сүруге тырысу керек. Әр күніңді бағалап, еңбек ету ләзім. Базарың тарқап, қарттық қасыңа таянғанда оны қаймықпай қарсы алуға, өткен өміріңе өкінбеуге дайын болу қажет.

Жә, бұл түсінікті. «Отырған қыз орнын табар» деуші еді ғой. Ал, отырған қыздардың орны табылмаса ше? Бұл жайлы ойлап көрдіңіз бе?..

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button