Оқырманға арнау

Бүгінгі таңда әлемдегі бар халықтың тең жартысы – әлеуметтік желілердің қолданушысы. Осы орайда, Дәстүрлі медианың (телеарна, радио, газет) тұтынушысы қартайып бара жатқанын талайлар айтып та, жазып та жүр. Әрине, газеттің оқырманы он-он бес жыл бұрынғымен салыстырғанда біршама азайды. Алайда, замананың даму үрдісіне қарап отырсақ, ақпарат таратудың қандай түрі пайда болса да, баспасөздің қоғамдағы орнын алмастыра алмайды. Өйткені, сапалы ақпарат – ұлттың сапасына да бірден-бір әсер ететін негізгі фактор. Ал, сапалы ақпараттың қайнар көзі, ол – дәстүрлі медиа.

Бір қуаныштысы, қазір қазақ тіліндегі ақпаратты тұтынатын аудитория күн санап артып келе жатыр. Саны ғана емес, сапасы да анағұрлым жоғарылаған. Қоғамдағы ең маңызды оқиғалар қазір ең алдымен ұлт тілінде ойлайтын оқырманның ортасында қызу талқыланады. Билік те қандай да бір шешім қабылдар алдында осы белсенді қауымның үніне құлақ түреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру барысында да бұл мәселе айрықша назарға алынып отырғанын көріп отырмыз.

Тағы бір үлкен құбылыс – диджитал ұрпақ өсіп келеді. Көзқарасы түбегейлі өзгерген, еркін ойлы, прагматик буын. Олар жан-жақты дамуға, жедел өзгерістерге бастайтын, білім мен технологияға жол ашатын, ғылымға, сенімді дереккөзіне негізделген ақпаратқа құмар.

 Ендеше, Абайдың «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген өсиетін еске түсіріп, «оқырман өзгерді, баспасөз, сен де өзгер» деген қағиданы ұстанатын уақыт келіп жетті. Сондықтан да, ұлттық баспасөз жаңа аудиторияға халықтың талғамын өсіретін сенімді деректерді, сапалы ақпаратты, салмақты сараптаманы, зерделі зерттеуді ұсынуды нысанаға алуы тиіс. Бұл – «Ortalyq Qazaqstan» газетінің алдағы жылдарға қойып отырған негізгі межесі.

Биыл – айтулы оқиғалар жылы. Елдігіміздің алтын арқауы – Ата Заңымыздың 25 жылдығын атап өтеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына ширек ғасыр толады. Еріктілер жылы жарияланды. Ұлы ғұламаларымыз – Әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдығы, мемлекеттігіміздің айтулы кезеңі – Алтын Орданың 750 жылдығы қатар келіп отыр. Көрнекті мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовтың туғанына – 125 жыл. Сонымен қатар, облысымызда іргелі әлеуметтік-экономикалық жобалар жоспарланып отыр. Осынау оқиғаларды қалың оқырманына мәнді-мазмұнды жеткізу, халыққа тиімді, пайдалы ақпарат беру – «Ortalyq Qazaqstan» үшін үлкен міндет.

Атап айтатын тағы бір мәселе, жылды қорытындылар тұста халықпен кездесуімізде баспасөзге Арқа жұртының ықыласы ортаймағанын көріп, көңіліміз тоғайды. Әсіресе, алтын бесік – ауыл халқының құрметі ерекше екеніне көзіміз жетті. Соның ішінде, биылғы жазылым науқанында айрықша белсенділік көрсеткен Жаңаарқа, Осакаров, Абай, Шет, Қарқаралы, Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра аудандарының, Саран, Шахтинск, Приозерск қалаларының тұрғындарын айрықша атап өтуге болады.

 «Қай елдің баспасөзі күшті болса, сол елдің өзі де күшті» деп Алаш қайраткері Міржақып Дулатов айтпақшы, қазақы БАҚ белсенді әрі әлеуетті болса, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болатыны сөзсіз. Жаңа жыл құтты-берекелі болсын! Іске сәт, ағайын!

Қамбар АХМЕТ.