Жаңалықтар

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымына!

    Арқа өңірінің кіндігі кенді өлке – Қарағанды облысының байырғы басылымдарының бірі – «Орталық Қазақстанның» 85 жылдық мерейлі мерекесімен Сіздерді шын жүректен құттықтаймын!

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңына дөп келген айтулы оқиғалардың да өзіндік символикалық мәні бары анық. Көк байрағы желбіреген туған еліміздің екі ғасырлық тарихи жылнамасын жарқырата көрсетіп, қалың жұртына жеткізудегі ұшан-теңіз қажырлы еңбектеріңізге әрдайым басымызды иеміз. Өткен ғасырдағы газет беттерінде айшықты іздері қалған қазақ журналистикасының майталман шеберлері – Т.Нұртазин, Б.Тәкіманов, Ә.Бөлдекбаев, Р.Сағынбеков, Н.Оразбеков, Р.Сүлейменов тәрізді ағаларымыз басшы болып, қаншама жас қаламгерлерді тәрбиелеп шығарды. Сонымен қатар, газетте әр жылдары еңбек еткен ақын-жазушыларымыз Ә.Әбішев, С.Ерубаев, Ғ.Игенсартов, М.Байсейітов, Ә.Әз­и­ев тағы басқаларының газеттің экономикалық саласынан өзге мәдениет пен өнер жағын да насихаттап, халықты рухани жағынан сусындату жолындағы еңбектері айрықша болды. Соның ішінде өңіріміздегі мәдениет саласында атқарылған қаншама ауқымды іс-шаралардың бәрі де басылым беттерінен лайықты орындарын алып отырды.

Кейінгі жылдардың жемісі, қазақ киноөндірісінің өнімдерін насихаттау бағытына басымдық танытып отырған «Сарыжайлау» кинотеатрының көптеген іс-шараларын жұртшылыққа жеткізудегі көмек-қолдауларыңыз үшін де айтар алғысым шексіз. Ал, бүгінгі мерейтойға арналған газет нөмірі сапасы мен мазмұны терең қабысып, айрықша айшықты шыққандығын және осында еңбек ететін тамаша талантты, қаламы жүйрік бауырларымыздың алдыңғы ағаларының лайықты ізбасарлары болғандығын ерекше айтқым келеді.

Бүгінгі күні республикамыздағы алдыңғы қатарлы басылымдар легінен ойып орын алатын өзіндік мазмұн мақсатымен, айтар ойымен оқырмандар жүрегіне жол тапқан, облысымыздың айнасы – «Орталық Қазақстанның» мәртебесі бұдан да биіктей берсін. Тізгінінде отырған қарымды қаламгер бауырымыз Мағауия Сланбекұлы басқаратын ұйымшыл ұжымына ұшқыр қалам мен шығармашылық толайым табыстар ілеймін.

Ізгі ниет, құрметпен

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Р.Омарбекова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button